Жаңалықтар

Қарағандыда кәсіпкерлікпен айналысқан мемлекеттік қызметкерлерге айыппұл салынды

Заң бойынша оларға кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады

Қарағанды облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет заңнамалық тыйымға қарамастан кәсіпкерлік қызметпен айналысқан лауазымды тұлғаларды анықтады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі басшысының орынбасары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға теңестірілген тұлға ретінде қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұза отырып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

Оның атына тіркелген ЖК Теміртау Мәдениет сарайына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жауыртаудағы кездесу» фестивалін өткізу бойынша 3,9 млн.теңге сомасына қызмет көрсетті.

Осыған ұқсас факт Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманына қатысты анықталды.

Оның ЖК мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кең тұтынылатын азық-түлік емес тауарларды жеткізумен айналысқан.

Аталған тұлғалар Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ӘҚБтК-нің 154-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 408 380 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы жылдың басынан бері 109 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, 31,2 млн.теңге көлемінде айыппұл салды. Әкімшілік жауапкершілікке 100 Жеке және 2 заңды тұлға тартылды.