Инвестиция

Magnum сауда желісін Өзбекстан нарығында не күтіп тұр?

Кіммен бәсекеге түсіп, қандай түйткілдерді шешуге тура келеді?

Қазақстандық ретейлер Magnum желтоқсан айында Ташкенттегі алғашқы екі дүкенін – гипермаркет пен супермаркет ашты. Magnum-ды жаңа нарықта не күтіп тұрғаны жайлы – «Курсив» материалында. 

Қараша айының соңында Integro сауда орталығының қасбетіне Magnum баннерлері іліне бастады. Қазақстанда мұндай баннерді іздеп таба алмайсың: қанық бояумен салынған баннерде бірден құнарлы өзбек жерін еске түсіретін көкөніс пен жеміс-жидек бейнеленген. Ритейлердің Өзбекстан астанасында алғаш ашылғалы тұрған дүкені үшін мәнді де мағыналы сурет.  Дүкен орналасатын орын да жайдан-жай таңдаламағандай. 5 мың шаршы метрлік Magnum гипермаркеті жергілікті тұрғындар барып сауда-саттық жасауға дағдыланған Шыланзар базарының жанында орналасқан.

Өзбекстанда ұйымдастырылмаған (базардағы)  сауда-саттық  үлесі түрлі есеп бойынша, 90-96%-ды  құрайды. Яғни адамдар сауданы негізінен базарда жасайды. Енді Magnum-ге осы дәстүрлі сауда-саттық тәсілімен бәсекеге түсуге тура келеді. 

 «Integro» сауда орталығының өзінде қазан айында ірі өзбек ретейлерлерінің бірі – Korzinka орналасқан еді. Бұл ретте қазақстандықтар жергілікті ойыншылардың орнын басты деуге болар. Алайда, Ташкенттің  өзге аудандарында жергілікті ғана емес, халықаралық FMCG компаниялардың да дүкендері көптеп ашылып, тамыр жайған. Сондықтан тұтынушы үшін Magnum олармен де бәсекеге түсуіне тура келеді.

Сырттан келген саудагерлер 

Өзбекстанға қызығушылық танытқан шетелдік бөлшек сауда компанияларының арасында халықаралық Carrefour желісі де бар.  Компания былтыр желтоқсан айында Ташкенттегі алғашқы супермаркетін ашты. Қазіргі кезде өзбек астанасында Carrefour-дың үш супермаркеті мен бір гипермаркеті жұмыс істеп тұр.

Carrefour иесі Majid Al Futtaim Өзбекстан нарығына шығу үшін $11 млн бөліп,  сауда желісін кеңейтуге жыл сайын $10 млн салуды жоспарлап отыр.

Былтыр тамыз айында Өзбекстан нарығына «тіркелген баға дүкені» форматында жұмыс істейтін ресейлік Fix Price желісі кірді. Қазір  Ташкентте оның 46 дискаунтер нүктесі жұмыс істейді. Компания өкілінің айтуынша, таңдалған бағытта бұл елде олармен бәсекеге түсер ешкім жоқ. 

2021 жылдың қараша айында  Uzbekistan сауда маркасымен жұмыс істейтін компания қызметкерлер іздей бастады. Schiever – әлемдегі ең ірі бөлшек сауда операторларының бірі – «Ашанның» серіктесі. Орталық Азия елдерінен Schiever Тәжікстанда бар. 2016 жылы компания бұл елде  «Ашан Сити» гипермаркетін ашқан.

Жергілікті ойыншылар

Өзбекстанның бөлшек сауда алаңында жергілікті ойыншылар да белсенді:   korzinka.uz, Makro, Havas  және Baraka Market бар. 

korzinka.uz ретейлерінің тарихы 1996 жылдан басталады. Компания классикалық супермаркет форматынан бөлек, көтерме сауда (Korzinka.uz Diskont),  және үй жанындағы дүкен (Smart)  сияқты дистрибуция тәсілдерін қолданады. Оның  сауда нүктелері Ташкент, Ферғана, Әндіжан, Жизақ және басқа да облыстарда бар.

9-полоса-1-копия.jpg

Былтыр ақпан айында Еуропа қайта құру және даму банкі korzinka.uz-дің  Anglesey Food LLC-дегі үлесін 40 миллион долларға үлесін сатып алды. Бұл ЕҚДБ-ның соңғы он жылда өзбек компаниясы капиталына алғаш салған инвестициясы.

