Жаңалықтар

2022 жылы АЕК пен ең төменгі жалақы қанша болады?

АЕК-ке байланған әлеуметтік төлемдер де өзгереді

2022 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 063 теңге болады (2021 жылы 1 АЕК – 2917 теңге). АЕК жәрдемақы мен өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сондай-ақ, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеуге пайдаланылады.

2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгені (2021 жылы – 42 500 теңге) құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жасаған жолдауында ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге жеткізуді тапсырған еді. 

Келесі жылы ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы 19 450 теңгені (2021 жылы – 18 524 теңгені) құраса, ең төменгі зейнетақы – 46 302 теңгені (2021 жылы – 43 272 теңгені),  ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеге (2021 жылы  – 34 302 теңге) жетеді. 

АЕК өскеннен кейін, оған байланған төлемдер де өзгереді. Мәселен, бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы 38 АЕК-ті құрайды. Яғни, 2022 жылы ол 110 846 теңгеден 116 394 теңгеге дейін өседі. Төртінші және одан кейін дүниеге келген балаға берілетін жәрдемақы 192 969 теңгеге жетеді (2021 жылы 63 АЕК – 183 771 теңге).

Жұмыс істемейтін аналарға бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы: 

бірінші балаға – 17 643 теңге (2021 жылы 5,76 АЕК – 16 802 теңге);

екінші балаға – 20 859 теңге (2021 жылы 6,81 АЕК – 19 865 теңге);

үшінші балаға – 24 045 теңге (2021 жылы 7,85 АЕК – 22 898 теңге);

төртінші және одан кейінгі балаға – 27 261 теңгені (2021 жылы8,90 АЕК – 25 961 теңге) құрайды.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемі 7%-ға көбейеді.

1 қаңтардан бастап Қазақстанда онлайн-платформалар арқылы тауар мен қызмет сататын шетелдік компаниялар ҚР бюджетіне «Google  салығын», яғни, 12% ҚҚС төлеуге міндетті.

Бұдан бөлек, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінде жеке табыс салығын (ЖТС) және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны шегеру үшін есептік көрсеткіш ретінде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) пайдаланылмайтын болады. Оның орнына 14 айлық есептік көрсеткішке  тең көрсеткіш пайдаланылады.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда ең төменгі жалақының өсіргеннің қандай салдары болатынын жазған еді. Сол кезде премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Үкіметте өткен брифингте бұл жайт инфляцияның 0,7%-ға өсуіне ықпал етеді деген. Оның пікірінше, бұл қысқа мерзімді әсер. Өндіріс тұтыну тауарларына деген сұраныстың артуына бейімделген сайын, инфляцияға әсер біртіндеп төмендейді.