Смайылов жаңа министрлерге қандай тапсырма берді?

Жарияланды (жаңартылды )
Министрлік ұжымдарына жаңа басшысы таныстырылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов  11 қаңтардың кешінде жаңа министрлерге тапсырма берді. Сонымен қатар ол  ұлттық экономика, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт, әділет министрліктерінің ұжымдарына жаңа басшыларын таныстырды. 

Премьер-министр баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа  ҰЭМ ел үкіметінің негізгі құрылымы екенін айтып өткен.  

 «Сіздің министрліктің алдында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа саясатын іске асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Мемлекет басшысы экономикалық даму сапасын және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған терең құрылымдық экономикалық реформалар жүргізу бойынша міндеттер қойды» деді ол.  

Үкімет басшысы энергетика министрі Болат Ақшолақовтың алдына мұнай өнімдерінің, газдың және электр энергиясының тапшылығына, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берді. «Геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы мен атом өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ ірі мұнай-газ жобаларын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет» деді Ә.Смайылов.  

Премьер-Министр индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты таныстырып, бұл министрлік алдына өнеркәсіп, құрылыс, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша өте ауқымды міндеттер қойған.  

«Еліміздің одан әрі экономикалық өсуі және өңірлердің бірыңғай дамуы үшін жақында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қабылданды, оның шеңберінде республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау бойынша басым жобалар айқындалды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізу қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің өсімін 2025 жылға қарай 1,5 есеге жеткізуді тапсырды. Импортты алмастыру, экономиканың бәсекеге қабілетті салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейту қажет» деді Ә. Смайылов.  

Денсаулық сақтау саласының су жаңа министрі Ажар Ғиниятқа Смайылов медицина қызметкерлері пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде тұрғанын айтты.  

«Қазір бүкіл әлемде ауруды жұқтыру өсімінің жаңа толқыны байқалады. Жағдайды нақты бақылауда ұстап, аурудың одан әрі таралу сценарийлерін дұрыс құрып, мониторинг жасау қажет. Отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту деңгейін одан әрі арттырып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет» деді Ә. Смайылов. 

Премьер-Министр ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаровты  да таныстырды. Смайыловтың айтуынша, министрлікке азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы, ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша үлкен жауапкершілік жүктелген. 

«Қазір бұл бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Діни және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жастарымыздың деструктивті ағымдарға тартылмауы маңызды» деген Ә. Смайылов жастар саясатына, отбасы және ақпараттық саясатқа баса назар аудару қажеттігін атап өтті.  

Үкімет басшысы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевты таныстыра отырып, отандық спортты дамытуда соны серпіліс жасаудың, мәдениет пен туризм саласын одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды. 

 Премьер-Министр әділет министрі Қанат Мусинді таныстырды. 

 «Әділет министрлігінің алдында мемлекетті құқықтық қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс істеуді одан әрі жүзеге асыру, заң жобалау қызметінің сапасына және оны үйлестіруге баса көңіл бөлу, Үкіметтің биылғы Заң жобалау жұмыстарының жоспарын нақты орындау міндеті тұр. Мемлекет басшысы көтерген құқық қорғау саласын кешенді жаңғырту мәселесін шешуге ерекше назар аудару қажет» деді Ә. Смайылов.

11 қаңтар күні Қазақстан үкіметінің жаңа құрамы бекітіліп, министрлер кабинетінің үштен бірі жаңарған. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі отырысында ел үкіметінің жаңа басшысын таныстырған еді. Бұл қызметке Әлихан Смайылов тағайындалды.

5 қаңтар күні елдегі наразылық өршіген тұста, бұған дейінгі премьер-министр Асқар Мамин отставкаға кеткен болатын.
 

 

Сондай-ақ оқыңыз