Банк пен қаржы

Несие төлемін кешіктіріп алса не істеу керек? Займды қайта құрылымдау және мерзімі өткен берешектен құтылу жолы қандай?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап береді

Несие – біздегі ең маңызды тақырып санатына жатады. Несиесі жоқ жеке және заңды тұлға кемде кем. Ең құрығанда тауар несиесін рәсімдейді. Болмаса кәсіп бастау үшін банк займын алады. Әйтеуір, бұл тақырып хақында азаматтар білуі тиіс көп ақпарат бар. Соның ең маңыздыларын екшеп ұсынамыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие төлемін жасауға байланысты ең өзекті сауалдарға жауап берген. 

Қазір мен декреттік демалыстамын, соған байланысты несиемді төлей алмай жүрмін. Кімге, не деп хабарласуым керек?

Жауап: 2021 жылдың 1 қазанынан бастап банк және микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың банктік және микроқаржылық займдары бойынша мерзімі өткен берешектерін ретке келтірудің бірыңғай міндеттемесі енгізілді. Аталған тәртіп қарыз алушының дәл қазіргі сәттегі төлем қабілетін жоғалтуына байланысты қарызды қайта құрылымдауға берген өтінімін қарастыруға бағытталған. 

Қарыз алушы микронесиені беру туралы келісімшарт немесе банк займы келісімшарты бойынша мерзімі өткен берешек уақыты басталғаннан 30 күнтізбелік күн ішінде несие ұйымына хабарласып, жазбаша немесе басқалай тәсілмен қарызды қайта құрылымдау үшін несие ұйымына өтініш білдіре алады. Бұл тәсіл несие келісімшартында да көрсетілген. 

Өтініште неліктен берешекті өтеу мерзімін ұзартып алғанын атап көрсетіп, қарызды қайта құрылымдауға байланысты өз нұсқасын ұсынып, табысының азайып кеткені немесе өз міндеттемесі бойынша қарызды төлей алатын мүмкіндігінің жоқтығы туралы қажетті құжаттарды көрсетуі қажет. Кредитор бұл өтінішке өз жауабын 15 күнтізбелік күн ішінде ұсынады және: 

•    Келісімшарт талаптарына ұсынылған өзгерістерге келісімін; 
•    Келісімшарт талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсынысын; 
•    Бас тарту себептерін дәлелді негіздеме аясында көрсете отырып, шарт талаптарын өзгертуден бас тартатынын хабарлай алады.

Қарыз алушы және кредитор ұсынған қайта құрылымдау мына түрлер бойынша жүзеге асады: 

•    Сыйақы мөлшерлемесін төмендету; 
•    Несие төлемін кейінге шегеру; 
•    Қарызды өтеу тәсілін өзгерту; 
•    Займ мерзімін ұзарту; 
•    Қарыздық жүктемені азайту (кешіктірілген негізгі қарыз, сыйақы, төлем тұрақсыздығы және төлем мен комиссияның басқа түрлері); 
 
Банк және микроқаржы ұйымы шешім қабылдағаннан кейін келісімшарт талаптарына өзгерістер енгізу 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады. Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдауға қатысты талаптар жөнінде кредитормен ортақ келісімге келе алмаса не болмаса кредитор проблемалық қарызды реттеу процедурасын жасамаса және тиісті негіздеме ұсынылса, онда қарыз алушы 15 күнтізбелік күн ішінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға құқылы. Аталған шағымда банк немесе микроқаржы ұйымына өтініш білдіргенін растайтын құжаттарын да көрсете алуы керек. 

Несие келісімшартына қол қоймай тұрып не нәрсеге назар аудару керек?

