2022 жылы Қазақстанда инфляция қандай болмақ?
Қараша айында Қазақстандағы жылдық инфляция баяулап, 8,7%-ды құрады (қазан айында – 8,9%). Ал сарапшылар келер жылғы инфляцияға қатысты қандай болжам жасап отыр?
«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы ACRA филиалы басшысының орынбасары Жаннұр Әшіғалидің пікірінше, 2022 жылы инфляциялық өсімнің төмендеуі байқалмақ.
2022 жылы инфляциялық үрдістерді күшейтетін ішкі факторлар: кейінге қалған сұраныстың төмендеуі, 2021 жылғы нақты кіріс әлсіз динамикасының әсері, тарифтік саясат инфляцияның Ұлттық банк белгілеген 6 пайыздық шектен асуына ықпал етпеуі тиіс.
Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың болжамы бойынша, келер жылы инфляция 6,5-7,5% дәлізінде болады. Инфляцияның төмендеуі биыл қалыптасқан нақты факторлар мен бірқатар объективті себептерге де байланысты. Биыл бүкіл дүние жүзінде инфляция жоғары болды. Оған логистика, тауар тасымалына қатысты туған түйкілдер де әсер етті. Бұл факторлар келер жылы әлемдік инфляцияға өз ықпалын төмендетіп, тиісінше Қазақстанға инфляция импорты да аз болады. Сонымен қатар, дүние жүзіндегі жетекші орталық банктердің ақша-несие саясатын қатаңдатуы да бағаны арзандатуы тиіс.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының қаржы сарапшылары 12 айдан кейін инфляция 7,5 пайыз болады деп болжап отырғанын мәлімдеген еді.
Сарапшылар 2022 жылы инфляция ҚР ҰБ-тің мақсатты дәлізі – 4-6%-ға қайтып келмейді деп пайымдайды. Елдегі инфляциялық процестер 22 ай қатарынан Ұлттық Банктің нысаналы дәлізінен 4-6% жоғары болды. Яғни елдегі инфляциялық қысым тұрақты деген сөз. 2022 жылдың басынан ең төменгі жалақының өсуі, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі, табиғи монополиялардағы ЖЖМ мен тариф бағасының қымбаттауы, сондай-ақ негізгі сауда әріптес-мемлекеттердегі инфляциялық қысымының артуы сияқты проинфляциялық факторларды ескере отырып, инфляция 4-6 пайыз деңгейінде қалыптасады деп айту қиын. Инфляцияға қарсы кешенді шараларды жүзеге асырған күннің өзінде, Ұлттық банк инфляция 6-6,5 пайыз болады деп болжам жасап отыр.
Экономикалық зерттеулер институты 2021 жылдың күзінде инфляция биыл өз шыңына жеткенін және келер жылдың басында динамикасы өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Алайда әлемдік нарықта қуат көздерінің бағасының күрт құбылуы инфлиция динамикасына кері әсерін тигізіп, оның ҰБ белгілеген дәлізге қайта оралуын қиындатады.
«Сондай-ақ 2022 жылы да тасымал мен логистикадағы түйткілді мәселелер сақталып, бұз өз кезегінде тауар өндірушілердің шығынына әсер етеді деп болжап отырмыз. Алайда екінші жағынан, регулятордың базалық мөлшерлемені көтеруі және Үкімет қолға алатын кешенді шаралар инфляциялық қысымды тежейтін болады» деп қосты сарапшылар.
PWС-дің тоқсан сайынғы макроэкономикалық шолуында сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 64%-ының болжамы бойынша, инфляция деңгейі бір жылда орта есеппен 8,9%-дан аспайтыны жазылған. Сарапшылардың 73%-ы алдағы үш жылда инфляция 8%-дан аспайды деп ойлайды. Бес жылға арналған болжамға қатысты респонденттердің 63%-дан астамы «инфляция мәні 7%-дан төмен болады» деп пікір білдірген. Ел үкіметі инфляцияны төмендету мақсатында кешенді шаралар қабылдаған: базалық мөлшерлемені көтеру, тапшы өнімдердің экспортына тыйым салу.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) макроэкономикалық шолуында жарияланған болжам бойынша, Қазақстанда 2021 жылғы орташа жылдық тұтыну инфляциясы 7,8% деңгейінде қалыптасады. Алайда, 2022 жылдың өзінде орташа жылдық тұтыну инфляциясы 6,5%-ға дейін төмендейді деген болжам жасаған.
Азия даму банкінің болжамы бойынша, Қазақстанда инфляция 2021 жылы қыркүйекте болжанған 6,9% – дан 7,8%-ға дейін артып, ал 2022 жылға арналған болжам 6,4% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
ЕАДБ талдаушыларының дерегі бойынша Қазақстанда инфляция 2022 жылдың соңында 6%-ға дейін, 2021 жылдың соңында 8,4%-дан төмендейді деген болжам жасалған.
ҚР ҰБ төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін инфляциялық үдеріс 8,5-8,7% деңгейінде қалыптасады. 2022 жылы жылдық инфляция біртіндеп баяулап, 6-6,5% шегінде қалыптасады.