Түркістанда бағаны өсіргендерге айыппұл салынды

Жарияланды
Шекті бөлшек сауда бағаларын негізсіз өсіргендері үшін

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан шекті бөлшек сауда бағаларын негізсіз өсірмеу үшін сауда бағалары бойынша заңнама талаптарын бұзуды жою жөнінде Түркістан қаласындағы сауда орындарына 45 нұсқама беріліп, қазіргі таңда 3 субъектілерге айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыстар жалғасуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу және баға белгілеуінің делдалдық схемаларын жою мақсатында, ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен облыс көлемінде 1098 меморандум түзілген.

Бүгінде Түркістан облысының тұрақтандыру қорында 6 мың тоннаға жуық тауар бар. Үкімет қаулысымен бекітілген негізгі 19 түрлі (ұн, күріш, макарон өнімдері, күнбағыс майы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құмшекер, ас тұзы) азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қорының қоймасында сақтаулы. Тек Түркістан қаласынының өзінде 13 әлеуметтік дүкен бар. Тамыз айынан бастап облыс орталығының бес сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылып әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағы бағадан төмен сатылып жатыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Биыл қойманы толықтыру үшін 130 тоннаға жуық азық-түлік тауарлары сатып алынды. Сондай-ақ қор арқылы қосымша мың тоннадан астам азық-түлік тауарларын сатып алуға мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде.

Келер жылдың қаңтар-қыркүйек айларына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ы арқылы тоннасы 90 мың теңгеден арзандатылған бидай босатылатын болады. Нәтижесінде бөлке нан бағасы 90 теңге, I сұрыпты бір келі ұнның бағасы 121 теңгені құрайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін Түркістан қаласында қосымша екі әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған. Қаладағы «Эко базар» аумағында 20-ға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 743,9 млн. теңге сомасына 2 мың тоннаға жуық тауар нарық бағасынан 15-20 %-ға төмен бағамен сатылымға шығарылды.

Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың 16-сы өзімізде өндіріледі. Тұтыну нормасына сәйкес, бұл өнімдермен облыс халқы артығымен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 3,1 есе, қырыққабатпен 4,2 есе және етпен етімен 1,5 есе, сүтпен 7 есе. Ал, құс етімен 26,2%, жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемі 41% құрайды. «Айналым схемасы» механизмі арқылы жылдық пайызы 0,01% – бен бірқатар ірі сауда орталықтарына 570 млн. теңге несие қаржы берілді. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі сауда үйі арқылы күнделікті 17 түрлі тауар белгіленген бағада тұрғындарға сатылып жатыр.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында базарларда рейдтік, мониторингтік жұмыстар жалғасады. Сауда үстемелерін 10%-нан жоғары көтеруге жол берілмейді.
 

Сондай-ақ оқыңыз