Онлайн қызметке сұраныс артты. Интернет жылдамдығы талапқа сай ма?

Жарияланды
Банктердің мобилді қосымшасы қарқынды дами бастады

Пандемия мен локдаун соңғы жылдары арагідік қана айтылатын қашықтан жұмыс істеу процесін жылдамдатып тастады. Қазір оқу, жұмыс ғана емес, өзге де тұрмыстық тұтыну қызметтерін онлайн алуға мүмкіндік бар. «Коронадағдарыс» цифрландырудың маңызын ұғындырып, технологиялық трансформацияның күнделікті қажеттілікке айнала бастағанын аңғартты. 

Қазақстанда әсіресе, қаржылық және әлеуметтік сала жылдам цифрланып жатыр. Халық та бұл жаңашылдыққа дайын болып шықты. Ranking порталының жазуынша, қазір Қазақстан халқының 84 пайыздан астамы қаржылық сауаттылыққа ие. Бұл талап тұрғысынан озықтық бойынша Алматы (91,4 пайыз) мен Нұр-Сұлтан қалалары (91,3) және Алматы облысы (88) көш бастайды. 

Ең озық үлгілердің бірі ретінде зейнетақы қаржысын пайдалануды айтсақ болады. Мұндай мүмкіндік қазақстандықтарда биыл ғана пайда болды. Бағдарламаның операторы «Отбасы банк» ыңғайлы болу үшін арнайы сайт ашып, азаматтарға сол жерде өтініш қалдыра бастады. Тек өтініш қалдыру емес, арнайы шот ашу, ақшаның түсуін бақылау, зейнетақы қаржысын пайдалану процестері де түгел онлайн жүзеге асырылады. 

«Отбасы банк» өз жұмысының барлық бағыты бойынша цифрлы қызметтерді дамыту үстінде. Банктің мобилді қосымшасын қолданушылар жоғары бағалаған. Қазір ол қосымша Google Play Store-дің қаржылық секторында ТОП-5 қатарына кіреді. Ал App Store-да төртінші позицияда тұр. Лидерлер қатарында Halyk Homebank, Kaspi.kz, Jusan және БЖЗҚ қосымшалары да бар. 
Otbasy bank мобилді қосымшасына тіркелген азаматтар саны 1,7 млн-ға жеткен. Бүгінде клиенттердің 30 пайызы операцияларды интернет-банкинг арқылы іске асырады. 2022 жылы олардың саны 50 пайызға жетуі мүмкін. 

Otbasy bank қосымшасы арқылы клиенттер: 
•    Арнайы шот аша алады; 
•    Депозит шарттарын өзгерту бойынша операция жүргізе алады (жинақтау мерзімі және келісім сомасы); 
•    Жеке депозиттерді біріктіреді, отбасылық пакет құра алады; 
•    Аударым операцияларын жасай алады; 
және басқа да көптеген мүмкіндіктер бар. 

Жалпы, елімізде банк қызметтерін онлайн тұтыну қатты өрістеп келеді. 2021 жылдың үшінші тоқсанының соңындағы мәлімет бойынша, екінші деңгейлі банк онлайн сервистерінің 35 млн қолданушысы бар екен. Соңғы екі жылда олардың саны екі есе өскен. Алайда мобилді қызметті тұтыну үшін де жоғары жылдамдықтағы интернет қажет. 

2021 жылға дейін елімізде интернет жылдамдығы бір деңгейде қалып келсе, 2021 жылдан бастап өзгеріс енді. Биыл қазан айында интернет жылдамдығы секундына 31,93 Мбит болды. Бұл жылдың басымен салыстырғанда 63,6 пайызға жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар Қазақстандағы интернет жылдамдығы Арменияны есепке алмағанда ЕАЭО елдерінен де жоғары екен. Мұндай деректі Ranking таратады. 

«Сектордағы инвестиция көлемінің өсуі және мобилді байланыс операторлары тарапынан қабылданған шаралар осы бағыттағы оң динамиканың пайда болуына әсер етті. 2020 жылға дейін ақпарат және байланыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция біресе ұлғайып, біресе құлдырап отырды. Алайда 2020-2021 жылдары сектордағы инвестициялық белсенділік кәдімгідей байқалады. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша телекомдағы капиталдық салым сомасы 96,5 млрд теңгені құрады. Мұндай салым 2020 жылы 95,5 млрд теңге болса, сонау 2016-2019 жылдары небәрі 46-55 млрд теңге болған еді. ЕАЭО елдерімен салыстырғанда Қазақстанда ақпарат және байланыс саласына әлдеқайда көп инвестиция салынады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сектордағы капиталдық салым көлемі 409 млн долларды құраса, Белорусияда – 292, Қырғызстанда – 47, Арменияда 19 млн доллар» деп жазады Ranking. 

Қазір елімізде үш мобилді байланыс операторы жұмыс істейді. Олар – Kcell, Теле2/Altel және Beeline. Ең көп қаржыландыру көлемі Kcell-де байқалады: 11,4 млрд теңге (2020 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 58,9 пайызға жоғары). Теле2/Altel бойынша ашық дерек жоқ. 

Statista аналитиктерінің болжауынша, бүкіл әлемде мобилді интернет трафиктері өсе бастады. 2018-2022 жылдары трафиктің орташа жылдық өсімі 46,8 пайызды құрайды. Атап өтерлігі, әлемде де, Қазақстанда да әсіресе мобилді интернетке қаржы секторы, білім, денсаулық салалары тәуелді болып отыр. 

Айтпақшы, соңғы бірнеше күн бедерінде елімізде алғаш рет 5G жұмыс істей бастады. Интернеттің бесінші буыны Түркістан қаласында іске қосылды. Жоба телекоммуникация саласындағы әлемдік лидер Ericsson және Kcell байланыс операторының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асты. 

«Қазақстанда 5G-дің іске қосылуы цифрлы экономика өсімінің драйверіне айналады. Интернет желісінің жаңа буыны жасанды интеллектті, smart city концепциясын, Big Data-ны дамытады. Қазір бүкіл Түркістанды қамтитын 8 outdoor-станций бар. Олар қаланың маңызды стратегиялық және туристік нысандары: қалалық әкімдік, Конгресс-золл, «Түркістан Арена», автовокзал, «Фараб» орталық кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы және басқа. Outdoor-дан бөлек, маңызды туристік нысандарда indoor-сайттар орнату жоспарда бар. Қазірдің өзінде 5G желісіне Kcell және Аctiv абоненттері қосыла алады» деді Kcell басшысы Юрий Харламов. 
 

Сондай-ақ оқыңыз