Инвестиция

2021 жылы IPO-ға шыққан 5 компанияның акциялары қатты қымбаттаған

Global-E Online, DigitalOcean, Monday, Confluent и SEMrush туралы айтамыз

Жыл басынан бері дүние жүзінде 2,85 мың компания мен SPAC IPO-ға шығып, $600 млрд инвестиция тартқан.  Бұл –  2007 жылдан бергі рекордық көрсеткіш. Осы орайда Kursiv.kz 2021 жылы ІРО-ға шығарылғаннан күннен бері акциялары айтарлықтай қымбаттаған 5 компания туралы айтады.  

Біріншісі –  Global-E Online компаниясы. Трансшекаралық электронды коммерция платформасы 2013 жылы іске қосылған.  

Платформада сатушылармен 25 тілде тілдесе отырып, әртүрлі мемлекеттен киімнен бастап, автокөлік бөлшектеріне дейін сатып алуға  болады. Сауданы 100-ден аса валютамен жасап, ақысын 150-ге жуық тәсілмен төлейді. Бұл платформада бірден кеден баж салығын есептеп, сауда-саттық салығын аудара аласыз.  

2020 жылдың соңында платформада 774 миллион долларға транзакция жасаған 442 саудагер жұмыс істеген. Платформаның ең танымал клиенттерінің арасында Forever 21, Boss, Cartier және Versace бар.

Компанияның NASDAQ-тағы IPO-сы 2021 жылдың 11 мамырында GLBE тикерімен өтті. Андеррайтерлер қатарына Goldman Sachs, Morgan Stanley, Jefferies кірді. IPO-да компания 15 миллион акциясының  әрбірін 23-25 долларға сатып, 375 миллион доллар жинады. Бастапқы орналастыру кезінде компания шамамен 3,6 миллиард долларға бағаланған.

Биржадағы бірінші сауда-саттық күні (12 мамыр) акциялары $25,5 сатылған. Ал 7 желтоқсандағы сауда-саттық жабыларда компания қағаздарының құны $64,9 құрады. Осы  аралықта акцияларының бағасы 154,5%-ға қымбаттаған.  Қазіргі нарықтық капиталы $9,45 млрд тең.

2021 жылдың III тоқсан қорытындысы бойынша компанияның жалпы түсімі $59,1 млн болған, 2020 жылдың ІІІ тоқсанымен салыстырғанда 77%-ға артық. Былтыр компания түсімі $33,3 млн құрапты. Есепті тоқсанда түзетілген EBITDA 2020 жылғы $2,7 млн-мен салыстырғанда $7,7 миллионға дейін өскен.

2021 жылғы III тоқсандағы таза шығыны бір жыл бұрынғы $1,2 млн таза пайдасымен салыстырғанда, $28,5 млн құрады. Компания  биыл IV тоқсанда табыс $76,4 миллионнан  $78,4 миллионға дейін, ал түзетілген EBITDA шамамен 7,3 млн  доллардан $8,3 млн  долларға жетеді деп болжап отыр.

Акцияларын биржаға шығара салып, бағалы қағаздары біршама қымбаттаған тағы бір компания – DigitalOcean Holdings. 2012 жылы құрылған компания ІТ саласында түрлі қызмет: бұлтты есептеу, инфрақұрылым,  әзірлеушілер мен  стартаптарға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске арналған құралдарды ұсынады. 

Соңғы мәліметтер бойынша, компанияның 185 елде 570 мыңға жуық клиенті бар. Компанияның бәсекелестері ретінде Amazon (AWS), Microsoft (Azure), Google (GCP), IBM және Oracle компанияларын атауға болады.

Компания өз IPO-сын Нью-Йорк қор биржасында DOCN тикерімен 2021 жылдың 23 наурызында өткізді.  Фридом Финанс хабарлағандай, DigitalOcean қағаздарының бағасы алғаш орналастырылғанда 47 доллар болған. Биржаға 16,5 млн акция шығарылып,  $775,5 млн инвестиция тартылған. Компания құны $4,95 млрд құраған. Жетекші андеррайтерлері – Morgan Stanley, Goldman Sachs және JP Morgan.

Биржадағы сауда-саттықтың бірінші күні (24 наурыз) компания акциялары сессияны 42,5 доллармен жапты. 7 желтоқсандағы сауда-саттық жабыларда компания қағаздарының құны $93,91 құрады.  Яғни  осы аралықта акциялары 121%-ға қымбаттаған.  Қазіргі нарықтық капиталы $10,25 млрд тең.
2021 жылдың III тоқсан қорытындысы бойынша, компания кірісі $111,4 млн құрап, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 37 пайызға өскен. Түзетілген EBITDA $36,4 млн құрады. Компанияның 2021 жылғы III тоқсандағы таза шығыны  былтырғы 10,2 миллион доллардан  $1,85 млн-ға дейін қысқарды.

Тізімдегі үшінші компания – цифрлық маркентингті басқаруға арналған платформа жасайтын SEMrush Holdings. Аталмыш компания клиенттеріне мазмұн «көрінісін» басқаруға мүмкіндік беретін онлайн платформа ұсынады. Клиенттерінің әртүрлі цифрлық арналар, соның ішінде іздеу жүйесі, әлеуметтік және цифрлы медиа арқылы тұтынушылармен қаншалықты тиімді қарым-қатынас орнататынын бақылап,  яғни платформа веб-сайттарды дамыту, статистика жинау, трафик талдау және мақсатты жарнама жасауға көмектеседі. 

