AERC болжамы мен экономист көзқарасы қабыса ма? Қазақстан экономикасы қашан қалпына келеді?

Жарияланды
Әлемдік экономикаға COVID-19 әмір жүргізіп тұр

2021 жыл да аяқталуға жақын. Биыл экономикамыз үшін аса жайлы жыл болды деуге келмейді. Пандемия дауылынан кейін қалт-құлт еткен экономика енді ғана еңсе тіктей бастады. Биыл қымбатшылық қатты өсті. Инфляцияны ауыздықтау қиынға соғып тұр. Осыған байланысты Ұлттық банк базалық пайыздық ставканы үш рет қатарынан көтеруге мәжбүр болды. 

Жақында экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) кезекті макроэкономикалық болжамын жариялады. Жаһандық экономика біртіндеп қалпына келуде, дегенмен пандемияның тәуекелі әлі сақталып тұр. Осыған орай халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдік экономика өсімін 4,9-дан 5,9 пайызға дейін төмендетіп еді. Керісінше, дүниежүзілік банктің бағалауы сәл де болса позитивті – 5,6 пайыз. 

«Инфляция үрдісімен дамыған елдер де, дамушы елдерде де бетпе-бет келді. Кейінге қалдырылған сұраныстың қайта нарыққа келуі өндірушілер тарапынан барлық биржалық тауарлар бағасын көтеріп жіберді. Жыл басынан бері энергетикалық тауарлар – 1,7 есе, ауыл шаруашылық тауарлары – 11, металл 17 пайызға қымбаттады. Қазан айында Brent маркалы мұнай үш жылдық максимум – барреліне 86 долларға жетті. Еуропада газ да 3 есе қымбаттады. Карантиндік шектеу шаралары аяқтала салысымен кейінге қалған сұранысты өтеу үшін қытайлық және еуропалық өндірушілер тарапынан энергетикаға деген сұраныс күрт артты. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 9 айда Қазақстан экономикасы 3,4 пайызға өсті. Сөйтіп, қалпына келу траекториясына шықты. Бірақ барлық компоненттер бойынша баға өсімі негізгі проблема болып қалып отыр» деп жазады сарапшылар. 

Әлемдік экономикаға әлі де COVID-19-дың әмір жүргізіп тұрғаны жасырын емес. Әрі қарай жаһан экономикасы қалпына келуін жалғастыра ма, әлде кенеттен пайда болған штамдар әсерінен қайта омақаса құлай ма, ол жағы әлі белгісіз.  

«Қазақстан экономикасына болжам жасау үшін тек эпидемиологиялық жағдайды ғана емес, сыртқы факторларды ескерген жөн. Мәселен, сауда-серіктес елдер экономикасындағы өзгерістер. Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2021 жылы Қытай, ЕО және Ресей ішкі жалпы өнімі 8, 5,4 және 4,7 пайызға өседі. Ал 2022 жылы Ресей – 2,9, ЕО – 4,1, Қытай экономикасы 5,6 пайызға өсім көрсетеді. Бұл ХВҚ-ның болжамы» деп жазады AERC. 

Сонымен қатар зерттеу орталығы сарапшыларының болжауынша, келер жылы долларға шаққандағы теңге курсы 430,4 теңге көлемінде болса, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 66 доллардан саудалануы мүмкін. 

«2022 жылы AERC қазақстандықтардың номиналды қаржылық табысы 2020 жылмен салыстырғанда 12,0 пайызға өседі деп күтеді. Мұндай позитивті болжам президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келер жылдан бастап минималды жалақы мөлшерін көтеруімен байланысты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жылдық орташа тұтыну инфляциясы 7,8 пайызды құрайды. Алайда 2022 жылдан бастап төмендеу күтіледі. 2022 жылы орташа жылдық инфляция деңгейі 6,5 пайыз болуы мүмкін. Сондай-ақ әлемдік аренадағы шикізаттың қымбаттауын ескере отырып, Қазақстанда өнеркәсіптік инфляция деңгейі жоғары болады деп болжаймыз. 2022 жылы инфляцияны тежеуге бағытталатын мемлекеттік бюджет шығындары 2021 жылмен салыстырғанда 3,6 пайыз немесе 14,97 трлн теңгеге дейін қысқарады деген болжам бар» делінген зерттеуде. 

