Интернетте сатып алу ыңғайлы және тез. Бастысы – оны тексерілген сайттарда жасаған дұрыс. Бұл туралы fingramota.kz сайты айтып берді.
Ақша әдеттегі дүкендерге қарағанда виртуалды дүкендерде білінбей жұмсалады. Банктердің арнайы ұсыныстары мен интернет-сервистердің көмегімен онлайн-шопингті тиімді етуге болады.
Техника, киім-кешек, азық-түлік, авиабилеттерді сатып алуға, такси, сондай-ақ қалаған қызметтеріңіз үшін ақы төлей отырып, ол үшін ақша алуға да болады. Мұндай мүмкіндікті кешбэк береді, яғни сауда-саттықтан соң белгілі бір уақыттан кейін ақшаның бір бөлігін картаңызға қайтару. Мәселен, тауарды сатып алған немесе кафеде түскі астан кейін картамен төлем жасап, бірден немесе айдың соңында сіз жұмсалған сомаңыздан белгілі бір пайызды қайтарып аласыз. Әдетте 1-ден 5%-ға дейін, кейбір жағдайларда банктер кешбэктің бұдан жоғары пайызын ұсынады. Осылайша, банктер өз клиенттерін электрондық төлемдерді белсенді пайдалануға, өздерінің картасы арқылы көбірек төлемдер жасауға ынталандырады.
Банктердің кэшбэкінен басқа арнайы онлайн-сервистердің кэшбэгі де бар. Бұл сайттар онлайн-дүкендермен жұмыс істейді, оларға жұмсалған қаражаттың бір бөлігін қайтаруға уәде беріп, клиенттерді тартады. Сервис осылайша ақша табады, сол ақшаның есебінен сатып алушыға ақша төленеді. Онлайн-сауда кезінде ақшаның бір бөлігін қайтарып алу үшін арнайы кешбэк-сервистерге тіркелу қажет. Әдетте шамамен 5% қайтарылады, бірақ науқан кезінде пайыз 15-40%-ға дейін жетуі мүмкін, Алынған ақшаны шотта сақтау немесе келесі саудаға дейін ұстау міндетті емес – оларды мобильді телефоныңызға, банк картасына аударып, сондай-ақ ақша шығаратын сервистер арқылы (Webmoney, Яндекс.Деньги, PayPal немесе QIWI) шығарып алуға болады.
Бонус түріндегі кешбэктер де болады. Әдетте оларды тек серіктес-дүкендерден жеңілдік алу үшін пайдалана аласыздар.
Онлайн сатып алу кезінде не нәрсеге назар аудару керек?
Интернет-дүкендерде көбіне ақшаны бірден төлеу керек, ал тауар кейін келеді. Дегенмен, тауарды жібере ме? Алданып қалмау үшін келесі жағдайларға мұқият мән беру керек.
Ең әуелі, интернет-дүкеннің сайты өте сапалы болуы тиіс. Яғни ол кез келген сәтте өшіріп немесе ауыстырып тастауға болатын әлеуметтік желідегі қарапайым парақша емес. Веб-парақшаның шифрлануына мән беріңіз. Мекенжайының алдында http емес https болуы керек (s жоғары қауіпсіздікті көрсетеді).
Сайтта сатушының байланыс және тіркелу деректері көрсетілуі тиіс. Бұл телефон нөмірлері, e-mail, заңды деректері мен банк деректемелері. Қажет болса тіркелгенін салық қызметінің сайтынан тексере аласыздар. Сондай-ақ сұрақтарға жедел түрде жауап беретін, сату жөніндегі менеджерлердің телефондары көрсетіледі. Сонымен қатар онлайн-кеңесшілер мен пікірлердің де болғаны жақсы. Айтпақшы, бұл дүкен туралы пікірді желідегі кез келген іздеу жүйесі, сондай-ақ әлеуметтік желідегі топтардан, пікірлер арқылы да біле аласыздар.
Сіз не сатып алып жатқаныңызды, моделін, өлшемін, түсін, фасонын және басқаларын нақты түсінуіңіз үшін интернет-дүкендегі тауар жан-жағынан толық көрсетілуі тиіс.
Интернет-дүкендегі төлем жасау және тауарды және қызметті жеткізу тәсілдері қарапайым, түсінікті және қауіпсіз болуы тиіс. Бірнеше төлем жасау әдісі бар дүкендерді таңдаңыз. Бұл компанияның маңыздылығын көрсетуі мүмкін. Сауда құнын нақтылап алыңыз. Көтерме және бөлшек сауда арасында құн айырмашылығы болады.
Тауардың қолда бар-жоғын нақтылап алыңыз, өйткені ол қоймада болмаған жағдайда, тауар шетелден келгенге дейін қосымша күтуіңізге тура келеді. Жеткізілімді қандай көлік компаниясы жүзеге асыратынын біліп алған жөн. Тауарды және ақшаңызды қайтару мүмкін бе, ол үшін қандай талаптар қойылатынын анықтаңыз, дегенмен заң бойынша мұндай мүмкіндік бар. Әдетте интернет-дүкендер киімді немесе басқа да тауарды өлшеп көру және қайтару мүмкіндігімен жеткізеді.