2021 жыл қаржы нарығы үшін жайлы болды ма?

Жарияланды
Тәуелсіздік алғанға дейін еліміздегі банктер саны 1000-нан асып жығылған

Егемендік алғалы бері еліміздің қаржы нарығында елеулі өзгерістер болды. Банк саны бірнеше есе қысқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қаржы орталықтары құрылды. Қаржы институттары бизнеске қызмет көрсетуге бейімделе бастады. Десе де салада шешімін таппай тұрған түйткілдер де баршылық.   

Жақында өткен қаржыгерлердің IX конгресі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасап, Қазақстанның қаржы саласы өңірдегі ең озық жүйе екенін, бүгінде оның жиынтық активі 35 триллион теңгеден асатынын айтқан еді. 

Мемлекет пандемия басталмай тұрып-ақ шағын және орта бизнеске белсенді қолдау көрсету тетіктерін іздей бастаған еді. Алайда оқыстан індеттің басталуы бұл шаруаны одан әрі жеделдете түсті. Сөйтіп, мемлекет қазынасынан ШОБ-қа миллиардтаған қаржы аударылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, экономиканың зардап шеккен секторларында кәсіпкерлерге мақсатты қолдау көрсету үшін барлық ШОБ субъектілеріне 6 пайызға дейін ставкаларды субсидиялау қамтамасыз етілген. Жалпы сомасы 740 млрд теңге болатын субсидияны 4839 компания алыпты.  

«Банктер дағдарысқа қарсы шараларды қолдады. 2020 жыл бойы және 2021 жылдың бірінші жартысында зардап шеккен салаларда ШОБ үшін кредиттерді кейінге қалдырып, қайта құрылымдады. Нәтижесінде 2019 жылғы 13 пайыз болған теріс мәнмен салыстырғанда біз 2020 жылды ШОБ кредиттерінің 7,2 пайызға өсуімен аяқтадық. 2021 жылғы сәуірден басталған экономикалық өсуді қалпына келтіру аясында биыл 9 айда ШОБ кредиттерінің өсуі 18,6 пайыздан, ал экономикаға кредиттердің жалпы өсуі 16 пайыздан асты» дейді Әбілқасымова. 

Соған қарамастан ШОБ шаруасы әлі оңалып кете қойған жоқ. Жыл басынан бері жұмысын уақытша тоқтатқан шағын кәсіпорындар саны 15 пайызға көбейген. Тіркелген 340 мың компанияның 120 мыңы жұмыс істемейтін болып шыққан. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жұмысты уақытша тоқтатуға шешім қабылдаған ШОБ субъектілерінің әрбір үшіншісі сауда саласына (29,3 пайызы) тиесілі екен. Пандемия дауылынан зардап шеккендер қатарында құрылыс фирмалары мен түрлі қызметтерді ұсынушы шағын компаниялар да бар. Еске салсақ, биыл алғашқы үш айдың өзінде 540 ШОБ нысаны 9,3 млрд теңге көлеміндегі несие төлемін кейінге қалдырған. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, бірінші жарты жылдықта бизнеске жеңілдетілген несие ұсыну үшін бюджеттен 1 трлн теңге бөлінген. 

Мәдина Әбілқасымова 2021 жылды қаржы секторын дамытудағы бетбұрыс жылы деп бағалайды. 

«2021 жылы банк секторын төлем жасауға қабілетсіз банктерден және проблемалық кредиттерден қалыпқа келтіру аяқталды. Соңғы екі жылда нарықтан 5 банк кетті. 2017 жылдан бастап барлығы 8 банктің лицензиясы қайтарып алынды, 3 ірі банк шоғырландырылды. Жалпы алғанда, 2017 – 2021 жылдар аралығындағы кезеңде 6,6 трлн теңге сомадағы кредиттер есептен шығарылды. Проблемалық және қайта құрылымдалған кредиттер деңгейі 2017 жылғы 40 пайыздан 2021 жылы қазан айында 10 пайызға дейін азайды. Мерзімі 90 күннен асып төленбеген несиелер көлемі (NPL) 4,3 пайызды құрады. Банк жүйесінің активтері соңғы үш жылда 41 пайызға ұлғайып, 35,6 трлн теңгені құрады» дейді агенттік басшысы. 