Жауап: Келісімшарт талаптарын мұқият оқып шыққаннан кейін барып қол қою керек. Егер бір нәрсе түсініксіз болса банк менеджерінен сұраңыз, мүмкіндік болса заңгермен кеңесіп алыңыз. Тұтынушылардың хабардар болуын арттыру мақсатында форматы барлық банктер үшін бірдей банктік қарыз шартына титулдық бетті қоса беруді көздейтін норма енгізілген. Келісімшарт мәтіні титулды беттен кейін жазылады. Титулдық бетте: 

•    Займ сомасы мен мерзімі; 
•    Сыйақы ставкасының түрі мен мөлшері; 
•    ЖТСМ мөлшері; 
•    Қарызды өтеудің тәсілі мен түрі; 
•    Егер шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу құқығы қамтылса – қарыз алушының банкке тиісті өтінішпен жүгіну үшін осы құқықты жүзеге асыру қажеттілігі туралы мәліметтер;
•    Келісімшарттағы міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұл мен пеня мөлшері. 

Қазір тиімді несие ұсыныстарын жасайтын банк жарнамалары жетіп артылады. Шешім қабылдамас бұрын не нәрсеге мән берген жөн?

Жауап: Түсініксіз жарнамаға сенім несие рәсімдеуге асықпаңыз. Екінші деңгейлі банктердің сайты мен мобилді қосымшасын мұқият қарап, олардың несие өнімдері туралы толық ақпарат алыңыз және оларды салыстырыңыз. 

Банктің несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі туралы да нақтылап білу қажет. ЖТСМ – бұл сіздің жылдық мәндегі үстеме төлеміңіз. Ол төмен болған сайын сіз үшін тиімді бола түседі. Ал төлем тәсіліне келер болсақ, оның қандай боларын өзіңіз таңдауға толық құқылысыз. Көбіне банктер аннуитетті тәсілді ұсынады. Яғни, бүкіл несие мерзімі барысында қарыз алушы ай сайын әрбір сомада қарыздың өзі мен оның пайызы қосылып тұрады. Осылайша, бастапқыда кредиттің тек пайызы төленеді де, соңына қарай ғана қарыздың өзі өтеледі. Бұл тәсіл кредитті мерзімінен бұрын жабу үшін аса қолайлы емес. Ал дифференциалды тәсіл бойынша, мұнда қарыз алған адам бастапқыда таза қарызды төлейді де, артынша қарыздың пайыздарын төлейді, яғни ол уақытқа дейін банк қарызы да біраз азайып қалады.

Бірақ кей жағдайда төлем тәсілін банк өзі қойып береді. Яғни, бұған қатысты шешім қабылдау – қарыз алушының сұрап отырған сомасына, оның төлем қабілетінің деңгейіне де байланысты. Сосын несие мерзіміне мән беру керек. Мерзімге байланысты үстеме төлем де өзгеріске ұшырайды. Егер несие мерзімі ұзақ болса, онда артық төлем де көп болады. 

Банк менеджерінен толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеу шарттарын да сұрап алыңыз. Несие мерзімінің қай кезеңінде де қарызды мерзімінен бұрын жабу кезінде айыппұл немесе артық төлем болу-болмауын біліп алу өте маңызды. 

Банк заңнамасына сәйкес негізгі қарызды толық және ішінара мерзімінен бұрын өтеуді есепке алмағанда банктер займды мерзімінен бұрын жапқаныңыз үшін сізге айыппұл салуға құқығы жоқ.  

Мен банкке несие төлемін кейінге қалдыруды сұрап арыз түсірдім, бірақ олар ұсынысты қабыл алмады. Енді не істеуім керек?

Жауап: Егер сіз банкпен келісе алмасаңыз, онда агенттікке хабарласа аласыз. Бұл ретте міндетті түрде банкке берген арызыңызды және ортақ шешімге келе алмағаныңызды растайтын құжатты да ұсынуыңыз шарт. Агенттік өзінің құзіреті шеңберінде кредитордың әрекетіне қатысты тиісті тексеру жүргізеді және тексеру шараларын аяқтағаннан кейін банк әрекетіне баға береді.