Инвестиция

30 жылда еліміздің құрылыс саласы қалай дамыды?

Жаңа заман – жаңа талап

Жақсы болсын, жаман болсын, тәуелсіздік алғалы бері 30 жылда құрылыс саласы тәуір дамыды. Құрылыс секторының даму қарқыны бірінші кезекте тұрғын үй құрылысының дамуымен байланысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, ел аумағын ұйымдастырудың бас схемасы – елдің кеңістіктік дамуының ұзақ мерзімді көрінісін қамтитын негізгі қала құрылысы құжаты алғаш рет 2013 жылы әзірленген. 

«2015 жылдан бастап бас схемаға – экономикалық мамандануға, инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуге және экологиялық заңнамаға сәйкестікке 500-ден астам жоба қаралды. Олардың 59-ы сәйкессіздік пен жоғары инфрақұрылымдық шығындарға байланысты қабылданбады.

Өңірлердің электрондық карталарының, жер учаскелері, инженерлік коммуникациялар туралы ақпараттың, жабық қағаз құжат айналымының болмауы – осының барлығы өңірлік аумақтардың құрылысын тиімді бақылаудың жеткіліксіздігіне себеп болды.

Бүгінде жағдай түбегейлі өзгеруде. Қала құрылысы кадастрының деректерін цифрландыру бірыңғай елдік қала құрылысы саясатын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Қала құрылысы кадастры – «Цифрлық Қазақстан» элементтерінің бірі» деп жазады министрлік. 

Қазір елімізде қалыптасқан мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы жылжымайтын мүлік нысандары мен инфрақұрылым есепке алынады. Соның арқасында қала құрылысы тиімді жоспарланады. 

«2025 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік желілерді цифрландыруды толық және салалық регламенттер мен қала құрылысы кадастрының инфрақұрылымының мамандандырылған есептік жүйесін аяқтау жоспарлануда, құрылыс объектілерінің жоспарлау және рұқсат беру құжаттамасын алу сәтінен бастап пайдалануға беруге дейінгі өмірлік циклін қадағалау үшін пайдалануға болады. Биыл жыл соңына дейін агломерацияларды дамытуды, қала құрылысына жаңа стандарттарды енгізуді, қала құрылысы сараптамасы институтын, құрылыс саласында on-line есепке алу мен тіркеуді бекітетін заңнамалық базаны әзірлеу аяқталуы тиіс» делінген хабарламада. 

Кеңес дәуірінде Қазақ Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының (ҚазҚСҒЗИ) атағы аспандағаны белгілі. Аталған оқу орны еңбек нарығына аса қажетті мамандар шоғырын даярлап отырды. Институт қызметкерлері еліміздің, жақын және алыс шетелдердің аумағындағы жер сілкіністерінің салдарын зерттеуге және жоюға белсенді қатысты.

Институт базасында ТМД-да сирек кездесетін ғимараттарда инженерлік-сейсмометриялық станциялар желісі қалыптасты. Алматы, Тараз және Қапшағай қалаларында сондай 12 станция бар. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап институт Алматы қаласындағы 11 мыңнан астам құрылыстың сейсмотұрақтылығын зерттеп шыққан. 

Институт тәуелсіздік алғаннан кейін де отандық құрылыс саласына өзінің өлшеусіз үлес қосуын жалғастыра түсті. Қазірде бұл институт құрылыстың сметалық құнын айқындаудың ресурстық әдісін және еурокодтар жүйесін енгізуге жауап береді.

«Институт мамандары 10 Еурокод, 57 ұлттық қосымша және 69 ҒТБ әзірледі.  Сонымен қатар, олар қауіпсіз құрылыстың барлық талаптарына сәйкес келетін және құрылыс салушылар қолдана алатын 600-ге жуық тұрғын үй-азаматтық және әлеуметтік жобалар жасады. Институт құрылыс саласын цифрландыру бойынша да белсенді жұмыс істейді. Айтпақшы, институт базасында ТМД елдерінің құрылысында ақпараттық модельдеу технологиясы саласындағы нормативтік-техникалық базаны дамыту жөніндегі комиссия құрылды» деп жазады ведомство. 

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 169 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынды. Соның арқасында 1,5 млн азамат тұрғын үй жағдайларын жақсартқан. 

Тек соңғы 12 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 есе – 1,7-ден 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 

Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету әрбір тұрғынға 22,6 шаршы метрге жетті, оның ішінде қалалық жерлерде – 25,0 шаршы метр, ауылдық жерлерде – 19,3 шаршы метр.

Әрине, мұнымен бірге «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары, «Жұмыспен қамту жол картасы мемлекеттік бағдарламасы» шеңберіндегі ауқымды инвестициялар, сондай-ақ «EXPO 2017» халықаралық көрмесі, Универсиада, елорданың 20 жылдығы сияқты ірі елдік әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізу құрылыс саласының жылдам қарқынмен өсуіне әсер еткенін де айта кеткен жөн. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынып бітуі тиіс. Бұл дегеніңіз – 163,1 мың тұрғын үй.