«Біз нарықта жетекші орынға ие дәл осы ретейлерді  қолдағанды жөн көрдік. korzinka.uz басқарушы командасына деген сеніміміз мол және біз компанияның өсу әлеуетін байқап тұрмыз»,– деп түсіндірді ЕҚДБ өкілдері. –Біздің инвестициямыз жаңа нарыққа шығу тұрғысынан қызықты, сонымен қатар бұл шетелдік инвесторлар жағымды белгі».

korzinka.uz салынған ақша есебінен сауда нүктелері санын үш есе көбейтіп, 50-ден 140-қа дейін жеткізді. Сондай-ақ, қаражат корпоративтік басқаруды дамыту, экологиялық және әлеуметтік стандарттарды енгізуге жұмсалады.

Ал Makro 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді, Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Ферғана алқабында және басқа да бірқатар аймақтарда 110 сауда нүктесі орналасқан. Makro-ның басқарушы директоры Роман Сайфулин Financial Times-қа берген сұхбатында алдағы бес жылда тағы 800-1000 дүкен ашуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеген. «Курсив» Makro компаниясымен байланысқа шыққанымен, олар редакция сұрауына жауап берген жоқ.

Жергілікті нарықта Өзбекстан астанасында 161 дүкені бар Havas жергілікті дискаунтер желісі жұмыс істейді. Болашақта компания Ташкенттен тыс шығып, елдің барлық аймағында өз нүктелерін ашуды жоспарлап отыр.

Нарықтағы тағы бір ойыншы – Urban Retail компаниясына тиесілі Baraka Market желісі. Urban Retail-дің екі иесі бар. Компанияның 10%-ы –  Өзбекстан азаматына, ал 90%-ы – Кипрде тіркелген UZB Multiretail холдингіне тиесілі. «Курсив» ашық дереккөздерден uzb Multiretail-дың соңғы бенефициарлары туралы дерек таппады.

Алайда Urban Retail компаниясының бұрынғы бас директоры Валерий Разумов басылымға Baraka Market-тің иесі Өзбекстан мен Беларусь  азаматты болғанын айтады. Биыл көктемде Беларусь азаматы ортақ бизнестен шығып,  қазіргі кезде сауда желісін жергілікті меншік иесі басқарады.

Ташкентте Baraka Market-тің 39 дүкені жұмыс істейді, ал 2022 жылдың соңына қарай компания бүкіл республика бойынша 800 нүкте ашуды жоспарлап отыр.

Ұлттық ретейл ерекшеліктері

Ретейл саласындағы сарапшы, korzinka.uz-дің қаржы жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Андрей Застенский  Өзбекстан нарығында жергілікті де,  шетелдік ойыншылар да келгеніне қарамастан, FMCG-ретейлдегі бәсекелестік төмен деп тұжырымдайды. Оған саладағы кәсіби девелоперлер жетіспеушілігі мен қалалар бас жоспарының болмауы себеп. Қала жоспарының болмауы сауда-саттыққа ыңғайлы жерді таңдауға кедергі келтіреді. 

«Сауда желісін қарқынды дамытудың бірден бір жолы – форматқа келетін сауда объектілерін салатын жер учаскелерін іздеу және сатып алу. Бірақ бұл шешім ретейлердің айтарлықтай инвестиция салуын талап ететіндіктен, олардың даму қарқынын бәсеңдетуі мүмкін» деді Застенский.

korzinka.uz басшысы Зафар Хашимов (компания «Курсив» сауалын жауап бермей, өзге БАҚ-тарда жарияланған ақпаратты пайдалануды ұсынды) Financial Times-қа берген сұхбатында Өзбекстандағы бөлшек сауда нарығы жылына 6-8 миллиард долларға бағаланатынын, соның ішінде ұйымдастырылған сауда үлесі 7-10%-ды құрайтынын айтады. Хашимов алдағы бес жылда супермаркеттер саны үш есе артады деген болжам жасайды. ЕҚДБ есебі бойынша, қазіргі кезде Өзбекстандағы бөлшек бизнес үлесі әлі де 10%-дан төмен, нарықта ескі үлгідегі сауда нүктелері немесе дәстүрлі  базарлар басым. 

«Нарықта қазіргі заманғы ретейл форматының таралуының төмендігі мен елдің демографиялық жағдайы урбандалумен ұштасып, бұл сектор өсіміне қолайлы жағдай туындатып отыр» делінген ЕҚДБ есебінде. 

