Жаңалықтар

Алматы мен Маңғыстауда төтенше жағдай жарияланды

ТЖ режимі 5 қаңтардан басталып, 19 қаңтарға дейін жалғасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

«Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді» делінген Ақорда хабарламасында. 

Төтенше жағдай кезінде Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында сағат 23:00 мен 7:00 аралығында коменданттық сағат енгізіледі. 

Алматы қаласының коменданты болып Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат  Таймерденов тағайындалса,  Маңғыстау облысында бұл міндет Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаеқа жүктелді. 

Президент жарлығына сәйкес, төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізіледі:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;

2) Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында  жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігі шектеледі;

3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеріледі;

4) Маңғыстау облысы  мен Алматы қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектеледі;

5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады;

6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынған;

7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынып, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленген;

8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алынып, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алынады.

Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын бұл шаралардың іске асырылуына жауапты ретінде Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленді. 

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қажет қаражат Үкімет резервінен бөлінеді.