Бүгін президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мәжіліс отырысын өткізді. Бірнеше мәселе сөз болған жиында бас қаладағы ЛРТ құрылысы да назардан тыс қалмады. Тоқаев бұл жобаның болашағын бір жақты қылуды тапсырды. Ол үшін отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақыру керегін айтты.
Мемлекет басшысының айтқанын сөзбе-сөз келтірсек, былай:
«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» деді Қ. Тоқаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы енді оңтайлы шешім қабылдау қажет екенін айтты.
«Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Демек, отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ» деді президент.
Осы орайда біз мамандармен байланысып, ЛРТ-ның ендігі тағдырына қатысты ойларын сұраған едік. Сәулетші Алтай Сатыбалдиев бұл жобаны аяқсыз қалдырмау керек деген пікірде.
«Меніңше, ЛРТ құрылысын жалғастыру керек. Көп көлемде қаражат құйылған жоба. Сондықтан аяқтаған дұрысырақ. Әрине, әу басында үнемдеудің жолдарын қарастырып, әлдеқайда азырақ ақша салуға болатын еді. Қалаға қаншалықты көрік беретінін нақты айта алмаймын. Себебі оны алдағы уақытта ойластыру керек. Президент ЛРТ құрылысын тоқтату туралы айтпады. Бар болғаны сәулетшілер мен урбанистермен ақылдасу керек деді. Мамандармен жан-жақты кеңесе отырып, дизайндарын ойластырады деп ойлаймын» дейді сәулетші.
Ал урбанист Асхат Сәдуовтың ұсынысы басқаша. Ол ЛРТ тіректерін трамвай жолдарына айналдырған жөн деген ойда. Олай болмаған күннің өзінде қатынас құралы ретінде қалуы керек дейді. Сондай-ақ, бірнешеуін жемқорлық мемориалы етуді ұсынып отыр.
«Қазір қалада орнатылған тіректің бәрін алып тастауды ұсынамын. Сол бетонды жер үсті трамвайының негізі ретінде қолданған жөн. Егер солай істейтін болса, біріншіден, трамвай отыру өте қолайлы болады. Екіншіден, қаражатқа біршама үнем болар еді. Себебі станция салып, жылытып, штатқа қызметкерлер алып жүрудің қажеті жоқ. Яғни жер үсті трамвайын салса, бар болғаны аялдама орнату ғана керек болады. Ал енді инсталляция ретінде қолдануға қатысты айтар болсақ, бірнеше тіректі ескерткіш ретінде қалдыруды ұсынамын. Кореяда жемқорлық ескерткіші деген бар. 1970 жылдары өтпежол жобасы жасалған. Коррупциялық схемалар арқылы жасалған ол жоба ақыры іске аспай, тоқтатылды. Сөйтіп сол жердегі бұлақтың жанынан променад түрінде қоғамдық демалыс орнын ұйымдастырған. Өтпежолдың екі тірегін ғана қалдырып, жемқорлық жайлы еске салып тұратын ескерткіш қылып қалдырған. Болашақта мұндай болмасын деген оймен оймен бірнешеуін қалдырып, мемориал жасаса болады деп ойлаймын. Бірақ әуе арқылы болсын, жерүсті болсын қатынас құралы ретінде болғаны керек. Яғни бәрін бұзып, жерүсті жол қылып салу немесе эстакадада минимум шығынмен станциялар салып, екінші тізбекті жердің үстімен жүргізу керек» дейді Сәдуов.
Урбанист Әділ Әжиев тіректерді алып тастап, орнына бірнеше нысанның бой көтергені дұрысырақ деген пікірде. Осы ретте сәулетші бірнеше ұсынысын да айтты.
«ЛРТ тіректерін толықтай бұзып тастаған жөн деп ойлаймын. Ол жерге қайтадан шөп егіп, қаланың көрінісін бұрынғы қалпына келтірген дұрыс. Халықтың есіне түсіріп, көзге шыққан сүйелдей боп тұрмағаны жақсы. Ал енді бұзуға болмайды десе, конструкцияларды қолдануға қатысты бірнеше ұсыныс айта аламын. Кей платформалар тірекке орнатылған, ал кейбірі әлі толық салынбаған. Салынғанының өзі бөлік-бөлікпен, қаланың әр жерінде орнатылған. Соларды инсталляция ретінде қолдануға да болады. Біреуін арт-нысан қылып, енді біреуін балаларға арналған алаңқай қылса дұрыс. Платформалары барларының астына инфрақұрылым нысандарын жасауға да болады. Мысалы, киоскілер, жанармай бекеттері деген сияқты. Сондай-ақ, қаланың орталығына жақын жердегілерін шолу алаңына айналдырып, әсемдесе деген ұсыныс бар. Барлығы платформалардың орналасқан жеріне байланысты. Сол жерге не қажет, халыққа керек нысандар бой көтергені абзал. Велосипедшілерге арналған веложол жасауға да болады. Бірақ қауіпсіздік тұрғысынан сенімді емес. Себебі биік, әрі үнемі жел соғып тұрады. Сонымен бірге, егер веложол салатын болса, платформаларды толықтай аяқтау керек болып қалады. Бұл әрі қомақты қаражатты талап етеді. Жалпы алғанда ЛРТ-ға қатысты ұсынатын шешімдерім осы».
Президенттің сөзінен кейін белгілі бизнесмен Айдын Рахымбаев әлеуметтік желідегі парақшасына қолдау жазбасын қалдырды. Тоқаевтың ұсыныстары ұнағанын жеткізген ол «демонтаждау жұмыстарын BI өз есебінен жүргізуге әзір» екенін қосты. Аты шулы жобаның ендігі тағдыры көп күттірмей белгілі бола жатар. Ол жайлы да уақытында жазамыз.