Қара, жасыл, жомарт жұма: жеңілдік жасалатыны рас па?
Дүкен аралап, шопиң жасауға құмар адамдар жеңілдікті іздеп жүріп табады. Әрі алдағы акциялардан да хабардар болып отырады. Әсіресе, жұма күнгі жеңілдіктің орны ерекше. Әлем бойынша «Қара жұма» деген атауға ие жеңілдіктер күнін білмейтіндер кемде-кем. Қазақстанда жұма күнін қара түспен байланыстырмас үшін «Жасыл жұма», «Жомарт жұма» сынды өзге атаулар ұсынып, ритейлер жеңілдігін жасады. Биылғы акция 26 қараша күніне тап келді. Ендеше, күллі әлемде өтетін акцияның жағымды тұстарын да, жағымсыз тұстарын да тізіп шыққанды жөн көрдік. Себебі 90 пайыз жеңілдік деп жарнамасы жер жарғанымен, шын мәнінде маркетиң қадамы ғана болып шығатын кез көп болады. Ондай қармаққа түсіп қалмаудың қандай жолдары бар? Осы және өзге сауалдарды талдап көрелік. Айтпақшы, жұма күнінен бөлек, Кибердүйсенбі, жаңа жылдық жеңілдіктер де назардан тыс қалмайды.
Қандай қулық жасалады?
• Ең кең таралған қулық түрі мынадай. Дүкендер алдымен тауарларының бағасын қымбаттатады. Әдетте, бірер ай бұрын дайындық басталады. Сөйтіп кейін акция басталатын кезде құдды 60-70 пайыз жеңілдік жасағандай өз бағасына сатады. Айталық, осыдан бір ай бұрын смартфон бағасы 250 мың теңге тұрды делік. Сөйтіп бір аптадан кейін оны аяқ-асты 490 мың теңге қылады. Ал енді нағыз «Жомарт жұма» болатын күні 50 пайыз жеңілдік жариялап, 245 мың теңгеге сатады. 490 мыңның үсті сызылып, жарты бағасы тұрғанын көргенде көпшіліктің ойы кетіп, бірі — қолма-қол ақшаға, бірі несие не бөліп төлеуге алады.
• Сатып алушылардың назарын өздеріне аударғысы келген кейбір ритейлерлер бағасын өзгертпей, жай ғана «осынша пайыз жеңілдік» деп көрсетіп қояды. Шынында баға сол баяғы қалпында тұр. Бірақ клиенттер жазылып тұрғанға сеніп, қуана-қуана зат алуы мүмкін. Болмаса, онсыз да жеңілдік жасалған, өтпей тұрған тауарларды шығарып қояды.
• Сапасыз тауарларын тықпалайды. Едәуір пайыз жеңілдік жасалғанынан секем алған дұрыс. Себебі көп жағдайда сапасы төмен тауарлар, соның ішінде тұрмыстық техника, дұрыс тігілмеген киім, дизайны онша емес жиһаздар осындай акция кезінде өтіп кетеді.
• Жанына аксессуарлар қосып береді. Адам баласына тегін берілетін заттың бәрі қуаныш сыйлайды. Айталық, кейін қолдану-қолданбауыңыз белгісіз сим-карта берсе де, сыйлық деп мәз болуыңыз мүмкін. Осылайша жанында қосымша сыйы бар екен деп аса қажет емес тауарды алып қоюыңыз мүмкін. Маркетологтар адам психологиясын өте жақсы біледі.
• Кейде жеңілдік шынында жасалады. Яғни алдыңғы қулықтарсыз, расында бағасын біршама арзандатуы мүмкін. Бірақ соның өзінде жеңілдік берілетін тауар саны шектеулі не белгілі бір тауарларға ғана болатын кездер болады.
Алданып қалмаудың қандай жолдары бар?
• Егер сіз AliExpress арқылы алатын болсаңыз, бағалардың қалай өзгергенін бақылап отыратын мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін AliExpress Tools бағдарламасын жазып алуыңыз керек. Сол жерде соңғы уақытта бағаның өскенін не түскенін көре аласыз.
