Бітпейтін шаруа: маңыздысы қайсы, басым түрін қалай анықтаймыз?

Жарияланды
Денсаулық, жақындармен қарым-қатынас және өнімді жұмыс құпиялары

Шаруа шаш етектен болып жатқанда қайсысын бірінші бітіреріңізді білмей, басыңыз қата ма? Ақыр соңында ештеңеге үлгермеуіңіз де ғажап емес. Мұндайда жұмыстарды басымдығына қарай бөліп, реттеген жөн. Сондықтан ойға алған істің бәрін бітіруді емес, ең маңыздысын істеу керегін түсіну қажет. Ал қай шаруаның қандай маңызы барын қалай білуге болады? Жалпы алғанда істі соңына дейін апаруда не нәрсеге сүйенген дұрыс? Осыған қатысты бірер кеңес ұсынғанды жөн көріп отырмыз. 

Бірінші байлық — денсаулық

Біз көбіне уақыт тығыз деп өзімізді ұмытып кетеміз. Дұрыс тамақтанбай, ұйқы қандырмай, таза ауа жұтпастан жұмыс істей беруіміз мүмкін. Әрине, асыққанда дедлайнды ойлап, денсаулықты ысырып қоятын кездер болады. Дәл сол кезде маңызды боп көрінбесе де, уақыт өте келе салдары байқала бастайды. Өйткені өміріңіздің барлық саласына денсаулық қажет. Айталық, егер тамақ істеуге ерініп, ұзақ уақыт бойы тек фаст-фуд жеп жүрген болсаңыз, ол асқазанды құртады. Әрі жеткілікті энергия бермейтіндіктен, үнемі шаршаңқы жүретініңіз содан болуы мүмкін екенін ескеріңіз. Ал ұйқысы қанбаған адамның қабағынан қар жауып, қит етсе ұрыс іздеп тұратыны белгілі. Оның соңы күйзеліске әкеліп соғады. Міне, байқасаңыз, кезінде денсаулықты екінші орынға қойғаныңыз осылайша алдыңыздан шығады. Физикалық тұрғыдан шаршау ғана емес, оның бәрі сіздің психикалық және эмоционалдық ахуалыңызды да бүлдіреді. 

Қазақтың «Бірінші байлық — денсаулық» деген сөзін ұмытпаңыз. Күйген дүние күйіп кетсе де, арагідік таза ауағы шығып, бой жазып жүріңіз, жақсы тамақтаныңыз, уақытылы ұйықтаңыз. Айтпақшы, бітіру керек шаруаны кейінге қалдырам деп дәл уақыты таяғанда ұйқысыз түндер өткізетіндер аз емес. Одан қала берді емтиханға дайындалу, есеп-қисап тапсыру сияқты шаруалар көбіне түнгі ұйқымызды ұрлайды. Тіпті жаңа шыққан сериалды да қарап тастауды түнге қалдыратынымыз бар. Бір қарағанда жұмысқа кедергі жоқ, құдды қосымша уақыт алып алғандай сезіледі. Дегенмен оның бағасы тым қымбат. Әсіресе, ұйқы қанбағанның әсері ертеңіне байқалады. Көзді тырнап ашқанда тағы біраз жата тұрғыңыз келіп не дененіңізді біреу ұрып тастағандай ауыр сезініп көрген боларсыз? Оның соңы біраз уақыт бойы мең-зең болып отыруға, шаруаны өнімді істей алмауға әкеліп соғады. Ғалымдар бұл тақырыпқа талай зерттеу арнаған. Сондағы тұжырымдардың дені мынадай: ұйқы қанбаса, жүрек жән қан-тамыр жүйесінің жұмысы бұзылып, миға да кері әсер береді. Сондықтан жағдайдың ушығуына жол бермеңіз. 

Ағайынмен араласу

Бір басымызға бірнеше шаруаны іліп алғанда басқаның бәрін ұмытып кетуіміз мүмкін. Тіпті жақындарды көзімізге ілмей, ұмытып кететін кез де жиі болатын шығар. Дәл қазіргі қапылысты ғана ойлап тұрғандықтан, жанымыздағылардың маңызды күндерін естен шығарып алып, «осы шаруаны реттеп алсам, сол күннің есесін келтірем» деп ойлаймыз. Айталық, балаңыз бақшада өнер көрсететін күн, жұбайыңыздың туған күні, үйленген күн және тағысын тағылар осылай естен шығып кетуі мүмкін. Негізі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа атүсті қарауға болмайды. «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан үнемі бірінші қадам жасайтындардан болуға тырысыңыз. Біреудің сізге әлдеқандай ұсыныс жасағанын күтіп жүрмей, бір жерге шақыратын не шағын мереке ұйымдастыратын өзіңіз болыңыз. Жақсылап ойланыңыз да, өміріңізде ұмытып кетуге болмайтын күндерді белгілеңіз. Сонда ол ойыңызда маңызды күн болып сақталады. Әрине, кейде расында жұмысты таңдау керек болып қалады. Дегенмен үнемі жұмыс-жұмыс деп жүре беретіндерден болмаңыз. Ол отбасында да, достар арасында да қарым-қатынасты құртады. Қазір уақыты бос адам табу қиын. Бірақ уақыт тауып, хал-жағдай сұрасып тұрыңыз. Қоңырау шалмасаңыз да, хат жазып тұрыңыз. Туған күн, жарыстардан орын алған сәт, баласының тууы сияқты маңызды күндерде құттықтаушы болыңыз. 

