Халық Egov платформасында «БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегін түсірсін!» деп талап етіп петицияға қол қойып жатыр.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2022 жылға зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегін ұлғайтатынын хабарлады.
«Егер 20 жаста 1.7 млн теңге жинау керек болса, келесі жылдан бастап ол 3.1 млн теңге болады. 1.8 есеге ұлғайтатқан. Бұл миға сыймайды! 20 жасар студент бала 1.7 млн теңгені қалай жинайды? Бұдан бұрын тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін жинақталған ақшаны алуға мүмкіндік болған еді!
Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткіліктілік шегі енді: 21 жаста – 3.2 млн теңге, 22 жаста – 3.3 млн теңге, 30 жаста – 4.4 млн теңге, 40 жаста – 5.8 млн теңге, 50 жаста – 7.4 млн теңге болды!
Біз, осы петицияға қол қойған Қазақстан азаматтары БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегін ақылға қонымды шекке дейін төмендетуді талап етеміз! БАҚ пен блогерлерден осы мәселені барынша таратуға көмектесуіңізді сұраймын!» делінген петицияда.