Жаңалықтар

Алматының екі ауданында 3300 орынды жаңа мектептер ашылды

Жалпы Алматыда ағымдағы жылы қалалық бюджет есебінен 18 оқу орны салынды

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде  мегаполистің Алатау және Наурызбай аудандарында салынған жаңа оқу орындарын аралап көрді.  Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Б. Сағынтаев Наурызбай ауданының Қалқаман-2 шағын аудандағы 1800 орынды №206 мектепті аралап көрді. Мектептер заманауи жиһаздармен, қажетті оқу  құрылғыларымен жабдықталған. 

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Алатау ауданының Томирис шағын ауданында салынған №205 мектепте де болды. Осы заманауи мектептің іске қосылуы 1500 оқушы орнының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. 

Оқу орны жиһазбен және оқу техникасымен толық жабдықталған әрі өзінің алғашқы оқушыларын келесі тоқсаннан бастап қабылдауға дайын. Қазіргі кезде оқушылардың тізімі жасалуда. 

Айта кетерлігі, жаңа мектептер типтік жобалар бойынша салынбаған. Жобалау кезінде оқу орындарына қойылатын жаңа стандарттар арнайы әзірленіп, қабылданды. Олар заманауи сәулет, ойластырылған кеңістіктік дизайн, кең сыныптар мен қоғамдық кеңістіктері бар эргономикалық интерьермен ерекшеленеді. 

Жоба авторлары әр орынның ауқымдылығына қолжеткізуді мақсат етті. Бұған бал ұясы тәрізді кабинеттер есебінен қол жеткізілді. Бұл нысан үй-жайлардың барынша табиғи жарықтандырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кең дәліздер мектеп ішінде еркін жүруге мүмкіндік береді.

Мұнда балалар мен мұғалімдердің жайлылығы үшін барлығы жасалған. Мектептерде спорт залдары, асхана, зертхана және басқа да сыныптар қарастырылған. Аумақтарда стадиондар орналасқан, барлық кеңістіктер барынша  көгалдандырылған.

Мектептер заманауи Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Ата-аналар балалардың кіруі мен шығуы туралы хабарламалар алады. Үш жағынан кіретін жеке топтар қауіпсіз санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұрындары Наурызбай ауданынның Ақжар шағын ауданында №186 мектептің жаңа корпусы ашылған болатын. Келесі жылы Қалқаман шағын ауданда 1500 орынды мектептің, Қарғалы шағын ауданындағы «Зерде» жеке меншік мектебінің,  Шұғыла шағын ауданында 1200 және 1500 орынды екі мектептің, Құрамыс шағын ауданында 1200 орынды мектепің құрылыстарын аяқтау, №15 санаторлық-мектеп интернатты реконструциялау жоспарланған.

Сонымен қатар, Алатау ауданында биыл 125 орынды №166 мектептің жаңа корпусы пайдалануға берілді. Саялы, Нұркент, Дархан және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында 6300 орынды 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оларды 2022 жылы тапсыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Саялы-2 шағын ауданында 550 орынды және Зерделі шағын ауданында 600 орынды мектеп құрылыстарының ЖСҚ әзірленуде. Шапағат шағын ауданында 600 орынды мектеп құрылысы үшін №150 мектепке іргелес жер учаскелерін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы, Алматыда ағымдағы жылы қалалық бюджет есебінен 18 оқу орны салынды, онда 11 563 оқушы орны құрылды.