Қазақстан цифрлық теңгеге арналған платформаның прототипін әзірлеуді аяқтады

Жарияланды
Ұлттық Банк пилоттық жобаны іске асыру нәтижелері туралы есепті жариялайды

Қазақстанда цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу аяқталды. Сондай-ақ нарық субъектілерімен және халықаралық ұйымдармен бірқатар талқылау жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.

Досаев атап өткендей, Ұлттық банк пилоттық жобаны іске асыру туралы қорытынды есепті 2021 жылдың 15 желтоқсанында жариялайды. Ұлттық Банк 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін пайда мен шығындарды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу бойынша шешім қабылдау моделін әзірлейді, ал 2022 жылдың желтоқсанында енгізу қажеттілігі туралы түпкілікті шешім қабылданады. Досаев Ұлттық банктің 2021 жылғы зерттеулерінің басты бағыты бөлшек цифрлық валюта аспектілері екенін айтты.

Ол сондай-ақ жобаның қаржы нарығына қатысушылармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Әлемде 63 орталық банк ұлттық цифрлық валюталардың эмиссиясы мен айналысын белсенді түрде зерттеп жатыр.

2021 жылдың мамырында Ұлттық банк Қазақстанда валютаның осы түрін сынау үшін цифрлық теңге платформасын әзірлейтіні хабарланған болатын.

Цифрлық теңге – Қазақстандағы ақшаның жаңа перспективалық нысаны, оның эмиссиясын Ұлттық банк жүзеге асырады. Цифрлық теңге заңды төлем құралы, құн өлшемі және құндылық қоймасы болады. Бұл ретте есепте цифрлық теңгенің қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаны алмастыруға арналмағаны, оның қатар қолданылатыны атап өтілген. Осылайша, цифрлық теңге республикадағы үшінші ақша формасына айналады.

Сондай-ақ оқыңыз