Жаңалықтар

Ұлттық банк қымбатшылықтың бетін қайтара ала ма?

Қазір баға басты мәселе болып тұр. Қарапайым жұрт дүкендегі тауарлардың араға апта салмай қымбаттап жатқанын айтады. Жақында өткен қаржыгерлер конгресіне қатысқан Ұлттық банк басшылары мен өкілдері қазіргі ахуалды байыптап, келешекке қатысты болжамдарын жария етті. 

Баға өсімі қалай тежеледі?

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев дәл қазір Қазақстан бетпе-бет келіп отырған үш негізгі сын-қатерді атады: Біріншісі – инфляцияның жаппай өсуі және әлемдік тауар нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі және тауар жеткізу ісінің тоқтап қалуынан инфляциялық қысымның жоғарылауы. Екіншісі – пандемия әсерінен бүкіл әлемдік экономиканы жедел цифрландыру. Үшіншісі – климаттық өзгерістерге қарсы күрес. Осыларды ескере отырып, Ұлттық Банк биыл наурызда ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекіткен еді. 

«Ақша-кредит саясатының барлық мақсаттарын толыққанды іске асыру үшін биыл ақпанда үкіметпен және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы жаңа келісімге қол қойдық. Ұлттық Банктің негізгі мандаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Экономиканың өсуіндегі оң бағытқа шыққаннан кейін біз проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында ақша-кредит саясатының бағытын өзгертеміз. Жаһандық нарықтардағы сұраныс пен ұсыныс алшақтығының күшеюі жеткізудегі үзілістерге, тасымалдау құнының, шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне алып келеді. Әлемде азық-түлік бағасының өсуі соңғы 10 жылда ең жоғары болды, металдар бір жылда 1,5 есе қымбаттады. Мұндай жағдайларда орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейтуге көше бастайды. Биыл қыркүйектің басынан бастап 24 елдің орталық банкі негізгі ставкаларды көтерді. Еліміздің негізгі сауда әріптесі – Ресейде бес жылдық ең жоғары 8,1 пайыздық инфляция аясында жыл басынан бастап ставка 7,5 пайызға дейін 3,25 пайыздық тармаққа жинақталып көтерілді» дейді ҰБ төрағасы. 

ҰБ төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, соңғы айларда азық-түлікке жатпайтын және ақылы қызметтер инфляциясы айтарлықтай үдеген. Былтыр басылып қалған сұраныстың биыл қайта ояна бастауы да баға қысымын жеделдеткен. 

«Сұраныс негізінен импортқа, оның ішінде тұтыну тауарларына бағытталып отыр. Биыл 9 айда тұтынушылық импорт былтырмен салыстырғанда 21,4 пайызға немесе 1,5 млрд долларға өсіп, 8,8 млрд долларды құрады. Сұраныс жағынан проинфляциялық үрдістерді байқап, осы жылғы шілдеден бастап соңғы үш отырыста базалық мөлшерлемені біртіндеп 25 базистік тармақтан көтере отырып, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді бастадық. Нәтижесінде базалық мөлшерлеме 9,0 пайыздан 9,75 пайызға дейін көтерілді. Біздің әрекет 2022 жылы инфляцияны нысаналы дәліздің 4-6 пайыздық жоғары шегінде тұрақтандыруға және халықтың инфляциялық күтулерін төмендетуге (қазанда – 10,3 пайыз) бағытталды» дейді Баймағамбетов. 

Үкіметкен бірлесе қолға алынған инфляцияға қарсы ден қою шаралары нәтижесін беріп те жатыр дейді Досаев. Оның сөзіне сенсек, азық-түлік бағасының 11,5-тен 11,3 пайызға дейін баяулауы аясында жылдық инфляция соңғы 6 айда алғаш рет өсуді тоқтатқан. 

Импортқа күні қараған елдің көргені осы: 

«Сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі, азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуі және әлемдегі жеткізу қатарының қалпына келуі аясында инфляция баяулайды деп күтеміз» дейді бас банкир. 

ҰБ мемлекеттік бағдарламалардан қашан кетеді?

Сондай-ақ Досаев ҰБ-ның бизнесті қолдау жобаларынан шығуына қатысты да ұстанымын жеткізді. Оның сөзінше, елдегі бас банк бағдарламаларды қаржыландыру міндетін абыроймен атқарды. Сондықтан 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламалар шеңберінен ығыса бастайды. Бұл ретте ол экономиканы нарықтық қаржыландыруға қайта оралу – ақша-несие саясатының тиімділігін арттыратын маңызды басымдық дейді. ҰБ президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру аясында 2020-2021 жылдары іскерлік белсенділікті ынталандыруға, жұмыспен қамтуды қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға 2,3 трлн теңге бөлген. 

«Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын қаржыландыру кезінде 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері (барлығы 1 552, олардың ішінде дара кәсіпкерлер – 233, ірі кәсіпкерлер – 48, шағын және орта бизнес – 1 271) 1,1 трлн теңге сома қарыз алды. Көріп отырғандай, бүгінгі күні экономиканың шамамен барлық секторлары өсу аймағында тұр, осыған байланысты бағдарлама осы жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталады. Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында ҰБ жалпы сомасы 900 млрд теңге қайтарымды негізде жергілікті атқарушы органдарды қаржыландыру арқылы Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға қатысты. Бағдарлама да осы жылы аяқталады. Ал «Баспана хит» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 600 млрд теңге толық игерілді» деді Досаев конгресте сөйлеген сөзінде. 

Бұдан бөлек ҰБ 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын және 7-20-25 жеңілдігі бар ипотека бағдарламасын іске асыруды жалғастыра бермек. Алғашқысы бойынша 940 млрд теңгеге қарыз берілсе, 7-20-25 шеңберінде 400 млрд теңгеден астам сома бөлінген. 

«Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында ҰБ бұрын жарияланған мерзімдерге сәйкес 2025 жылға дейін өзінің қатысуын тоқтатуды жоспарлай отырып, экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан бірінші болып шыға бастайды. Алайда, экономиканың қалпына келу қарқынын ескере отырып, біз 2023 жылдың соңына қарай негізгі бағдарламаларды мерзімінен бұрын аяқтауды жоққа шығармаймыз» дейді төраға.