Жаңалықтар

Жаңа жыл: қаңтарда қолға алуыңыз керек шаруалар

Демалыс күндерін қаржылық қорытынды мен жоспарға жұмсаңыз

Өткен жылдың қорытындысы

Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқауы үшін тілек тілеу жеткіліксіз. Сондықтан алдымен жақсылап қорытынды жасау керек. Айталық, бүгін 1 қаңтар болсын. Қолыңызға қалам мен қағаз алып, өткен жылдың қаржылық қорытындысын жасауға кірісіңіз. Әрине, өткен шақ өтіп кетті, сандарды өзгертуге келмейді. Дегенмен сандарды есептей келе, шығындарды, оның ішінде қай дүниеге жұмсағаныңыз сәтті болғанын, қай шығынның орынсыз болғанын білесіз. Бүгінде мобайл банкиң жақсы дамыған. Сондықтан қай банктің клиенті болсаңыз, соның ұялы телефонға арналған қолданбасын ашып, бір жылдағы есеп-қисапты шолып шығыңыз. Әрі мобайл банкиңде жұмсалған ақша бірнеше категорияға бөлініп тұрады. Бұл да сіздің қорытынды жасауыңызды жеңілдетеді. Одан қала берді рәсімделген несиелер, бөліп төлеу, ипотека, автокредиттер болса, олардың да қанша бөлігі жабылғанын, алда қанша қаражат қалғанын — бәрін қағазға түсіріп, есебін жазыңыз. 

Жалпы алғанда мынадай екі нәрсеге мән беріңіз: табыс және шығын. Алғашқысы бойынша айтсақ, 12 айда тапқан табысыңызды жазыңыз. Оны жоғарыда айтқандай мобайл банкиң арқылы білу оңай. Сөйтіп былтырғы табыспен салыстырыңыз. Шыққан сома көбірек пе, әлде биыл аз тапқансыз ба? Өзіңізге көңіліңіз тола ма? Қай айларда табыс аз болды, оған не себеп? Мұны да өзіңізден артық ешкім талдай алмайды. Сізде табыстың мөлшері маусымдарға қарай артып, азайып тұра ма, жоқ бүкіл айда бірдей ме? Бұл не үшін керек десеңіз, мысалы сіз бүкіл күшіңізді салып, сарқылғанша жұмыс істеймін деп жүріп өзіңіздің «жанып» кеткеніңізді байқамай қалуыңыз мүмкін. Ал ол болса, сіздің өнімді әрі табысты жұмыс істеуіңізге кедергі келтіреді. Сондықтан барлық факторда назарда ұстаңыз. 

Келер жылы көбірек табыс табу үшін не істей алатыныңызды да ойластырыңыз. Аз жұмыс істеп, көп табудың қандай жолы бар? Айталық, сіз массажист боп жұмыс істейсіз. Сағатына 3500 теңгеден 10 клиент аласыз. Енді жаңа жылда көбірек табыс табу үшін сол бағамен көп клиент алсаңыз болады. Немесе олай шаршамас үшін массаждың жаңа түрін үйренуге инвестиция салып, есесіне массаж бағасын 5000 теңгеге көтеріп, сол баяғыша 10 адам жүре бересіз. Сонда жұмыс көлемі артпайды, бірақ табыс молаяды. Кез келген салада жаңа нәрсені үйреніп, даму маңызды. Енді шығынға келсек, ұсақ-түйектің бәрін тізбектеу мүмкін емес. Бірақ осы ұсақ-түйекті есептесеңіз, әлдеқайда көп сома кеткенін байқайсыз. Егер сіз күнделікті қаржы есебін жүргізіп жүрген адам болсаңыз, онда көп дүние айқын көрінеді. Ал олай жазып жүрмейтіндерден болсаңыз, жай ғана қандай дүниелерге көбірек шығындалғаныңызды сараптаңыз.   

Кейде өзіңіз елеусіз деп ойлап жүрген шығындардың бір жылдық есебін қарағанда әлдеқайда көп ақша кеткені анықталып жатады. Мысалы, күнделікті ішетін кофеңіз не мінетін таксиіңіз. Аптасына бес күн таксидің өзіне 10 мың теңге кетеді. Сонда бір жылда тек жұмысқа барып-келу үшін 52 мың теңгеден астам қаражат кетеді. Бұл жерде такси тарифтерінің жыл мезгілдері, ауа-райы мен кептеліс кезіне қарай құбылып тұратынын, сондықтан әлгі 52 мың теңге тек шамамен ғана екенін ескеру керек. Әрі сіз жыл бойы тек жұмысқа тіке барып, тіке келмейсіз. Арасында баратын жерлеріңіз бар. Сонда жылына ең кемі 1 айлық жалақыңыз тек жүріс-тұрысқа кетеді деген сөз. Жұмыстың қасындағы кофейнядан 1500 теңгеге кофе ала кету дәстүрін де осы жолмен есептеңіз. Мұның бәрі сізге өзіндік талдау жасау үшін керек. Осы сынды күнделікті аса қалтадан қақпайтын, бірақ қайталатын шығындарды одан әрі қалдыра бересіз бе, жоқ әлде ауыстырасыз ба? Бәлкім көлік аласыз. Немесе кофе қайнататын аппаратты үйге алып, өзіңіз әзірлеп, стаканға құйып алып шығуды әдетке айналдырарсыз? 

