Елімізде болған лаңкестік әрекеттер салдарынан шағын және орта бизнес аса қатты зардап шекті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, дәл қазіргі сәтте келген шығынның жалпы сомасы 93,7 млрд теңге көлемінде. Соның 92,2 миллиарды террорлық әрекеттің эпицентрі болған Алматыға тиесілі болып тұр.
Тонаушылар 1,2 мың сауда нысанына залал келтірген. Айналасы 2 күнде орны толмас шығынға батқан кәсіпкерлер «Атамекен» палатасына үлкен үміт артып отыр. 2022 жылдың 10 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздің 10 аймағындағы 1488 нысанда орналасқан 1319 бизнес субъектісі қиратылған. Әсіресе, сауда саласында – 1245, қоғамдық тамақтануда – 25, қаржы секторында – 37, логистикада – 9, БАҚ-та 2 нысан зардап шеккен.
Қару-жарақ сатумен айналысатын 6 дүкен («Корган-центр» ЖШС, «Арма-56» ЖШС, «Анна-16» ЖШС, «Анна» ЖШС, «Оружейник» ЖШС, Pro-Hunt ЖШС) түгел тоналған.
«Түнгі уақытта бұзақылардың есік-терезіне бұзып, дүкенді тонап жатқанын әріптестерімнен естідім. Біз оқиға орнына жедел жетіп, болған жайды видеоға түсірдік. Тауарлардың барлығы дерлік ұрланды. Ал компаниямыз шаш етектен шығынға батты. Әзірге шығын көлемін нақты айту қиын. Өзіміз де есімізді енді жиып жатырмыз» дейді Людмила есімді дүкен қызметкері.
Көптеген кәсіпкерлер қираған нысандарына әлі толық жетіп үлгермегендіктен және толыққанды есеп жүргізілмеуі себепті сома көлемі алдағы уақытта өсе түсері сөзсіз. Негізінен сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және қаржы секторындағы кәсіпкерлік нысандарына үлкен залал тиген. Ғимараттардың қасбеті, кіреберісі, қолжетімді үй-жайлар бүлінген. Қымбат жабдықтар, техника, интерьер заттары, тауарлық-материалдық қор және басқа да заттар ұрланған. Азаматтардан мүлікке келтірілген залал және аулалар мен тұрғын үй кешендерінде жарықтың жоқтығы туралы шағым келіп түсуде. Кәсіпорын басшылары болса жұмысшылардың жалақысын есептей алмай отыр, өйткені интернет жоқтықтан транзакциялар толық тоқтаған.
Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, тек «Москва» сауда ойын-сауық орталығының өзінде 180 бутик тоналыпты.
«Тонау мен ұрлықтан келген шығын сомасы 92 млрд теңгені құрайды. Егер нақты нысандар туралы айтар болсақ, олар – «Магнум» (12 нүкте, шығын – 10 млрд теңге), «Технодом» (14 нүкте, 8 млрд теңге), «Скиф трейд» ЖШС (8 нүкте, 6 млрд теңге), «Арена S-Sulpak» ЖШС (11 нүкте, 5,14 млрд теңге), «Белый ветер» (11 нүкте, 3,25 млрд теңге). Әр күн сайын бизнес субъектілеріне келтірілген шығын көлемі өсіп жатқандықтан бұл цифрлар әлі өзгереді. Алматы кәсіпкерлер палатасының call-орталығына (1432) күн сайын жүздеген қоңырау келіп түсуде» дейді Қошмамбетов.
Оның айтуынша, форс-мажор жағдай бойынша өтінішті ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкері Азамат Ботабаев (8(727) 331 01 33, +7 702 403 24 94) жинап жатыр.
«Осындай қиын кезеңде қала тұрғындары үшін бірінші кезекте қажетті болатын тауар мен өнімдер бойынша мәселелер алға шықты. Үй жанындағы дүкендер мен денсаулық сақтау нысандарына, қорғаныс жүйесі мен құқық қорғау органдарына жеткізу жасау үшін наубайхана мен аптекаларға сұйық отын қажет болды. Осы ретте палата оларға көмектесті. Сондай-ақ «Атамекен» қаладағы кәсіпкерлермен бірлесе отырып құқық қорғау органдары мен ауруханалар үшін тегін ауыз су мен тамақ жеткізуді ұйымдастырды» дейді палата басшысы.
Қазір қаладағы жағдай тұрақталып келеді. 30 ірі азық-түлік дүкені, 6 азық-түлік базары, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен қоғамдық көлік жұмыстарын бастап кетті. Таңғы сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін интернет-байланыс жұмыс істейді.
Жұмысын бастаған өнеркәсіп орындарының ішінде «Ақсай нан», «Рузи нан», «Алматы нан» және «Алматинский дрожжевой завод» кәсіпорындарын атап өтуге болады. Қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының хабарлауынша, «Барыс», «Алматы 1», «Арыстан» базарлары да қалыпты режимге оралды. Сонымен қатар 44 жанармай құю бекеті ашылды. Тағы 25-і жұмысын бастауға дайын.
Ал шаһардағы аптеканың жалпы саны 900-ге жуық болса, соның 264-і желілік дәріханалар екен. ТЖ кезінде 70 желілік және 40 бөлшек сауда дәріханасы жұмыс істеп тұр, соның ішінде 107 дәріхана таңғы 8:00-ден 19:00-ге дейін үздіксіз қызмет көрсетуде. Қалған 3 дәріхана тәулік бойы жұмыс істейді. Алдын ала деректер бойынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде 15-і зардап шеккен.
Қазірге дейін «Атамекен» палатасының call-орталығына 2000-ға жуық қоңырау келіп түскен:тонау мен қарақшылық бойынша – 937; форс-мажор мәселелері бойынша – 23; жеке тұлғалардың қоңырауы – 650. Әзірге нысандарға келген шығынды толықтай зерделеу мүмкін болмай тұр.