Микроқаржы нарығы да – банк секторының маңызды бөлшегі. Жыл басынан бері бұл салада біраз сүзгі жасалып, нәтижесінде 4,5 мың субъектінің қатары біраз сиреді. Қазір 1064 микроқаржы субъектісі жұмыс істейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір микроқаржы ұйымдарының жиынтық портфелі 1 318 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде 207 млрд теңге кәсіпкерлік мақсатқа берілген. Ал кредиттік серіктестердің несие портфелі – 547 млрд теңге. Оның 89 пайызы немесе 488 млрд теңгесі заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын қолдау және дамыту мақсатына берілген. 

Микроқаржы ұйымдары әлеуетінің артуы олардың банкке айналу мүмкіндігін де арттырады. 

«МҚҰ-ны банкке ауыстыру мүмкіндігі елдің қашықта орналасқан өңірлерінің тұрғындары үшін қаржылық инклюзияның дамуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ микро және шағын бизнесті қорландыру базасын ұлғайтады» дейді Әбдірахманов. 

Сонымен қатар банк секторының алдында тұрған маңызды міндет – стрестік активтерді экономикалық айналымға тиімді түрде тарту. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, стрестік активтерді 2026 жылға қарай 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін төмендету жөнінде 2020 жылы жоспар құрылған. Қазір банктер сол жоспардың 47 пайызын орындапты. 

«Агенттік қазіргі уақытта жеке инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және стрестік активтерді сатудың нарықтық тетігін бекітуге мүмкіндік беретін заң жобасын әзірледі. Сондай-ақ осындай активтерді басқару бойынша қызметтердің барлық түрлерін көрсететін сервистік компаниялар институтын енгізу болжанып отыр. Заң жобасы Парламентке биыл жыл соңына дейін енгізіледі» дейді агенттік басшысы. 

Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаровтың айтуынша, тәуелсіздік алғанға дейін еліміздегі банктер саны 1000-нан асып жығылған. 90-жылдардың орта шенінде олардың саны 800-ге қысқарса, 1997 жылы елде 87 банк жұмыс істепті. Осыдан кейін-ақ нарықта үлкен қайшы пайда болды да, банк біткенді оңды-солды турауға көшті. 

Ұлттық банк дерегінше, 1999 жылы – 55, 2000 жылы – 48, 2011 жылы – 44, 2002 және 2003 жылы – 38, 2004 және 2005 жылы – 35, 2006 жылы – 34, 2007 жылы 33 банк болған. Сосын дүниежүзілік экономикалық алапат дағдарыс алдында банк саны қайта көбейген. 2008 жылы – 35, 2009 жылы – 37, 2011 жылы – 39 банк тіркелген. Олардың саны 2015 жылға дейін азаймады. Тек 2016 жылдан кейін ғана сектордағы ойыншылар саны күрт қысқара бастады. 2017 жылы – 33, 2018 жылы 30 банк қызмет көрсетсе, қазір нарықта 22 банк ғана бар. 2014-2015 жылдары Темірбанк, ForteBank және «Альянс Банк» бірігіп, ForteBank болып қайта құрылды. 2015 жылы «Қазком» мен БТА Банк активтерін алмастырды. 2018 жылы «Қазком» мен Halyk Bank бірікті. 2021 жылы наурыз айында АТФБанк пен Jýsan Bank біріккендерін жария етті. Ал соңғы бірер жыл көлемінде Capital Bank Kazakhstan, Delta Bank, Qazaq Bank, Tengri Bank (Punjab National Bank), «Азия Кредит Банк», «Астана Банк», «Казинвестбанк», «Казкоммерцбанк», Пәкістан ұлттық банкі және «Эксимбанк Казахстан» банктері нарықтан кетті.  

2020-2021 жылдары ҰБ іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін 2,3 трлн теңге бөлді. Соның арқасында ел экономикасы пандемияға дейінгі кезеңге оралды дейді  Ерболат Досаев. Ал кәсіпкерлік нысандарына ұсынылған жеңілдетілген несиенің арқасында 1,5 мың бизнес субъектісі 1,1 трлн теңге алған. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҰБ «Қарапайым заттар экономикасы» және «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды 2022 жылы да жалғастырады. Алғашқысы бойынша 940 млрд, баспана бағдарламасы бойынша 400 млрд теңге көлемінде займ берілді» деді ҰБ төрағасы Досаев. Оның айтуынша, ҰБ мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан 2023 жылы кетеді.  

ҰБ дерегінше, екінші деңгейлі банктердің несиелеу көлемі 2 292,7 млрд теңгеге өсіп, 18 084,8 млрд теңгені құраған. 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша банктердің таза табысы – 924,9 млрд теңге. 2020 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 55 пайыз немесе 328,3 млрд теңгеге өскен. 

 

Сондай-ақ оқыңыз