LRT құрылысы қашан аяқталады? Елордаға газ қашан келеді? Астана әкімі шаһар проблемалары қашан шешілетінін айтты

Жарияланды
Алтай Көлгінов жылды қорытындылады

Нұр-Сұлтан астана болғалы қала тұрғындарының саны 3 есе өсіп, 1,2 миллион адамнан асты. Адам саны өскен сайын қажеттілік те көбейе түседі. Әрі елдің бас қаласы болғаннан кейін ол бірнеше параметр бойынша басқа шаһарлардан ерекшеленіп әрі үлгі болып тұруы тиіс. Шаһар басшысы Алтай Көлгіновтың айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша қалада оң динамика байқалады. 

«ШОБ-та жұмыс істейтіндер саны 11,9% артып, 401 мың адамды құрады. Пандемияға қарамастан, қабылданған мемлекеттік шаралардың арқасында өсім тіркелді, ШОБ өнімінің көлемі де 38,7% ұлғайып, 3,9 трлн теңгені құрады.  Бюджетке түсетін түсімдер 36% өсіп, 373 млрд теңге болды. ЖӨӨ құрылымындағы ШОБ үлесі – 56%. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, яғни елорда инвестициялық тартымды қала болып табылады» деді Көлгінов.

2021 жылдың 10 айында елордада 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейінгі жоспар – 3,2 млн шаршы метр. Алтай Көлгіновтің айтуынша, құрылыс қарқыны артып қана қоймай, үлескерлердің проблемалары да шешілуде.   

«Тұрғын үй – өте өзекті мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолжетімді тұрғын үй құрылысын 3 есе арттырдық. Егер 2019 жылы 2 900 пәтер салынса, 2020 жылы қолжетімді тұрғын үйлерс аны 7 000 пәтерді құрады. 2021 жылы жоспар бойынша 10 000 пәтер тапсырылады, оның ішінде 7 500 пәтер пайдалануға берілді. Айта кетейік, маңызды сәттердің бірі: бұл пәтерлер жылдар бойы кезекте тұрған тұрғындарға беріледі. Олар – «Отбасы банкінің» салымшылары мен жұмыс істейтін жастар. «Елорда жастары» бағдарламасы қабылданды, оған сәйкес жұмыс істейтін жастар үшін «Отбасы банкпен» жылдық 5% тұрғын үй ұсынылатын болады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе – ескі апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жұмыстары жүргізілуде. Үлескерлер мәселесі көптеген тұрғындарды толғандыратын мәселе. 2018-2019 жылдары үлескерлер саны 16 000-нан астам отбасы болды. Осы кезеңде мемлекет басшысының қолдауының арқасында 12 900 үлескердің мәселесі шешілді, олар 90 көппәтерлі тұрғын үйден өз пәтерлерінің кілттерін алды. Енді 3 145 отбасы немесе 60 көппәтерлі тұрғын үй қалды» деді мегаполис басшысы.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан билігі үлескерлер мәселесін республикалық және жергілікті бюджет қаржысымен ғана емес, сондай-ақ 90 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тарту арқылы да шешіп отыр.

Қаладағы мектеп саны да көбейіп жатыр дейді әкім. Бұл орайдағы минимум міндет – үш ауысымдық оқуды жою. 10 жыл бұрын қалалық мектептерде 74 000 бала оқыса, қазір 215 000 бала оқиды, бұл көрсеткіш алдағы онжылдықта 2 есе артады деп күтілуде. 

«Егер бұрын қалада жыл сайын 1-6 мектеп салынса, қазір бұл жеткіліксіз. Биыл мектеп саны 15-ке дейін ұлғайтылды, бұл екі ауысымда оқытатын 40 000-ға жуық оқушы орны. Егер жыл сайын 20 мектеп салуға мүмкіндік болса, біз бұл деңгейді төмендетпеуіміз керек. Таяудағы 5 жыл ішінде қаламызда шамамен 70 мектеп салуға ниеттіміз. Бұл білім беру жағдайы мен сапасын айтарлықтай жақсартады. Тағы бір жаңалық – ірі мектептердің құрылысы. Егер стандарттар бойынша бұрын барынша 1200 орынға тұрғызылса, қазір 2000 орындық мектептер салынады. Бұл қала құрылысы тұрғысынан өте маңызды, өйткені жерді бөлу керек. Қазір қала өте жинақы салынуда, жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салып жатырмыз» деді спикер.  

Сонымен қатар Көлгінов қаланың толықтай газдандырылатынын да айтты. Бұл жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Қазір екіншісі жүзеге асуда. Үшінші кезең 2023 жылдың соңына дейін аяқталмақ. 

«Бүгінгі таңда 650 км инженерлік желі тартылды. Оның басым бөлігі Алматы және Сарыарқа аудандарында орналасқан. Бұл аудандарға газ толық жеткізілді. Қазіргі уақытта әр үйге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ЖЭО-1, ЖЭО-2-де 13 су жылыту қазандығы газға көшірілді» деді елорда басшысы. 

Казіргі уақытта қалада 1,5 мыңнан астам отбасы газбен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2,5 мыңға дейін жеткізілмек.

Брифинг барысында елорда басшысы LRT жобасын аяқтаймыз, банктермен жұмыс істейміз деп сендірді. 

«Жобаның құны 1,8 млрд доллар, оның 347 млн-ы іске асырылды. Өздеріңіз білесіздер, бастапқыда несие Қытай даму банкінен 4,9% алынды, содан кейін біз мынадай шешім қабылдадық, ақшаны үнемдеу үшін еліміздің екінші деңгейдегі банктерінен 3,25% облигациялық қарыз алдық. Қызмет көрсетуге жұмсалатын қаржыдан 800 млн доллар үнемдедік, EPC-келісімшарт бойынша біз де 200 млн доллар, станциялар мен жылжымалы құрамды қысқарту бойынша да 150 млн үнемделді. Бұл жобаны аяқтау үшін шамамен 1 млрд доллар тарту қажет. Тұрғындар санының артуын ескере отырып, экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту керек (қазір 1,2 млн адам, алдағы 10 жылда 2 млн адам болады). ЛРТ желілері өтетін сол жағалауда құрылыстың ықшамдылығы артады. Өткен пандемия болған жылы Есіл ауданына 40 мың тұрғын қосылды. Бұл үрдіс жалғасуда, урбанизация процесі жүріп жатыр, ішкі көші-қон ағындары, елордаға барлық өңірлерден адамдар келуде. Бұл жобаны аяқтаймыз, банктермен жұмысты жалғастырамыз, бірақ олардың өтініші бойынша олардың атауын айтпаймыз. Келісімге қол қойғаннан кейін барлық ақпарат жарияланады» деді әкім.
 

Сондай-ақ оқыңыз