Жеткілікті шек, АЕК, жөргекпұл: 2022 жылы қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?
2021 жылы мемлекет басшылығы ел экономикасы мен әл-ауқатына қатысты бірқатар шешім қабылдады. Оның басым бөлігі келер жылдан күшіне енеді. Оның арасында БЖЗҚ-дағы қаржата жеткілікті шегінің, айлық есептік көрсеткіштің өсуі мен соған қатысты ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі секілді өзгерістер бар. Курсив 2022 жылы қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.
«Жеткілікті шек» өседі
2021 жылы қазақстандықтарға жеткілікті шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін шешуге рұқсат берілді. Қаражат қолма-қол берілмейді, оны бірнеше мақсатта жұмсауға болады: жылжымайтын мүлік сатып алу, тұрғын үй жағдайын жақсарту, ипотеканы төлеу, жер учаскесін сатып алу, медициналық қызмет алу және бағалы қағаздарға инвестициялау. Ел тұрғындарының басым бөлігі зейнетақы жинағындағы қаражатты баспана алуға жұмсамақ болды, соған байланысты нарықта жылжымайтын мүлік бағасы өсті.
2021 жылдың 3 желтоқсанында БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері күрт өсетінін хабарлады. Мұны ең төменгі жалақы мен зейнетақы төлемінің артуымен байланыстырды.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, 2022 жылы зейнетақының бір бөлігін алу үшін 21 жастағы азаматтың есепшотындағы қаржы 3,2 миллион теңгеден асуға тиіс. Ал 22 жаста – 3,3 миллион теңге, 30 жаста – 4,4 миллион теңге, 40 жаста – 5,8 миллион теңге, ал 50 жаста – 7,4 миллион теңге, 59-62 жаста – 9,1 миллион теңгеден артық қаражат жинауы қажет.
Жаңа өзгеріс туралы ақпарат шыға салысымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына үш күн ішінде 46 мың адам өтініш беріп, қаржысын пайдаланып қалуға тырысты. Ел тұрғындары бұл өзгеріске қатысты наразылық білдіргеннен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Сондай-ақ 14 желтоқсаннан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мақсаттарын растау мерзіміне өзгерістер енгізілді. Енді бұл 45 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Қазір платформаны пайдаланушылар www.enpf-otbasy.kz сайтында қаржыны жұмсаудың белгілі бір мақсатын көрсетсе, оны оңай өзгертуге болады.
Айта кетейік, 2022 жылы 582 мың қазақстандық зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алады.
ЕТЖ мен АЕК қалай өзгереді?
Қазақстанда 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгені құрайды. 2021 жылы бұл 42 500 теңгені құрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның кірісінің өсуіне әсер етеді.
Ең алдымен ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі жалақысы төмен қызметкерлерге қатысты болмақ. Сондай-ақ жалақы мөлшерін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішіне сүйенетін жұмыс берушілер де қызметкерлердің басқа санатының жалақысын белгілеуді қайта қарайды.
Ал айлық есептік көрсеткіш (жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады) 3 063 теңгені құрайды. 2021 жылы ол 2 917 теңге мөлшерінде белгіленген.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы (базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін пайдаланылады) 36 018 теңгені құрайды. Биыл ол 34 302 теңгені құрады.
Зейнетақы қалай өзгереді?
2022 жылы мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 19 450 теңге мөлшерінде белгіленген. Биыл бұл көрсеткіш 18 524 теңгені құрайды.
Келесі жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 302 теңгені құрайды (2021 жылы 43 272 теңгені құрады).
Еңбек министрлігінің ақпараты бойынша, 2022 жылы базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері өсуіне байланысты мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион қазақстандықтың табысы артады.
Атаулы әлеуметтік төлем деңгейі қалай өзгереді?
2022 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгені құрайды, ал 2021 жылы бұл төлем 34 302 теңге болды. Сондықтан кедейлік шегі 2021 жылы 24 011 теңге болса, 2022 жылы бір адамға айына 25 212 теңге төленеді.
Атаулы әлеуметтік көмек әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен адамдарға тағайындалады.
