Жаңалықтар

«1 in 2 out» қағидаты: кәсіпкерлікті реттеу заңнамасы қандай болмақ?

Сенат депутаттары жаңа заң жобасын мақұлдады

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев бүгін  ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясатты енгізу және Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Сенат депутаттары аталған заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҰЭМ баспасөз қызметі 

«Таза парақтан» реттеу жаңа тәсілдері мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді, «1 in 2 out» қағидатын енгізуді, міндетті талаптар тізілімін, бизнес есептілігін автоматтандыруды және мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді»  деді Әсет Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бизнеске қойылатын артық және тиімсіз талаптардың өсуін болдырмау үшін талаптарды белгілеу шарттары заңнамалық түрде айқындалады. «1 in 2 out» қағидатын енгізу мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талаптың күші жойылатынын болжайды.

Бұдан бөлек, нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) мен өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған барлық талаптардың тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурс болатын міндетті талаптар тізілімі жасалады. Тізілімде НҚА-ның жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалады. Сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады.

Ә.Ерғалиевтің айтуынша, автоматтандырылу енгізілмеген және қамтамасыз етілмеген есептілікті ұсынуды талап етуге тыйым салу заң жүзінде бекітіледі. Нәтижесінде, егер мемлекеттік орган есептілікті баламалы түрде – электрондық түрде беру мүмкіндігін жасамаған болса, онда оны қағаз түрінде беруді де талап ете алмайды. 

Заң жобасында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау енгізілген. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысаны тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшуді көздейді.

Жобада сондай-ақ ішкі істер органдарын халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоаралық үйлестіруге байланысты функцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне; қылмыстық-атқару мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді Денсаулық сақтау министрлігіне; пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдарға беру арқылы бейінді емес функциялардан босату көзделеді.

«Кәсіпкерлік қызметті реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға мүмкіндік, жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті іске асыруға серпін береді» деді министр.