Grand View Research мәліметі бойынша, цифрлы маркетингке арналған платформалар нарығы 2019 жылы 4 3,8 миллиард долларға бағаланған. ResearchAndMarkets болжамына сүйенсек, бұл цифр 2027 жылға қарай $158 млрд-қа дейін өсіп, $151,8 млрд жетуі ықтимал. 

Компания IPO-ға Нью-Йорк қор биржасында SEMR тикерімен 2021 жылдың 24 наурызында шықты. Businesswire компания IPO барысында 14 миллион қарапайым акциясын орналастырғанын жазады. Компания биржадан жалпы сомасы $140 млн тартты,  Goldman Sachs, J. P. Morgan, Jefferies және KeyBanc Capital Markets инвестбанк болды. Компания IPO барысында $1,9 млрд бағаланды. 

Биржадағы сауда-саттықтың бірінші күні (25 наурыз) акция бағасы 11,22 доллар болған. Ал 7 желтоқсандағы сауда-саттық жабылар сәтте компания қағаздарының құны 20,65 долларды құрады. Яғни, осы аралықта акциялары 84%-ға қымбаттаған. Ағымдағы нарықтық капиталы $2,89 млрд тең.
Компанияның қаржылық есебінде 2021 жылдың III тоқсанындағы жалпы түсім $49,3 млн-ға жеткені жазылған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда  53%-ға артық ($32,2 млн). Таза шығын $615 мыңға дейін азайыпты, бір жыл бұрын айтарлықтай жоғары еді.  Компания клиенттерінің саны 30 қыркүйекте 79 мыңнан асқан. Биыл IV тоқсанда кіріс $51,8 миллионнан  $52,3 миллионға жетеді деген болжам бар. Яғни  өсім – 42-43%.

2021 жылы бағалы қағаздарын алғаш орналастырып, құнды қағаздары «оң» динамика көрсеткен төртінші компания –  маркетинг, CRM, жоба басқару, БҚ әзірлеу сынды салалардың жұмыс процесін басқару платформасын әзірлейтін Monday  компаниясы. Ол 2012 жылы Израильде құрылған.

2021 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша компания 200-ден астам салада,  190-нан астам елде қызмет көрсетеді. Компания клиенттері қатарында Universal Music Group және Indosuez Wealth Management бар. MarketsAndMarkets мәліметтері бойынша, компания 2020 жылы 13,2 миллиард долларға бағалаған. 2025 жылға қарай  45,5 миллиард долларға жетуі ықтимал.

Компания акциялары NASDAQ-да MNDY тикерімен 2021 жылдың 9 маусымында орналастырылды. Шығарылым андеррайтерлері – Goldman Sachs, J.P. Morgan / Allen & Co және Jefferies.

Bloomberg Monday компаниясы IPO-да 574 миллион доллар жинағанын жазады. Нәтижесінде бұл израильдік технологиялық компанияның ең үлкен листингі болып тұр. Оның 3,7 миллион акциясының әрбірі 155 доллардан сатылды.

Биржадағы алғашқы сауда күнін (10 маусым) компания акциялары 178,87 доллармен жапса, 7 желтоқсандағы сауда-саттықта олардың құны $317 болды.  Яғни бағалы қағаздар 77%-ға қымбаттаған. Қазіргі нарық капиталы 13,99 миллиард долларды құрайды.

Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша компания кірісі 83 миллион долларды құрап, былтырмен салыстырғанда 95 пайызға өскен (42,6 миллион доллар). Компанияның үлескерлеріне қатысты таза шығын 45,8 миллион доллардан 28,8 миллион долларға дейін төмендеді. 2021 жылдың үшінші тоқсанында акцияға шаққандағы таза шығыны 0,65 долларды құрады.

Тізімдегі соңғы компания –  Confluent мәлімет тасымалдау платформасы.  Компанияның негізі 2014 жылы қаланған. Confluent арнайы бағдарламалық құрал сатады. Компанияның бағдарламалық құралдары оқу, жазу, сақтау, тексеру және қорғаумен қатар, деректер ағынын үздіксіз өңдеуге мүмкіндік береді.

Компания NASDAQ-тағы IPO-сын CFLT белгісімен 2021 жылдың 23 маусымында өткізді. Әр акциясы 36 доллар тұратын 23 миллион бағалы қағаз орналастырып, 828 миллион доллар инвестиция тартты. IPO аясында Confluent 9,1 миллиард долларға бағаланған. Шығарылымның жетекші андеррайтерлері Morgan StanleyMorgan Stanley, J.P. Morgan және Goldman Sachs болды. 

Биржадағы алғашқы сауда күнінде (24 маусым) акциялар 45,02 долларға сатылған. Ал 7 желтоқсандағы сауда-саттық жабыларда бұл акциялардың құны 73,09  долларға жетті. Яғни осы аралықта компания акциялары 62%-ға қымбаттаған. 

2021 жылдың  ІІІ тоқсанындағы жалпы кірісі 102,6 миллион долларға жеткен, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 67%-ға артық (шамамен 61,5 миллион доллар). 2021 жылдың III тоқсанында GAAP бойынша 1 акцияның таза шығыны  $0,37 құраған.