Жаңалықтар

Елімізде газ бағасының қымбаттауына не әсер етті?

Министр Мырзағалиев түсініктеме берді

Жаңаөзен халқының сұйытылған газ бағасының қымбаттауына орай қойған талабы бұқаралық сипат алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма беріп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көпшілік алдына шыққанымен, бұл шаралар соншалықты нәтиже бере қойған жоқ. Халық газ бағасының литріне 60 теңгеге дейін төмендегенін талап етеді. Ал билік өкілдері мұнымен келіспейді. 

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы – өңірдегі ең төмен баға.

«2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. 2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну 1,6 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Ал тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соғуда. Бұл тұтынудың тұрақты өсуі аясында тапшылыққа алып келді. Ол, әсіресе 2021 жылы күшейді. Себебі 2019 жылдан бері сұйытылған газға өткізілген автокөліктер саны биыл шамамен 2 есе өсті» деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Мысалы, АИ-92 маркалы бензиннің құны литріне 182 теңге болған кезде газдың нарықтық құны шамамен литріне 127 теңгені құрауы тиіс.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап заңға сәйкес газ саудасы тауарлық биржа арқылы жүргізіле бастады. 

«Электрондық саудаға көшу сұраныс пен ұсыныс негізінде ТМД-дағы бағаны теңестіруге мүмкіндік береді, бұл өндірушілер үшін тартымды жағдайлар белгілеуге мүмкіндік берді және болашақта жаңа өндірістік қуаттар құруға инвестициялар тартуға үміттенеміз. Нарықтық тетіктер бәсекелестіктің дамуына оң әсер етеді, делдалдардың нарыққа әсерін болдырмайды, баға саясатына, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасайды. Осы шаралардың арқасында «ҚазМұнайГаз» ҰК Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция салуға шешім қабылдады. Жұмыс істеп тұрған зауыттың 90%-ы тозған» дейді Мырзағалиев. 

Министр келтірген дерекке сүйенсек, Маңғыстау облысының ай сайынғы тұтынуы 18 мың тоннаны құрайды. Оның 14,5 мың тоннасын «Қаз Газ өңдеу зауыты» ЖШС, 3,5 мың тоннасын «Атырау МӨЗ» ЖШС өндіреді. Оның сөзінше, логистикалық шығындарды ескергенде облыста газдың өзіндік құны литріне 80 теңге шегінде қалыптасқан. Сөйтіп, бөлшек сауда бағасы 100-120 теңгеге жеткен. 

«Қазіргі уақытта Маңғыстау облысындағы жанармай құю станцияларының иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 100-120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұдан басқа, ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және баға дәліздерін белгілеу жолымен газ бағасының алыпсатарлығына жол бермеу жөніндегі жүйелі шаралар іске асырылады. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында бағаның күрт өсуін болдырмау үшін энергетика министрлігі көтерме сауда сауда-саттық ережелерінде сол кездегі 10% орнына бағаның 3% деңгейінде өсуіне шектеу қойғанын қосқым келеді» деп атап өтті спикер.

Газ бағасын 85-90 теңгеге түсіру туралы бастаманы жанар-жағармай құю станциялары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырмақ. Халық бағаны 50-60 теңге шамасында қайтаруды талап етуде. Бірақ баға қалыптасты. Осы бағаны ұстап тұру кімнің есебінен және қашанға дейін жүзеге асады? Бұл бір реттік акция болып қалмай ма? 

«Жаңаөзенде орналасқан «Қазақ Газ Өңдеу» заутында газдың 1 тоннасы 98 мың тоннаны құрап отыр. Оны литрмен айтқанда, 60-70 теңгеге тең. Оған логистиканы қосыңыз. Сонда газ тарату станцияларындағы газдың өзіндік құны шамамен 80 теңгені құрап отыр. Оны өзіндік құннан төмен деңгейде сатуға болмайды. Бұл тығырыққа әкеледі. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін, осы салаға инвестиция тарту үшін қолданыстағы зауыттарды осы жағдайда ұстағымыз келсе, газдың бағасын арзандатуға болмайды. Станция қожайындарының бастамасы, әлеуметтік бастама, өз маржасымен бөлісіп, 100-120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін азайту. Біз осы бастаманы қолдаймыз. Ал тексеру жұмыстары жүргізілген соң, нақты рентабельділігі анықталып, шешім қабылданады» деді министр.

Оның айтуынша, елімізде жағымсыз тапшылық құбылыстары болған жағдайда жанар-жағар май қоры құрылады.

«Соңғы жылдары қалыптасқан жағдайды талдай келе, біз күзде болған жағдайға ұқсас тапшылықты немесе нарықтағы жағымсыз жағдайларды болдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар шараларды ұсындық. Бірінші негізгі норма – МӨЗ жөндеу жұмыстарымен айналысу. Заңнамалық деңгейде шаралар пакеті әзірленді. Біз зауыттарды жөндеу бойынша 5 жылға жоспар-кесте дайындадық. Оны жылына бір ғана зауыт күрделі жөндеуге тоқтатылатындай етіп жасадық. Белгілі бір ағымдағы жөндеулер болатыны түсінікті, бірақ олар қажет болған жағдайда жүргізілетін болады, бұл ретте күндер саны бойынша қатаң түрде шектейтін боламыз. Екінші норма – елде қандай да бір жағымсыз тапшылық құбылыстары жағдайында ЖЖМ қоры пайда болады. Қаңтар айында кестеге қол қойдық. Үшінші норма – мұнай базаларын деңгей өлшегіштер деп аталатын датчиктермен жабдықтауға байланысты. Күзде елдегі нақты жағдайды білмедік. Телефон арқылы ақпарат жинадық. Заңнамалық деңгейде 2023 жылдың шілдесінен бастап ірі мұнай базалары жабдықталуы керек, олар барлық мұнай базаларының 90%-ын құрайды, ал 2024 жылдың шілдесінен бастап шағындары бақылау және есепке алу жүйелерімен жабдықталуы керек» деді ведомство басшысы.