• Сатып аларда эмоцияға берілмеңіз. Жеңілдіктерден бас айналып қалса, қажет емес әрі өтірік жеңілдік жасалған тауарды алып қоюыңыз мүмкін. Дұрысы, бағаларды салыстыру үшін бірнеше дүкеннің сайтын ақтарыңыз. Сөйтіп сараптап барып, біреуіне тоқталған жөн.
• Кей сайттарда іздеу жүйесінің кэшінде бағалардың өзгерісі сақталады. Ол үшін ұнаған тауарды не дүкенді тауып, сайт мекенжайы жазылған жердің сол жақ бұрышында тұрған үшбұрышты басыңыз. Сөйтіп қосымша ашылған менюден «бағалардың өзгерісі» дегенді таңдаңыз. Сөйтіп ол жерде бағалардың қалай өзгергені көрсетіледі. Дегенмен бұл әдіс бәріне бірдей жүрмейді.
• Жарты жыл не одан да көп уақыт бұрын шыққан тауарды аларда абай болыңыз. Себебі мерзімі ұзарған сайын тауар онсыз да арзандайды. Адамның көзін қыздыратын 90 пайыздық жеңілдікті осындай заттарға қоя салу сатушы үшін түк қиын емес.
• Көңіліңізден шығатын тауарды тапқаннан кейін суреті мен бағасынан бөлек, ол тауар туралы пікірлерді де шолып шыққан артық болмайды. Себебі оның астындағы сөздер шынайы. Айталық, жарнамасы жарып тұрған шаңсорғыш шын мәнінде өте шулы не суы төгілетін болып шығуы бек мүмкін. Әрине, бұл туралы сипаттамада жазылмайды. Сондықтан дұрысы — алған адамдардың ойын шолу. Әсіресе, қытай сайттарында сатылатын заттар суретте басқа, келгенде басқа болып шығады. Болмаса, үлкен шыршаның орнына ойыншығы келіп тұруы мүмкін. Ондай жағдай болмас үшін бірінші кезекте пікірлерді оқып шыққан абзал.
• Айтпақшы, «Жұмадағы жеңілдіктің» атасы — батыс. Сондықтан отандық ритейлерлерден бөлек, америкалық не еуропалық сайттарды қарап көріңіз. Ол жерде жеңілдік тіпті көбірек, таңдау да молырақ болуы мүмкін.
• Өзіңізге нақты не керегін біліңіз. Бәріне қызыға бермей, «осы жеңілдікті пайдаланып телефонымды жаңартамын» дегендей мақсат қойыңыз. Анықтап алсаңыз, таңдау да оңайырақ. Әрі аталған акция тек жұма күні емес, одан бірнеше күн бұрын басталады. Сол уақыт ішінде анализ жасап әбден үлгеруге болады.
Қандай тауар алған дұрыс?
• Жұма күнгі жеңілдіктер көбіне киім, аяқ-киім, аксессуарларға жасалады. Ал бұлар болса, маусымға бөлінеді. Мысалы, күздің соңында болатын акция күздік тауарларды сатып жіберуді мақсат тұтады. Яғни көпшілігінде алдағы маусымға арналған заттарды әжептәуір жеңілдікпен бере бермейді. Егер сіз сән қумайтын, өзіңізге жарасымды киім кигенді ұнататындардан болсаңыз, осы жеңілдіктерді пайдаланып, келеі күзге киім алып алсаңыз болады.
• Әдетте үлкен пайызбен жеңілдік жасалса, демек ол тауарлар төменгі және орташа баға тұратын заттар болып шығады. Яғни люкс сападағы, қымбат тауарларға 50 пайыздық жеңілдік жариялануы екіталай.
• Тұрмыстық тауар мен электроникада жеңілдік жақсы жасалады. Көп жағдайда 30 не одан да көп пайыз төмендейді. Әйтсе де, жоғарыда айтып өткен қулықтарды осы санаттағы тауарларға көп пайдаланатынын ескеріңіз.
• Ірі дүкендер кітап, кеңсе тауарларына 40-50 пайыздық жеңілдіктерді қуана-қуана жасайды. Сондықтан кітапкеміргіш болсаңыз не блокнот сынды заттарды көргенде алып қоя беретін болсаңыз, жұмадағы жеңілдікті жіберіп алмаңыз.