Президент утилизация процесін мемлекетке өткізуді тапсырды. Енді Қазақстанда көлік бағасы арзандай ма?
Қазақстанда автокөліктерге утиль алымын салу ставкасы қайта қарастырылады. 2016 жылдан бері утиль алымын жинайтын РОП операторының қызметі тоқтатылып, ендігі кезекте аталған іс мемлекет меншігіне өткізілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні мәжіліс отырысында мәлімдеді.
Президент нақты тапсырма берді
Президент Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырды.
«Кәсіпкерлерде, жалпы қоғамда «Оператор РОП» деп аталатын компанияның жұмысына қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналасу керек. Ал алымның ставкасын қайта қарау керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, автокөлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру – мемлекет функциясы. Сондықтан мәселе бизнес және қоғаммен конструктивті түрде талқылануы керек.
«Сатып алушыларға утиль алымы есебінен ваучер арқылы отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мәселесін қарастыру керек. Ондағы қаражатты пайдаланудың басқа да қоғамға пайдалы тәсілдерін әзірлеңіздер» деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Бүгін үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утильсборды жинайтын мемлекеттік операторы жеке немесе«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ базасында құрылуы мүмкін деп мәлімдеді.
Брекешевтің айтуынша, министрлік қоғам, бизнес өкілдері және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бірнеше мәселені пысықтайтын болады. Олардың ішінде: кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау, отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға кәдеге жарату алымы есебінен ваучер беру бар.
Утиль алымы қанша болуы керек?
Тоқаевтың РОП-қа қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастырылды деуі бекер емес. Соңғы бірер жыл көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінде утиль алымына қарсылық жиі бой көрсетті. Азаматтардың айтуынша, дәл осы алымның енгізілуі және оның тым қымбат болуы елдегі көлік бағасын есе өсіріп жіберді.
«Бізде 169 автокөлік моделін өндіреміз дейді. Қайда сол көліктер? Бізде ешқандай индустриалды саясат жоқ. Автобус, автомобиль, ауыл шаруашылық техникаларын әкеліп, дөңгелегін кигізіп, кілтін бұрап, қазақстандық өндіріс деп ұсынады. Сонда кімді алдаймыз? 10 негізгі қала түтінге тұншығып тұр. Бұл жерде автопарктің «үлесі» жоғары. Ол әбден ескірген. Алматыда әрбір 4-ші көліктің тозығы жеткен. Утиль алымынан тапқан пайдамыз осы ма?» дейді саясаттанушы Санжар Боқаев.
Әкімшілік полиция органдарының дерегінше, қазір қазақстандық автопарктің орташа жасы 20,5-тен 20,7 жылға дейін ұзарды. РОП операторы жұмысын бастағалы автокөлік бағасы екі есе өсті, теңгемен – 90, доллармен 40 пайызға. Қазақстандық нөмірлі көліктерге қолы жетпеген азаматтар Ресей, Армения, Қырғызстан елдерінен жаппай көлік тасымалдай бастады. Қазір елімізде шетелдік нөмір таққан 200 мыңнан астам көлік жүйткіп жүр.
2021 жылдың қарашасында ресейлік көлік мініп жүрген бір топ оралдық жүргізуші шағым білдірді.
«Осы тұрғандардың бірде бірі қалтасынан 3-4 млн теңге шығарып, утиль алымын төлей алмайды. Бай емеспіз, қарапайым халықпыз. Машиналардың көбі 2004-2005 жылғылар, олар Қазақстанның техникалық регламентіне сай келмейді. Ондай көліктер үшін утиль алымы – 1,1 млн теңге. Жәй азаматта ондай ақша қайдан болады» дейді келушілер.
РОП сайтында көрсетілгендей, қозғалтқыш көлемі 1,6 текше метр болатын автомобильге салынатын утиль алымы – 1 020 950 теңге. Шыққанына 5 жылдан асып кеткен жеңіл көлікті бастапқы тіркеу құны 5 млн теңгеден асады.
Осы нәрсеге реніш білдірген қазақстандықтар утиль алымын жоюға қатысты петицияға қол қойды.
«Әлемдік практикада утиль алым мөлшері ондаған есе аз. Мысалы, Германияда – 100, Нидерландыда – 30 еуро. Жапониядағы алым біздегіден 80 есе төмен. Посткеңестік елдер ішінде бізде ғана көлік бағасы тым қымбат» деп жазды авторлар.