Жұмысты өнімді істеу

 Шаруаға «баспен» кіріп кеткеннің бәрі өнімді жұмыс істеп жатыр деуге болмайды. Кейде басымдығына байланысты ұйымдастыра алмағандар солай шаруаға көміліп жүреді. Сөйтіп екі ортада не ісі өнбей, не денсаулығына көңіл бөле алмай, жақындармен қарым-қатынасына сызат түсуі мүмкін. Бұл жерде маңыздысы — ақылмен жұмыс істеу. Нәтижеге жұмыстану, өсу мен дамуға ұмтылу, бекер уақыт жоғалтпау, кәсіби тұрғыда кемелдену маңызды. Сондықтан әр нәрсенің басын бір шала бермеген жөн.   

Бірінші орынға нені қоямыз?

Айтқандай, бірінші кезекте маңызды істерге жол беру керек. Ал енді оны қалай іске асыруға болады? Егер жұмысбасты адам болсаңыз, демек сіз белгілі бір жоспармен жүретін болсаңыз керек. Күн тәртібінен бөлек, ойыңызда да біраз шаруа жүреді. Ондайда қай істің маңызды екенін белгілеу қиындау. Сондықтан ең алдымен ойдағы барлық шаруаны бір жерге тізіп шығу керек. Сөйтіп әрқайсысының мерзімін жазыңыз. Қағазға жазсаңыз да, арнайы мобайл қолданбаларды қолдансаңыз да болады.

Өнімді жұмыс істегісі келетін адам ойын бөлетін дүниелерді ысырып қоюға дайын болсын. Себебі кейде уақыт тығыз болса да, әлеуметтік желіні бір ақтарам да шығам деп, ақыры күн батып кеткенін байқамай қалып жатады. Сол себепті уақытыңызды бекер алатын сайт, қолданба, мессенжерлерді бұғаттап қойыңыз. Егер интернеттің болуы маңызды болмаса, өшіріп қойыңыз. Ал керек болса, мессенжерлердің хабарламалары келмейтін қылып қоюға болады. Бастысы, сіздің уақытыңызды алмауы керек. Әлеуметтік желіні атқаруға бөлек уақыт арналған жөн.   

Бір істі аяқтамай, екіншісін бастап кете беретін әдетті қойыңыз. Әрине, адам басына түрлі ой, идея келмей тұрмайды. Тіпті миыңызды жарып кетердей күшпен келсе де, байыптап ойланыңыз. Істеп жатқаныңызды аяқтаңыз. Назарды басқа жаққа олай тым тез аударған жөн болмайды. Сол сияқты жаңа әдет қалыптастыруды шешсеңіз, бір аптадан кейін тастап кетпеңіз. Барынша нәтиже шығарыңыз. Жаңа жобаны да қолға алмас бұрын ескілерінің нүктесін қойыңыз. 

Уақытты емес, энергияңызды басқаруға тырысыңыз. Ол үшін қай уақытта өнімді жұмыс істейтініңізді анықтаңыз. Әр адамның өнімді мерзімі әр түрлі. Сондықтан бұл ретте нақты бір кезең жоқ. Біреу түске дейін маңызды істі түгел бітіріп тастағанды жақсы көрсе, енді бірі түнде, жым-жырт тыныштықта жұмыс істегенді қалайды. Өйткені әркімнің энергиясының деңгейі түрліше. Ерте тұрып, жұмыс істейтін болсаңыз, онда көп күш-қуат талап ететін істерді осы уақытта тындырып тастаңыз. Түнімен ұйықтамайтын үкі болсаңыз, назар салуды талап ететін маңызды жобалармен кешкі астан кейін айналысыңыз. Сондай-ақ, бала-шағалы адам болсаңыз, балалардың ұйықтаған кезінде не біреу бағатын кезде жұмыстарыңызбен айналысыңыз.

 

Қанша жерден «бұйырғаны болады» деп жоспарсыз жүрем десеңіз де, мойындағы міндеттемелердің тізімін жасау керек. Өйткені адам баласы кейде өзіне тым көп жүк артып, ақыры көтере алмай қалып жатады. Ондай болмас үшін арагідік шаруаларды ретке келтіріп отырған жақсы. Уақытыңызды не нәрсеге жұмсайсыз, соның толық тізімін жасап көріңіз. Сол тізімді түрлі категорияға бөліңіз: карьера, отбасы, қызығушылық, демалыс және т.б. Сөйтіп сол топтарға уақытыңыздың қанша пайызын бөлуге даярсыз — соны анықтаңыз. Маңызы аз дегендеріне уақытта аз бөліңіз, сөйтіп басымдау түрлеріне көбірек қалады. Осыны күн сайын істеуді әдетке айналдырыңыз.      

Атқару керек шаруалар белгілі болғаннан кейін ішіндегі ең қиынын, ең ауырын алдыңғы кезекте істеп тастаған дұрыс. Сонда жеңілдеп, басқаларын оңай атқарасыз. Әйтпесе, ойыңыздың бір бұрышында тұрып алса, өзге шаруаларға концентрация нашарлайды. Көбіне неғұрлым шаруа қиын болған сайын, одан қашып, орындамаудың амалын іздейміз. Ал негізі, ешқайда қашып құтылу мүмкін болмаса, ең алдымен соны бітірген дұрысырақ. 
          

Сондай-ақ оқыңыз