Халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары мен қазақстандық мамандардың болжамы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі келер жылы 3,6-4,5% аралығында өсуі ықтимал. Еліміздің 2022 жылғы жалпы ішкі өніміне қатысты болжамдарды жинақтадық.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) консенсус-болжамына сәйкес, 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 3,8 пайыз болса, 2022 жылы 4%-ға дейін өседі. Айта кетейік, AERС келер жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелі орта есеппен 66 доллардан сатылып, сауда серіктес елдердің экономикасы 4,3%-ға өсіп, ал елдегі мұнай мен газ конденсатын өндіру 86,5 млн тоннаға жетеді деген болжам жасап отыр. Сондай-ақ, AERC болжамы бойынша, Қазақстанның номиналды ЖІӨ-сі 2022 жылы 86,13 трлн теңгені немесе $200,1 млрд құрауы мүмкін.
Еуразия даму банкінің болжамы бойынша, 2022 жылы ЕАДБ-ға қатысушы мемлекеттердің (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан) ЖІӨ өсімі 2,9%-ды құрайды. Ал Қазақстанның ЖІӨ-сі 2022 жылы 4,2% болады деп болжанған.
ЕАДБ сарапшылары бұл елдердегі экономикалық өсім пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда жоғары болады деп пайымдайды (2019 жылы 2,3%). Оған осы елдердегі инвестицияны қолдау, қызмет көрсету саласындағы белсенділікті қалпына келтіру, сондай-ақ мұнай өндірісін арттыру сынды шаралар себеп.
Желтоқсан айының ортасында Азия даму банкі Қазақстанның 2022 жылға арналған экономикалық өсім болжамын 3,7 пайыздан 3,9 пайызға дейін жақсартқаны белгілі болды.
АДБ өз болжамын шикізат тауарларына деген әлемдік сұраныс артып, іскерлік белсенділік, өңдеуші сектор мен мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламаларының қалпына келуіне байланысты өзгерткен.
S & P Global Rating халықаралық рейтинг агенттігінің болжамы бойынша, Қазақстанның ЖІӨ-сі 2021 жылы – 3,5%-ға, 2022 жылы – 3,6%-ға, 2023 жылы – 3,9%-ға, 2024 жылы-3,5%-ға жетеді. Агенттік өз болжамын COVID-19 қарсы вакцинация қарқынымен түсіндірді.
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі биыл тамыз айында Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 3,5% деп болжап, 2022 жылы 4%-ға дейін жетеді деген.
Сондай-ақ, тамыз айында Moody’s Қазақстан экономикасы 2021 жылы 3,5-4%-ға, ал келер жылы 4-4,5%-ға дейін өседі деп болжап отырғанын хабарлады.
Желтоқсан айының басында Ұлттық банк Қазақстан ЖІӨ-сінің 2022 жылғы өсу қарқынын бұған дейінгі 4,1–4,4%-дан 3,9-4,2%-ға дейін қайта қарады. Ұлттық Банктің өз болжамын қайта қарауына Қазақстанның сауда серіктес елдеріндегі экономикалық белсенділіктің өсімі, Қазақстан экономикасына жаһандық және жергілікті жеткізу тізбектеріндегі іркілістің теріс әсері себеп болған. Қаржы институты сарапшыларының айтуынша, елдегі экономикалық өсімге эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы және 2021 жылмен салыстырғанда энергия ресурстары өндірісінің артуы әсер етеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан экономикасы 2021 жылғы қарашада 0,3%-ға өсті. ЖІӨ 11 айда 3,8%-ға жеткен. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, есептік кезеңде негізгі көрсетілетін қызмет секторындағы өсімнің жеделдеуі, нақты секторадағы тұрақты өсім қарқыны, экспорттың жоғары қарқынмен өсуі есебінен сауда теңгерімінің нығаюы, өндіруші салалардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалады.