2021 жылдың басты жаңалығы – зейнетақы жинағындағы артық соманы алып, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге пайдалану болды. Сол үшін арнайы платформа да (enpf-otbasy.kz) жұмыс істеді. Содан бері 370 мыңға жуық адам 1,7 трлн теңгені зейнетақы қорынан шығарған.
Ал желтоқсан айында біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Мұндағы көпшілік көңіліне жаққан опция – зейнетақы қаржысымен «Отбасы банктегі» депозитті толтыру. Яғни, 2021 жылғы 16 желтоқсанда порталда «Тұрғын үй құрылыс жинақ салымын одан әрі жинақтау үшін толықтыру» батырмасы пайда болды. Қазіргі кезде депозиттерге 11 млрд теңге аударылыпты.
«Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалды және қазақстандықтар бастапқы жарнаны тез жинап, жақын арада қоныс тойын тойлайды. Ең бастысы, бұл опцияны жас қазақстандықтар пайдалана алады. Қазір 18-25 жас аралығындағы жастарға зейнетақы қорынан қаражатты пайдаланудың бар болғаны 5%-ы тиесілі. Жасы мен үлкен кәсіби тәжірибенің болмауына байланысты оларда жеткілікті жинақ жоқ, бірақ олар үшін тұрғын үй мәселесі өте маңызды. Жаңа опция бұл мәселені шешуге арналған» дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Зейнетақы қорындағы қаржымен депозитті толтыру үшін клиенттің банкте арнайы шоты және депозиті болуы керек.
«БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде өтінімді қарап, ақшаны арнайы шотқа аударады. Желтоқсанның басында бұл қызметке сұраныс жоғары болды және 1-15 желтоқсан аралығында өтінімдер саны 3 есе өсті. БЖЗҚ қаражаты түскеннен кейін жеке кабинетке кіріп, толықтырғыңыз келетін салымды таңдайсыз, ақша депозитіңізге аударылады. Қазақстандықтар асығыстық танытқанын атап өткім келеді, өйткені біржолғы зейнетақы төлемдері пайдаланылатын депозиттерге біздің жүйеміздің барлық стандартты шарттары қолданылады. Біріншіден, жылдық 2% сыйақы мөлшерлемесі есептеледі, екіншіден, ең көп дегенде 600 мың теңгеге 20% мөлшерінде мемлекет сыйақы есептеледі – бұл шамамен 200 АЕК. Бұл депозитті қосымша толықтыру үшін үш жыл ішінде тұрғын үй сатып алу қажет, аралық немесе алдын ала тұрғын үй заемын алу керек. Егер банк клиенттері осы көрсетілген кезеңде өздерінің артық зейнетақы қаражатын пайдаланбаса, онда олар БЖЗҚ-ға қайтарылып, зейнетақы жинақтарыңызға айналады» деп түсіндірді «Отбасы банк» басшысы.
БЗТ-ны пайдаланудағы тағы бір жағымды жаңалық – БЗТ есебінен жер учаскесін сатып алып, үй салу.
«Жер учаскелері нарықта екі мақсатта сатып алынады: актіде ЖТҚ немесе жеке қосалқы шаруашылық көрсетілуі тиіс. 24 ай ішінде, яғни 2 жылда осы учаскеде үй салынып, банкке нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Құжаттар online тапсырылады. 2 жылдан кейін жеке кабинетіңізге кіріп, платформада өз өтініміңізді, сондай-ақ пайдалануға беру актісін және жылжымайтын мүлікке тіркелген ауыртпалық құқықтары және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бересіз» деп түйіндеді спикер.
Ибрагимованың айтуынша, БЗТ пайдалану жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне әсер етті деп айтуға болмайды.
«Іс жүзінде жылжымайтын мүлік бағасының өсуі әлемнің барлық елінде болып жатыр. Halyk Resurs зерттеу жұмысы көрсеткендей Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде, соның ішінде Канада мен АҚШ-та жылжымайтын мүлік бағасы екі таңбалы санмен өсті. Еуростат инфографикасынан Швеция сияқты Скандинавия елдерінде де бағаның 10%-ға өскенін анық көруге болады. Еуропадағы жылжымайтын мүлік бағасының өсімі + 6,1% (2020 жылдың бірінші жартыжылдығы мен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығын салыстыру). Өсім Норвегия (+ 9,7%), Германияда (+ 9,4%), Нидерланды (11%) және Данияда (15%) елдерінде де байқалады. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуі барлық жерде орын алды, сонымен қатар азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлар бағасының көтерілуіне мүмкіндік беретін инфляциялық процестер» деп жауап берді «Отбасы банк» басшысы.
Оның сөзінше, келіп түскен өтініштер ішінде ипотеканы өтеуге және тұрғын үйді толық сатып алуға өтінімдер өте аз. Көбі депозитті толықтыруға бағытталған.
«Соңғы жылдары бізде бала туу көрсеткіші артып келеді, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді, 60 мыңнан астам жаңа некелер тіркеледі. Нарыққа Қазақстанда демографиялық өсім басталған екі мыңыншы жылдардың басында туған балалар келді. Осы факторлардың барлығы сұранысқа қатты әсер етеді. Қазіргі кезде нарықтағы ұсыныстар өте көп, біз 15-17 млн шаршы метрге жуық үй саламыз. Менің ойымша, өсу қарқыны төмендейді, бірақ бүгінгі күні қалыптасқан нақты бағалар төмендейді деп күтілуде, бірақ әлемде болып жатқан инфляцияны ескере отырып, мұндай болжам жасамас едім» дейді сарапшы.
Алдағы уақытта БЗТ есебінен жекешелендіру және сатып алу-сату шарттарын ішінара төлеу мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ пайдаланылған қаражаттың мақсатын растау мерзімі 45 жұмыс күнінен 20 күнге дейін қысқартылған.