ISKERMEN өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының төрағасы Тимур Жаркеновтың айтуынша, автомобиль мен ауыл шаруашылығы техникалары үшін утиль алымы 100-200 доллардан аспау керек.
«Бұл жерде утиль алымды жинайтын құрылым жеке бола ма, мемлекеттік бола ма, айырмашылық жоқ. Бастысы механизм дұрыс құрылуы керек» дейді ол.
#НЕТУТИЛЬСБОРУ белсенділерінің дерегіне сенсек, 5 жылда 579 млрд теңге жиналған.
РОП қанша ақша жинады, ол ақша қайда жұмсалды?
Жүйе 2016 жылдан бастап жұмыс істеді. Бастапқыда автомобиль және оның компоненттеріне утиль алымы енгізілді. 2020 жылдан бастап қораптауға утиль алымының ставкасы бекітілді. Сондай-ақ сол жылы ауыл шаруашылық техникалары да жүйеге енгізілді.
2021 жылдың соңында РОП операторы утиль алымы бойынша деректерді жария етті. 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйегі аралығында 614,5 млрд теңге түскен:
• 248 828 000 000 теңге (40,5 пайыз) – транспорт құралдарын өндірушілерден;
• 35 338 000 000 теңге (5,8 пайыз) – ауыл шаруашылық техникасын өндірушілерден;
• 288 189 000 000 теңге (46,9 пайыз) – транспорт құралдарын импорттаушылардан;
• 7 453 000 000 теңге (1,2 пайыз) – ауыл шаруашылық техникаларын импорттаушылардан;
• 33 966 000 000 теңге (5,5 пайыз) – автокомпоненттерді өндіруші мен импорттаушылардан;
• 604 000 000 теңге (0,1 пайыз) – қаттау қалдықтарын өндіруші мен импорттаушылардан;
• 110 000 000 теңге (0,02 пайыз) – кабелдік-өткізгіш өнімдерін өндіруші мен импорттаушылардан.
Түскен қаржының 68 пайызы, яғни 295 млрд 586 млн теңгесі ҚР-да экологиялық таза автомобильдер, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылық техникалары өндірісін ынталандыру мақсатында жұмсалған.
Соның ішінде:
• 230 млрд 225 млн теңге отандық автомобиль өнеркәсібін дамытуды ынталандыруға;
• 32 млрд 139 млн теңге;
• 13 млрд 036 млн теңге транспорт құралдарын экспорттауды ынталандыруға;
• 20 млрд 187 млн теңге Қазақстан Республикасында шығарылған көлік құралын және (немесе) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде жеке және заңды тұлғаларға өндіруші көрсететін жеңілдікті қаржыландыруға.
Бұл ретте ұжымдық табыс салығы 48 млрд 198 млн теңгені құраса, 25 млрд теңге технологияны енгізу, ұйымның материалдық-техникалық базасын жетілдіру, ұйымдастыру жұмыстарына бөлінген.
«Сондай-ақ, қазіргі уақытта оператордың қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлерді сатып алуды, арнайы қалдықтарды сатып алуды қоса алғанда, аймақтарды (Семей, Ақтөбе және Өскемен) материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтеміз. Жинау жабдықтары мен үш автоматтандырылған сұрыптау желісін сатып алуға 5 054 000 000 теңге бөлінді. 5 жылда 214 932 ескі автомобиль және 3,2 мың пайдаланудан шығарылған өздігінен жүретін ауыл шаруашылық техникалары қабылданды. Екінші транспортты тапсырған азаматтарға берілген жалпы төлем көлемі 30 млрд 158 млн теңгені құрады. Жинау және пайдаланудан шығарылған көлік құралдары мен пайдаланудан шығарылған ауыл шаруашылық техникалары түрлерінің утилизациясы 29 млрд 183 млн теңгені құрады» делінген компания хабарламасында.
Қазақстан тәуелсіз автобизнес ұйымы басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір утиль алымы мәселесі өте маңызды әрі ел үшін тиімді болып шешілуі керек дейді.
«Утиль алымды жинау, утиль алым мөлшерлемесі, қай техникаларға алым салынады, қайсына қажет емес, мұның бәрі өте өзекті мәселелер. Техника мен автомобиль халық үшін қолжетімді болуы үшін утиль алымды әділетті түрде жасау қажет. Біздің пікірімізше, біздегі утиль алымының ставкасы еуропалық елдермен теңесуі керек. Бұл шамамен 100 мың теңге көлемінде» дейді Шыңғыс Темір.