Промоактивтілік пен тауарлардың кең ассортименті сатып алушыларды біртіндеп базардан супермаркетке апарады, дейді Застенский. Украиналық IDNT компаниясының негізін қалаушы Николай Чумак клиенттердің өркениетті сауда желілеріне көшері сөзсіз деп пайымдайды. 

«Өзбекстанда адамдар базардан кетіп, супермаркет немесе сауда орталықтарына сауда жасауға бармайды дегенді  жиі естимін. Шынында да, базар – бұл жергілікті мәдениеттің және тіпті әлеуметтенудің бөлігі. Дегенмен, Азия,  Таяу Шығыстағы Түркия немесе БАӘ сияқты  елдерді қарастырайық. Бірнеше он жылда бұл елдер әлемдік сауда орталықтарына айналды. Тек Стамбулда жүздеген сауда орталығы бар, ал әмірліктердегі Дубай Малл бүкіл әлемге танымал» деді Чумак.

Magnum Cash & Carry Uzbekistan бас директоры Асқар Мінайдар қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында 2005-2007 жылдары Алматыдағы ретейл нарығында Ташкенттегідей жағдай болғанын еске салады. Ол кезде алматылықтар базарға жиі барып, кемі екі аптаға жетер азық-түлігін бірден сатып алатын еді. Қазір Қазақстанда ұйымдастырылған ретейл нарықтың 40 пайызын құрайды деп атап өтті Мінайдар.

Застенскийдің пікірінше, Өзбекстанда бөлшек сауда желілерін дамытудың ең қолайлы форматы – супермаркет пен дискаунтер, ал Ташкентте «кем дегенде бір толыққанды гипермаркет немесе суперстор ашу қажеттілігі бар».

Асқар Мінайдар Өзбекстан нарығының ерекшеліктерінің бірі ретінде Ташкентте ірі желілердің шоғырлануын атап өтеді. Оның айтуынша, жергілікті желілер орта және шағын қалалар нарығына шығуға асығар емес.

Сонымен қатар Чумак бөлшек сауда желілері ең алдымен үлкен трафик пен халықтың сатып алу қабілеті жоғары жерлерде – ірі қалаларда дүкен ашатынына назар аударады, сондықтан бөлшек сауда орталықтары ел астанасында жақсы дамыған. Бұл өңірлердегі кәсіпкерлерге өз сауда желілерін құруға мүмкіндік береді деп қосты Чумак. Сондай мысалдың бірі – Ферғана алқабынан шыққан электроника, тұрмыстық техника және жиһаз дүкендерінің желісі – Ishonch, кейін келе Өзбекстанның өзге  аймақтарында да өз нүктелерін ашқан.

Шетелдік ойыншылар Өзбекстан нарығына келерде, осы елдің бірнеше ерекшелігін ескеруі керек.  Халық ислам дінін берік ұстанады, демек, алкоголь, темекі,  кей ет түріне сұраныс төмен болады дейді Застенский. 

Мінайдар өзбекстандықтар тауардың сапасына аз көңіл бөлетінін, бірақ оның бағасына қатты назар аударатынын атап өтті. Өзбекстанда жағдайы орта халықтың үлесі басым. Бұл ретте Ташкенттегі орташа жалақы Алматыға қарағанда 40%-ға төмен екенін айта кеткен жөн, бірақ бұл өздері еккен бау-бақша мен ұстаған малының есебінен өтеледі. Нәтижесінде екі қалада сатып алу шығыны да салыстырмалы.

Застенскийдің айтуынша, республикада логистика инфрақұрылымы нашар дамыған, Third Party Logistics (3pl) операторлары мүлдем жоқ және А-класты қоймалар аз.

Impall Trading дистрибьюторлық компаниясының коммерциялық директоры Бахтиер Абдуллаев бұл саланың әлеуеті зор екенін, ал Өзбекстанның ұйымдастырылған ретейл нарығына жаңа ойыншылардың келуі логистикаға оң әсер ететінін атап өтті.

«Мысалы, біздің компания және Өзбекстанның басқа да ірі дистрибьюторлары Magnum-мен EDI жүйесін пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл – жеткізуші мен ұйымдастырылған бөлшек сауда арасындағы электрондық құжат айналымы жүйесі. EDI жүйесін енгізу логистикалық процестерді едәуір жылдамдатып, шығынды оңтайландырады. Бұған дейін біз мұндай нәрсені қолданған емеспіз» деді сарапшы.