Несиені кешіру экономикалық тұрғыда неге қауіпті?

Жарияланды
Ұлттық банк ресми мәлімдеме жасады

«Қазақстандықтардың несиесін кешіру керек» делінетін қоғамдық бастама мен әрқилы ұрандар жиі көтеріледі. Бұрын мұндай ұсынысты қарапайым азаматтар ауызша жолдаса, биылдыққа алғаш рет парламент қабырғасында айтылды. Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев қазақстандықтардың мерзімі өткен берешегі 199 млрд теңге болатынын, бұл мемлекет үшін «үлкен сома емес» екенін айтып, ұсыныс тастады. 

«Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі күннен күнге өсіп келеді. Қазір халықтың 27 пайызында банк қарызы бар. Ипотекалық несие бойынша берешек 2,7 трлн теңгеге жетті. Тұтынушылық несие көлемі 5,19 трлн теңге. Уақытылы төленбеген қарыз көлемі – 199 млрд теңге. Елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бар. Осындай заң жеке тұлғаларға қатысты да шығарылуы керек. Осы мәселені 10 жыл бойы «Ақжол» депутаттары көтеріп келеді. Бұл бастаманы бір кездері қаржы министрлігі қолдаған да еді. Алайда үкімет тарапынан қолдау таппады. Халық болса қарызға кіріп жатыр. Халықаралық практикаға сәйкес бізге сондай заң қажет» деді Әбілдаев вице-премьер Әлихан Смайыловқа депутаттық ұсыныс жолдай отырып. 

Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық валюта 95 рет құнсызданды. Бұған қандай кәсіпкер шыдайды деп дабыл қағады депутат. Оның айтуынша, егемендік алған соң кәсіпкер кіріскен азаматтар басындағы жалғыз үйін кепілге қойып, несие алды. Солардың 90 пайызы қазір несиесін өтей алмай, банкрот болып отыр. 

«Банктер кепілге қойылған мүлікті өзіне қолайлы бағамен сатады, ал қалғанын қарыз алушының мойнына іле салады. Ұлттық банкке провизия төлемес үшін екінші деңгейлі банктер бұл қарызды өзінің банк жүйесінен алып тастап, оны өзінің журналына тіркейді және төмен бағамен өзінің коллекторлық компаниясына сатады. Бұдан тек жеке банкирлер ғана байып жатыр. Ал мемлекетке тиетін еш пайда жоқ. Банктер мен микроқаржылық ұйымдар несие берген кезде халыққа көмектесіп жатырмыз дейді. Ал ақшаны қайтарған кезде ол түсініктері жоғалады. Банктер коллектордың артына тығылмай, клиентпен ашық жұмыс істеуі қажет» деді ол. 

Бұл ретте депутат Әбілдаев тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 2236 сотталған азаматтың бостандыққа шығатынын айтып, қылмыскерге амнистия жасаған үкіметтің неліктен қарапайым халыққа жаны ашымайды деп күйінеді. 

«Неге мемлекет қаржылық қиындыққа ұшырап отырған біздің азаматтарды ойламайды? Олар да біздің қоғамның мүшесі емес пе. Бар болғаны 199 млрд теңге. Бұл мемлекет үшін көп ақша емес» деді Азамат Әбілдаев. 

Осыған дейін «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары да үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жеке және заңды тұлғаларға несие амнистиясын жасау туралы ұсыныс берген еді. 

Соңғы бірер күн бедерінде әлеуметтік желі мен түрлі сайттарда елімізде несие амнистиясы жасалатыны туралы ақпарат тарап кетті. Әсіресе, оппозициялық белсенді Жанболат Мамай осы тақырыпты жиі көтеріп, фейсбуктегі парақшасында «Халықтың несиесі кешіріле бастады! Міне, нәтиже!» деп те жазып, осы мәселе төңірегінде бірнеше видео ролик пен пост жариялаған. Осыған орай қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми мәлімдеме жасады. 

«Қазіргі уақытта Жанболат Мамай әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қарыздардың барлық түрлері бойынша «кредиттік рақымшылық» жарияланыпты-мыс деген дәйексіз ақпарат таратуды жалғастыруда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ж. Мамайдың бұл мәлімдемелері дәйексіз екендігін және өзінің жеке саяси мақсаттарын іске асыру үшін азаматтарды адастыратынын мәлімдейді.

Агенттік қазіргі уақытта Қазақстанда 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде теңгемен ипотекалық қарыз, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету үшін Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғастырылып жатқандығын хабарлайды.

Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке тәртіппен көрсетуде, оның нәтижелері бойынша банктер қарыз алушыға қажетті қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды.

Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қолдау көрсету үшін ағымдағы жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілгенін хабарлаймыз. Кредиттер бойынша мерзімін өткізу туындаған жағдайда, қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет, онда олардың өтініші қаралып, проблемалық берешекті қайта құрылымдау талаптары ұсынылады.

Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ресми әрі тексерілген дереккөздерінен ғана алынған ақпаратты басшылыққа алуды сұраймыз.
Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары мен нәтижелері туралы толығырақ ақпаратты Агенттіктің ресми сайтынан алуға болады» делінген хабарламада. 

Ұлттық банк те елімізде несие рақымшылығы жасалатынын жоққа шығарды. 

«Кредиттік амнистия жасалады деген сарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады» делінген ҰБ хабарламасында. 

Әрине, депутат Әбілдаевтың ұсынысы ескерілер болса қаншама азаматтың қарызы жойылып, еңсесі тіктелері сөзсіз. Десе де мәселенің екінші қыры бар. Экономист Арман Байғановтың айтуынша, несие рақымшылығын жариялауға болмайды. Бұл экономиканың қаржылық ахуалын күйретіп кетеді деп санайды. 

«Негізі несие рақымшылығын 10 немесе 20 жылда бір рет қана жасау керек. Адамдар қарызды кешіргенге үйреніп алады да, тіпті міндеттемесін орындауға жағдайы болған күнде де несиесін төлемей жүре беретін болады. Бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 305 млрд теңге. Бұл аз ақша емес. Соның 200 миллиарды – тұтынушылық қарыздар. Бұл өте үлкен сома. Мемлекет қандай жағдайда да амнистия жасамауы қажет. Егер жасалар болса, онда банк жүйесінің қаржылық жағдайы күрт нашарлайды. Екіншіден, мерзімі өткен берешекті өтеуі үшін мемлекетке үлкен көлемде қаржы керек. Ешбір ел қысқа уақыт аралығында қайта-қайта амнистия жасамайды. Одан да жеке тұлғалардың банкроттығына қолдау көрсететін заң енгізсін. Сол кезде мерзімі өткен қарыздар мәселесін шешу жеңілірек болады» дейді сарапшы. 

Еске салайық, елімізде несие амнистиясы бір мәрте ғана, 2019 жылы жасалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен көпбалалы отбасылар мен мүгедектердің несие қарызы кешірілді. Оның өзінде займ көлемі 3 млн теңгеден аспайтын 500 мың азаматқа амнистия жасалды.  

Сондай-ақ оқыңыз