Дамушы нарықтар валюталарының көпшілігінің серпіні оң болды

Жарияланды
АҚШ инфляциясының қарқыны қарашада 6,8%-ға дейін арта түсті

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 10 желтоқсанда теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,4%-ға (436,29 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 434,40 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ Еңбек министрлігі нашар деректер жариялады: қарашада ауыл шаруашылығына жатпайтын салалардағы жұмыс орындарының саны 210 мыңға (2020 жылғы желтоқсанынан бастап барынша аз қарқынмен) өсті, жұмыссыздық 4,2%-ға дейін төмендеді. АҚШ инфляциясының қарқыны қарашада 6,8%-ға дейін арта түсті (соңғы 39 жылдағы ең жоғары қарқын).

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

Мексика песосы аурудың жеңіл түрде өтетіні туралы хабарламаларға сәйкес омикрон штамына қатысты қауіптенудің азаюына байланысты тәуекел-сентименттің жақсаруы аясында 1,8%-ға (21,27-ден 20,88-ге дейін) нығайды. Қарашада инфляция талдаушылардың күткенін асып түсіп,  1,14%-ға а/а жетті, бұл ақша-кредит саясатын қатаңдатуды жалғастыру мүмкіндігін арттырады;

Бразилия реалы Орталық банктің мөлшерлемені 9,25%-ға дейін (150 б.п.) арттыру жөніндегі шешімі аясында 0,7%-ға (5,65-тен 5,61-ге дейін) нығайды;

Оңтүстік Африка ранды 0,6%-ға (16,08-ден 15,98-ге дейін) нығайды. Валюта инвесторлардың тәуекел дәрежесінің ұлғаюы аясында нығайды, бірақ аптаның соңына қарай 2021 жылғы 3-тоқсанда ІЖӨ-нің 1,5%-ға тоқ./тоқ. қысқарғаны туралы деректер шыққаннан кейін оң серпін  (сарапшылардың күткенінен де нашар) аяқталды;

Ресей рублі АҚШ пен РФ басшылары арасында жүргізілген келіссөздерінің нәтижесінде аталған мемлекеттер арасындағы геосаяси шиеленістің бәсеңдейтінін күту аясында 0,6%-ға (73,88-ден 73,43-ке дейін) нығайды;
Индонезия рупиясы тәуекелді активтер бағасының өсуі аясында 0,3%-ға (14 420-дан 14 371-ге дейін) нығайды;

үнді рупиясы жергілікті нарықтан шетелдік капиталдың әкетілуі аясында 0,8%-ға (75,17-ден 75,78-ге дейін) әлсіреді;

түрік лирасы ұлттық валютаны тұрақтандыру мақсатында жүргізілген валюталық интервенцияларға қарамастан 1,3%-ға (13,7-ден 13,88-ге дейін) әлсіреді.

 

Сондай-ақ оқыңыз