Айтып-айтпай не керек, ел экономикасының әлі дамудың даңғыл жолына түсіп кете алмай тұрғаны анық. Импортқа деген тәуелділік сәт санап өсуде. Сонымен қатар теңгенің әлсіздігі де көп жағдайда бізді әлсіз позицияға қалдырады. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков соңғы жылдары сыртқы факторлар әсерінен экономикалық өсім қарқыны баяулап қалды деп есептейді. 

«Қазір Қазақстан экономикасын 6 негізгі құрылымдық секторға бөліп қарастыруға болады. Олар: экспорттық-шикізаттық сектор (тау-кен өндірісі, мұнай-газ өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) экспорттық бөлігі). Бұл сектор ЖІӨ-нің 14-16 пайызын құрайды. Екіншісі – ішкі сектор (өңдеуші өнеркәсіп, АӨК, құрылыс). ЖІӨ-нің 24-26 пайызы. Үшіншісі – инфрақұрылымдық сектор (транспорт, ТКШ, байланыс). ЖІӨ-нің 11-12 пайызы. Төртіншісі – сауда және жөндеу. ЖІӨ-нің 16-17 пайызы. Бесіншісі – әлеуметтік қызметтер секторы (денсаулық сақтау, білім). ЖІӨ-нің 7-8 пайызы. Алтыншысы – өзге де салалар (жылжымайтын мүлік, мемлекеттік басқару, қаржы секторы). ЖІӨ-нің 21-25 пайызы. Зерттеу жүргізе отырып дәл осы бөліністің бірде бір ресми құжатта жазылмағанына көз жеткіздік. Яғни, үкімет экономиканы дәл бұлай бөліп қарап көрмеген. Бұл ел билігінің өздерінің экономикалық саясатын жүргізуіне кедергі келтіреді» дейді экономист. 

Ол сондай-ақ Қазақстанның өзіне тән «экономикалық кеселін де» атайды. Оның айтуынша, ол «кеселдің» аты – ірі кәсіпорындарды мемлекет меншігіне өткізу. 

«Біз бұл моделді «қазақша экономикалық кесел» деп атадық.  Мысалы, соңғы 7-8 жылда Ұлттық қордан бөлінген 548 млрд теңге төрт компанияны мемлекеттендіру үшін жұмсалған. Оның ішінде Kazzink пен Екібастұз ГРЭС-2-де бар. Мемлекет компанияны мемлекет меншігіне алады. Оның шығындары мен міндеттемелерін орындайды. Сосын шаруасы тұрақталған кәсіпорынды қайтадан жекенің қолына сатып жібереді. Осы уақыт ішінде 733 кәсіпорынды жекешелендіруден бюджетке небәрі 436 млрд теңге түскен. Көргеніміздей, айырмашылық жер мен көктей» дейді. 

Қайырбек Арыстанбеков 80 пайыздан астам дауыс жинап, бір партияның билікте отыруы жағдайында елдің экономикалық даму жолына жете алмайтынын, партиялар арасындағы бәсекелестік қана экономикалық өсімді жеделдетінін айтады. 

«Тағы бір проблема – соңғы жылдары республикалық бюджет ЖІӨ-ге 3-3,5 пайыздық тапшылық қатынасымен қабылданатын болып жүр. Соған орай төлем балансы да тапшылыққа ұрынып, ұлттық қор өсімі көбеймейді. Жүргізген зерттеуден байқағанымыз, бюджет тапшылығы жоқ елдерде төлем балансы теңеседі, сосын өсе бастайды. Сөйтіп, профицит пайда болады. Үкімет егер тым құрыса бір жыл бюджетті тапшылықсыз қабылдар болса, бір жылдан соң-ақ оң динамика көре бастаушы едік. Өйткені төлем балансының тапшылығы – ел экономикасының маңызды бөлігі» дейді Арыстанбеков. 
 

Сондай-ақ оқыңыз