Келер жылы отбасы табысы бір адамға шаққанда айына 25 212 теңгеден аз болса, осы отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
Ескере кететін жайт, отбасының орташа табысы есептелгенде мүгедек балаға төленетін жәрдемақы есептелінбейді.
Ал атаулы әлеуметік көмек көлемі әр адамға қатысты жеке-жеке есептеледі.
Жөргекпұл мен көпбалалы ана жәрдемақысы
Сәби дүниеге келген кезде берілетін бірреттік мемлекеттік жәрдемақы республика бюджеті есебінен беріледі. Ол жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді.
2022 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге төленеді. Ал бір отбасыда егіз, үшем немесе төртем туса, бір реттік мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке төленеді.
Ал бала күтіміне байланысты жәрдемақы ай сайын сәби бір жасқа толық толғанға дейін төленеді. Ол 2022 төмендегідей соманы құрайды:
бірінші балаға – 5 17 643 теңге немесе,76 АЕК;
екінші балаға – 20 859 теңге немесе 6,81 АЕК;
үшінші балаға – 24 044 теңге немесе 7,85 АЕК;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 27 261 теңге немесе 8,90 АЕК.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек төленеді. Оны есептерде әйелдің кейінгі екі жылдағы табысын 24 айға бөледі, артынша мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтеді. Шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайды.
Жүктілікке және босануға байланысты бір реттік төлем жұмыс істейтін әйелдерге беріледі. Қаражатты есептер кезде орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.
Бірінші қаңтардан бастап жүктілік және босану бойынша бір реттік ең жоғары төлем мөлшері өседі. Қазір табысы 7 ең төменгі жалақыдан (297 500 теңгеден жоғары) асатын әйелдер 1 124 550 теңге ала алады, 2022 жылдан бастап ЕТЖ 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты бұл сома 1 587 600 теңгеге дейін өседі.
Айта кетейік, еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, онда коэффициент 4,2-ге тең болады. Егер 140 күнге берілсе, онда 4,7.
2022 жылы көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері мынадай:
4 балаға – 49 100 теңге;
5 балаға – 61 382 теңге;
6 балаға – 73 665 теңге;
7 балаға – 85 948 теңге;
8 және одан көп баласы бар отбасыларға 98 200 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК.
Цифрлық теңге енгізу қолға алынады
2022 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстанда цифрлық теңгені енгізу жұмыстары қолға алынады. Вице-спикер Павел Казанцевтің хабарлауынша, парламент депутаттары цифрлық активтерге қатысты заң жобасын әзірлеуге кірісті.
Қазақстанда цифрлық теңге енгізу арқылы барлық операция мен транзакцияны бақылап отыруға болады. Сол арқылы ақшаның қайда жұмсалып жатқаны бақыланады. Бұл бір жағынан жемқорлықты жоюға ықпал етеді, елдің қаржы жүйесі де барынша ашық болмақ.
Осылайша, 2022 жылы 1 шілдесіне дейін цифрлық теңгені енгізудің технологиялық жолдарының моделі әзірленеді. Ұлттық банктің хабарлауынша, жаңа технология мүмкіндік береді:
- пайдаланушы цифрлық теңгені ұялы телефондағы (немесе басқа құрылғыдағы) цифрлы әмиянында токен түрінде сақтай алады, сол арқылы өз ақшасын толық бақылауда ұстайды;
- цифрлық теңгені пайдаланатын адам сатушыда да, өзінде де интернеттің жоқтығына қарамастан, сауда жасай алады;
- транзакция мәліметтерін есеп айырысқан тараптардың бәрінен жасырып қоюға болады (пайдаланушының таңдауына қарай), солай бола тұра тиісті тексерулер жасауға болады;
- цифрлық теңгені программалаудың арқасында токеннің құрылымында шығындарға шектеу қоюға болады және мақсатты пайдалануды оңай бақылауға болады;
- цифрлық теңгенің инфрақұрылымы арқасында екінші деңгейлі банктер мен қаржылық-технологиялық компаниялар оны оңай қостырып, цифрлы қаражатты пайдаланудың жеке дара сценарийін жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Яғни, нарықтағы ескі компаниялар да, жаңа компаниялар да осындай мүмкіндікке ие болады.