Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) AQQÝ коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында қосымша хабарланады.
AQQÝ коллекциялық монеталары туралы
Номиналы 5 000 және 500 теңгелік күмістен және номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиордан жасалған AQQÝ монеталары «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясын жалғастырады. Бұл серия монеталарының дизайны «сақтардың аң стилі» деп әсірелеп берілген жануардың натуралистік және трафареттік кескінінің үйлесуіне негізделген.
Көне түркілер ұғымында аққу ең ежелгі тотемдердің бірі, әулие ана және ұрпақ жалғастырушы пір – Ұмай болып саналған.
Номиналы 5 000 теңгелік және 500 теңгелік AQQÝ монеталарының сипаттамасы
Монеталар алтын жалату технологиясымен және гауһар тасын қондыру арқылы дайындалды. Монеталардың бет жағы мен сыртқы келбетіндегі бейнелері бірдей. Бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі мен монета дайындалған металл, оның сынамасы мен массасы туралы жазба бар. Айналдыра – QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деп жазылған.
Монеталардың екінші бетінде (реверсінде) диаметрі 2 мм гауһар орнатылған аққулардың натуралистік және трафареттік бейнесінен композиция, монетаның жоғары бөлігінде «AQQÝ» жазуы көрініс тапқан. Монетаны айналдыра декоративтік ресімдеу элементтері бар үлкен жиек жүргізілген.
Номиналы 200 және 100 теңгелік AQQÝ монеталарының сипаттамасы
Монета аверсінің орталық бөлігінде ұлттық ою-өрнектің қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металл, оның сынамасы мен массасы туралы жазба бейнеленген. Айналдыра – QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деп жазылған. Жоғары жағында соғылған жылын білдіретін «2021» деген жазу, төменгі бөлігінде номиналын білдіретін «500 TEŃGE» деген жазу орналасқан.
Монеталардың реверсінде аққулардың натуралистік және трафареттік бейнесінен композиция, монетаның жоғары бөлігінде AQQÝ жазуы басылған. Айналдыра декоративтік ресімдеу элементтері бар үлкен жиек жүргізілген.
Монеталар:
– 925/1000 сынамды күмістен, массасы 25 oz (777,5 грамм), диаметрі
100 мм, диаметрі 2 мм бір гауһар орнатылған, proof сапасымен, номиналы 5 000 теңгелік, таралымы 350 дана;
– 925/1000 сынамды күмістен, массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, диаметрі 1 мм бір гауһар орнатылған, proof сапасымен, номиналы 500 теңгелік, таралымы 4 000 дана;
– МН 25 мельхиор қоспасынан, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, рrооf-like дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, таралымы 10 000 дана;
– МН 25 мельхиор қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, brilliant uncirculated сапасымен, номиналы 100 теңгелік, таралымы 30 000 дана дайындалды.
Барлық монета нақты құны бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің кез келген түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкіндегі шоттарда аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.
Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.