Шығын мәселесіне келгенде әр айдың есебін жүргізу керек. Яғни қай айда шығын тым көп екенін анықтаңыз. Мысалы тамызда еңбек демалысына шықсаңыз, табысыңыз көп болған да, шығыныңыз көп болған да кезең сол болатыны белгілі. Бірақ қарашадағы шығыныңыз тым көп екенін байқасаңыз, неге олай болғанының астарына үңіліңіз. Бәлкім, жыл соңына қарай қатты шаршап, сол шаршауды шопиң жасаумен жапқан боларсыз? Мұндай эмоционал жай-күйді реттеуші факторлар табысыңызға қалай әсер етеді? Осыны да назарда ұстаңыз.  

Жаңа жылдың жоспары

Бұл жерде айтпағымыз бюджетке қатысты. Жеке қаражат десе, көз алдымызға үнемдеу келетіні бар. Дегенмен дәйім үнемдей берген де жөн емес. Ал ол үшін жылдық қаржылық жоспарды дұрыс жасау маңызды. Осы жылы не аласыз, қанша табасыз, ол үшін не істейсіз? Қай тұста орынсыз шығындар болды? Қомақты сомаға алатын затыңыз болса, оны қандай жолмен аласыз? Өткен жылғы ескерілмей қалған тұстарды биыл ескеру үшін қандай шешімге тоқталдыңыз? Осының бәрін шегелеп шыққан жөн. Ойға сарт етіп келген кезде эмоцияның жетегінде алынған дүниелер кейде кері әсер беруі мүмкін. Мысалы жаңа iPhone шыққанын естіп, бірден бөліп төлеуге аламын деп шештіңіз. 12 айға алуын алып, табысыңыз күрт төмендеп, банк алдындағы міндетіңізді орындай алмай қалуыңыз ғажап емес. Сондықтан ондай үлкен сомадағы тауарлар мен қызметтерді сатып аларда жақсылап ойлану керек. Ал ол үшін осындай жылдық бюджеттің жоспары болғаны жақсы.   

Қарыз

Бұл бөлім де өте маңызды. Себебі қарыз — мойныңызла ілулі тұрған жүк. Оны не тастап кете алмайсыз, алып жүру де оңай емес. Әсіресе, бір емес, бірнеше кредиті бар адамдарға. Сондықтан бір басыңызда қарыз көп болса, бәрін жазып шығыңыз. Сөйтіп әлі қанша төлеуіңіз керегін анықтаңыз. Қай кредит қай айда бітеді? Бөліп төлеу болса, оны бірден жапқаныңыз пайда әкелмейді. Ал енді кредит түріндегі міндеттемені неғұрлым ерте жапсаңыз, соғұрлым ұтасыз. Осындай тұстарды есепке ала отырып, тезірек құтылудың қамына кірісіңіз.   

Кредит тарихы

Қарыз түріндегі міндеттемелерді шолып шыққан соң, кредит тарихыңызды шығарып алып, оған да көз шалу керек. Жылына бір рет тегін жүктей аласыз. Болмаса бар болғаны 500 теңгеге жаңасын сұратуға болады. Әлбетте, басында кредиті жоқ адамға мұның қажеті жоқ. Неліктен кредит тарихына үңіліп тұру керек? Бүгінде алаяқтықтың түрі көбейді. Соның ішінде біреудің атынан кредит рәсімдеу. Сондықтан қай айда қандай кредит алынғанын тексеріп отырған артық болмайды. 

Банк карталары мен құжаттар

Өмірде бір шиеленіс туса, бүкіл әлем қабаттасып кеткендей болып жатады. Мысалы банкке үлгеруіңіз керек болып, үйден асығып шықтыңыз делік. Дәл банкке келгенде жеке куәлігіңіздің түпнұсқасын тастап кеткеніңіз есіңізге түсті. Ал ол жерде суретін көрсете салуға болмайды. Үйге қайта барып, құжатты алып шықтыңыз. Сағат болса, кешкі 8 болуға қалыпты. Үлгерейін деп асығып жеттіңіз. Енді қарасаңыз, картаңыздың мерзімі біткен екен. Жаңасына тапсырыс беріп жүргенде банктің жабылатын уақыты болып қалды. Осы сынды жағдай басыңыздан талай өткен шығар? Шын мәнінде мұндай дүние кейде бейқамдықтың кесірінен де болады. Яғни құжаттарды құнттау үшін бір минутты бөлуге уақыт қимай, артынша 1 сағат кептеліспен қайта келуге не ертең баруға мәжбүр боласыз. Сондықтан қолда бар құжат, банк карталарының мерзімін тексеріп, қай айда жаңарту керегін біліп жүріңіз. Құжаттың бүгінгі қаражат тақырыбына қатысы тікелей. Мысалы шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжатыңыздың мерзімі бітсе, табанасты шыққан қолайлы турға бара алмай қаласыз. Сондықтан соңына дейін созып жүрмей, жаңартыңыз. Болмаса, көліктің сақтандыру полисінің мерзімі өтіп кетуі мүмкін. Жүргізуші куәлігінің де мерзімін қарап жүру керек. Мұның бәрі кейде артық шығыннан сақтайды.