Жаңалықтар

Тоқаев депутаттар мен әкімдердің жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялады

Мемлекет басшысы бұл мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жеткілікті деңгейде екенін айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шенеуніктің жалақысын көтеруге мораторий жариялады. 

«Бюджет кірістері туралы айтқанда, шығыстың кейбір баптарын да атап өту қажет. Үкімет мүшелері мен депутаттардың, әкімдердің жалақысы туралы айтар болсақ, былтыр бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Сондықтан аталған санаттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жеткілікті деп есептеймін. Сол себепті Үкімет мүшелерінің, өңір әкімдерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялауға болады деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында.

Мемлекет басшысы бұл өзгеріс мәжіліс депутаттары үшін жақсы жаңалық емес екенін айтты. Алайда депутаттардың жаңалықты түсіністікпен қабылдайтынына сенім білдірді.