Инвестиция

Проблемалық тұрғын үй мәселесі қашан шешіледі? Күмәнді құрылыс компаниясын қалай тануға болады?

Үлескер қаржысын тартқан компания үш негізгі құжатты көрсете алуы тиіс

Тұрғын үй нарығында құрылысты соңына дейін жеткізбей, үлескерлерді тентіретіп қойған компаниялар жетерлік. ҚР «тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы» заңына сәйкес бірыңғай оператордың кепілдемесін алған немесе екінші деңгейлі банктер жобасына қатысушы компаниялар ғана үлескерлер қаржысына үй бастай алады. 

Бұл ретте азаматтардың адал компанияларды тап басып тани алуы өте маңызды. Ол үшін әкімдік сайтын әркез қарап отыру керек. Ол жерде сенімді құрылыс компанияларының тізімі жаңартылып тұрады. Бұл ретте архитектура, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының ресми сайтындағы деректер базасынан әкімдік рұқсатын алған компания мәліметтерін қарауға мүмкіндік бар. Мәселен, әкімдік рұқсатын иеленген компаниялар қатарында «Базисинвестстрой» ЖШС, BAZIS-A Corp ЖШС, BI Expo City, «Милан-Астана», Nova City Development, BI Development Astana, Bikom Realty, «Биком Инжиниринг» ЖШС бар. 

Елімізде қаңтар-қыркүйек аралығында 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның 2,1 млн шаршы метрі елордада салынған. Көрсеткіш бүкіл ел бойынша – 8, ал Нұр-Сұлтанда 11 пайызға өскен. Қазан айында 32,5 мың сату-сатып алу келісімі жасалған. 

Үлескерлер құқығын қорғау жұмыстары барлық өңірде атқарылады. Халықты сапалы және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуді басты бағыт еткен мемлекеттік шараларды жүзеге асырумен айналысатын «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ бірыңғай операторы да жұмыс істейді. 

Ал проблемалық құрылыс салған компаниялар қатарында – BS Company, White Gold Development, General Capital Company, Dicoldi Partners, «Асыл тас инвест construction», International invest Company IIC, Transcapital және «Астана Девелопмент жобалық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. 

Алаяқтар арбауына түспес үшін тек сенімді құрылыс компанияларының үйлерін сатып алу қажет. Үлескер өз қауіпсіздігі үшін құрылыс компаниясынан келесідей құжаттарды талап етуге құқылы: 

•    Бірыңғай оператормен жасалған кепілдік беру туралы шарт және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдік алу әдісімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру кезіндегі оның негізгі шарттары;

•    Екінші деңгейлі банк жобасына қатысу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу ұйымдастырылған жағдайда немесе көппәтерлі үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескер ақшасын тартуға қатысты жергілікті атқарушы органның рұқсаты. 

«Қазақстан тұрғын үй компаниясының» бағалауынша еліміздегі үлескерлік құрылыстың 60 пайызы көлеңкелі және заңсыз схема арқылы жүзеге асырылады. Елорданың өзінде құрылысы аяқсыз қалған нысан (тұрғын үй) саны 65-ке жетеді. 15 мыңға жуық үлескер проблемасы әлі шешімін таппай тұр. 

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықовтың айтуынша, заңды айналып өтетін схеманы тіпті сенімді компаниялардың өзі жиі қолданады. 

«Компаниялар үлескерлік құрылыс туралы заңды белден басып, түрлі келісімшарт жасайды, әртүрлі баға көрсетеді. Кейде келісімдерде өзіндік құннан да төмен бағалар көрсетіледі. Мұның бәрі салық төлемес үшін немесе аз төлеу үшін жасалады. Кез келген құрылыс компаниясының банкпен, ал үлескердің нотаруиспен өзара қатынасы бар. Бұл процесте банк пен нотариус келісім мен төлем мінездемесін тексерсе, онда заңсыз компаниялардың жолын кесуге болар еді. Мұндай процестерді жеделдететін цифрлы технологияларды пайдалану қажет. Мысалы, 2022 жылы жаңартылған Казреестр порталы. Ол жерге кез келген азамат кіріп, құрылыстың заңды немесе заңсыз екенін көре алады» дейді ол. 

Компания өкілінің айтуынша, үлескер қаржысын тарту үшін тек үш құжат керек: үлескерлік қатысу келісімшартының типтік формасы, әкімдік рұқсаты және бірыңғай оператордың кепілдемесі. Құрылыс компаниясы болашақ үлескерге қажетті құжатты көрсетуге міндетті. 

«Егер компания осы үш құжатты көрсете алмаса онда күмән келтіруге болады. Инвестициялау, цессия, брондау сияқты келісімшарттың басқалай түрлері заңсыз болып саналады. Сосын үй бағасына қарау керек. көбі нарықтық бағадан төмен құн қойып тастайды. Біз заңды және заңсыз құрылыс компанияларының төлемдерін бақыламайынша үлескерлік құрылыс проблемасы шешілмейді. Тура 2006-2007 жылдардағыдай ипотекалық дағдарыс орын алуы мүмкін. Сол кезде жүздеген құрылыс компаниясы банкрот болып, мемлекеттің 65 мыңнан астам үлескер проблемасын шешуіне тура келіп еді. Бұл сегмент толық бақылауда болмағандықтан нарыққа адекватты түрде болжам жасау қиын» дейді Олжас Салықов. 

Бұл ретте Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы мынадай кеңес береді: 

•    Егер үлескерлік қатысу келісімшартынан тыс төлем талап етсе; 
•    Рұқсат еткен құжаттарды көрсетуден бас тартса; 
•    Нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен пәтер ұсынса
ПӘТЕР САТЫП АЛМАҢЫЗ. 

«Егер құрылыс компаниясы әлдеқайда төмен бағамен үй ұсынса бұл сізді алаңдатуы тиіс. Ондай баға құрылыс материалдарының қымбаттауы және инфляцияға қатысты тәуекелдерді ескермей тұр, демек құрылыс кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін немесе ол ұзақ мерзімді құрылысқа айналып кетеді» дейді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.