Жаңалықтар

2050 жылы Алматының бейнесі қандай болмақ?

Жыл басынан бері қала экономикасы 5 пайызға өскен

Тәуелсіздіктің алтын бесігі деп сипатталатын Алматы қаласының экономикасы 1993 жылы 2,1 млрд теңгеден 2020 жылы 13,5 трлн теңгеге дейін өсім көрсетіпті. Бұл туралы шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. 

«Егемендік алғалы бері Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 94,6 есе және шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін азаматтар саны 9,3 есе артты. Халық саны 1,8 есе өсті және қазір мегаполисте 2 миллионнан астам халық тұрады. Халықтың қажеттілігін ескере отырып, 30 жылдың ішінде денсаулық сақтау ұйымдарының саны 1,5 есе ұлғайды. Қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті. Тәуелсіздік жылдарында білім алуға қолжетімділік айтарлықтай өсті, мемлекет 61 балабақша мен 45 мектеп салды, бизнес 450-ден астам балабақша мен 84 мектепті іске қосты. Тұрғын үй құрылысының көлемі 7,5 есе ұлғайды – 26,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды» деді қала басшысы.

Ал жыл басынан бері шаһар экономикасы 5,5 пайызға өсіп, 5,8 трлн теңгені құраған. 

«Пандемияның барлық қиындықтарына және оған байланысты қабылданған шектеулерге қарамастан, Алматы өз әлеуетін арттыруды тоқтатпады. Бюджетке түсетін түсімдер 28,7 пайыз, яғни 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіпте 18 пайыз өсім қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта 4 жаңа жобаны іске қосу, 519 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл жобалардың қатарына ПТР-тест өндірісі бойынша шетелдік қатысуы бар маңызды жоба да кіреді» деді қала әкімі. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. 

«Жыл басынан бері шағын бизнеске несие беру көлемі 1,4 есе өсті. Қалалық бағдарламалар бойынша несиелеу бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға көбейді. Қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері шамамен 55 мың жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жұмыссыздық 5,1 пайызды құрайды. Үшінші тоқсанда орташа айлық жалақы 20 пайызға көбейіп, 283,7 мың теңгені құрады» деді спикер.

Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін 8,2 мың орынға арналған 17 қосымша құрылыс та аяқталмақ. Бұдан басқа, оқу жылының басынан бері 13 жеке меншік мектеп ашылған. 

«Бүгінде Алматыда 33 мыңнан астам бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған секциялар қарастырылған. 36 шығармашылық үйірме жұмыс істейді, оған 15 мыңнан астам бала барады. Бүгінде 660 мыңнан астам қала тұрғыны дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, қалада 3,6 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Желтоқсан айында 3 дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылысын аяқтаймыз. 64 мектеп спорт алаңын жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда. 54 алаң жаңғыртылды. Алматыда мектептердің спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталуы бойынша еліміздегі ең үздік көрсеткіш» деді спикер.

Сондай-ақ әкім жжл соңына дейін 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілетінін атап өтті. 

«Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру аясында қаланың шеткі аймақтарындағы көлік, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба қолға алынды. Бүгінгі күні тұрғындардың 98,5 пайызы орталық су жүйесіне қосылған, үйлердің 99,2 пайызына газ тартылған. Жыл соңына дейін 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, мемлекеттік бюджет есебінен 3,9 мың пәтер салынады. «Шаңырақ» пилоттық жобасы басталды, бұл 1214 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.  «Алматы Жастары» бағдарламасы екінші жыл бойы жұмыс істеп келеді. Әр жылда мың пәтер беріледі. Биыл 910 отбасы баспаналы болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша – 431 отбасы, коммуналдық тұрғын үй қорынан 61 отбасы пәтерге кірді» деді Сағынтаев. 

Шаһардағы тағы бір жаңалық – келесі жылдан бастап 2-ші Жылу электр орталығын газға көшіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмақшы. 

«2-ші Жылу электр орталығын жаңғырту зиянды заттардың көлемін 7,5 есе азайтады. Қазірдің өзінде 15 экопост орнатылды, жыл соңына дейін тағы 4-еуі кезекпен орнатылады. Барлық посттар өлшеу құралдарымен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 3 жылжымалы экопост пен зертхананы іске қосылады.  Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 3 жылда 1 млн ағаш отырғызу жөніндегі «Жасыл Алматы» бағдарламасы екінші жыл іске асырылуда. Қазірдің өзінде 570 мың түрлі көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін 190 мыңнан астам көшет отырғызу көзделген» деді қала басшысы.

Қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясындағы басты мақсат – экономикалық өсуді жеделдету. 

«Креатив индустрия саласындағы алғашқы табысты инфрақұрылымдық жоба – «ALATAU» креатив хабы ашылды, онда күнделікті 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Қаланың инфрақұрылымын дамытуды тиімді модельдеу, оның жүйелерін басқару үшін «Цифрлық егіз» жобасы жүзеге асырылды. 2022 жылдың I тоқсанында қаланың барлық шұғыл қызметтерін біріктіретін «Бірыңғай кезекші диспетчерлік орталық» өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар, Үкіметпен және Алматы облысымен бірлесіп «Агломерация туралы» заң әзірленуде. Төтенше жағдайлар, шағын және орта бизнес, көлікті дамыту және экологияны жақсарту бойынша 4 пилоттық жобаның тұжырымдамасы әзірленді» деді әкім. 

Шаһардың эпидемиялық ахуалы да тұрақты. Қазір Алматыда 20-дан астам ПТР зертхана жұмыс істейді. Күн сайын 5 зертханадан алынған талдаулар ұлттық орталыққа және қалада жұмыс істеп жатқан оңтүстіккореялық зертханаға жіберіледі. Сағынтаев Алматы қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа омикрон штамының таралуын болдырмауға дайын деп атап өтті.