Ұлттық банк Президент тапсырмасын қалай орындайды?

Жарияланды
Инфляция төмендей ме?

Инфляция біз үшін аса өзекті мәселеге айналып тұр. 2021 жылдың қыркүйегінде 8,9 пайызға дейін шарықтаған инфляцияны ырыққа көндіру оңайға түспейді. Ол үшін кешенді шаралар қабылдануы қажет. Жақында Президент Тоқаев та бұл мәселеге арнайылап тоқталып, 2025 жылы инфляцияның мақсатты дәлізін 3-4 пайызға дейін төмендету керек дегенді айтты. 

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда бағаның өсуімен күресуге бағытталған инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені қабылданады деді. 

Бірінші кезекте атқарылуы керек міндет – инфляцияны 2025 жылы 3-4 пайыздық орта мерзімді таргетке дейін төмендету.

«Бұған дейін 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірлесіп  инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін іске асыру басталды, бұл жылдық инфляцияны 8,4 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.  Бұл ретте аталған деңгей жоғары деңгейге жатады және ақша-кредит саясатының тиімділігін шектейді деп есептеймін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді ескере отырып, бағаның өсуімен күресуге бағытталған, 2022 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады» деді Досаев.  

2021 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға қосқан үлестің жартысын иеленді. Ол инфляцияның жоғары құбылмалылығының басты факторына айналды. Сол себепті Президент Үкімет пен әкімдер үшін жуырдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді негізгі басымдық ретінде белгіледі. 

Ол осы мәселені шешпей, ешқандай шаралар инфляцияны тұрақтандыруға көмектесе алмайтынын атап өтті. Ұлттық Банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен ғана жұмыс жүргізбей, инфляцияға өзінің елеулі үлесін қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді.  

Биылғы бірінші жарты жылдықта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілген жекелеген тауарлар мен қызметтердің бағаларын 180 күн мерзіміне уақытша реттеу бағаны тұрақтандыруға оң әсер етпек. 

«Алайда, біз реттеуді алып тастағаннан кейін бағаның бірден өсіп кетуіне жол бермеу мақсатында бәсекелестікті дамыту және шамадан тыс делдалдықты жою арқылы нарықтық қағидаттарды енгізу және «осал тұстардың» орнын толтыру үшін осы берілген уақытты пайдаланып қалуымыз керек, өйткені өнім шығарушылар шығынға ұшырау үшін жұмыс істемейді. Бірлескен шараларымызды табысты түрде іске асыру және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін инфляцияны 2025 жылға таман 3-4 пайыз дәлізінде тұрақтандыруға және орнықтыруға мүмкіндік береді» деді ҰБ төрағасы. 

Екінші міндет – қаржылық тұрақтылықты, әсіресе, валюта нарығындағы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қаржы жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету  мақсатында Ұлттық Банк мынадай шұғыл шаралар қабылдады: Биыл 7 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша екінші деңгейлі банктердің онлайн сервистеріне кіру кезең-кезеңімен қалпына келтірілді. 12 қаңтардан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысын қоса алғанда, банктерді қолма-қол ақша қаражатымен және қолма-қол ақша беру үшін банкоматтардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. 

2022 жылдың 10 қаңтарынан бастап қаржы секторы мен мемлекеттік бюджеттің теңгедегі төлемдерін жүргізу үшін Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының төлем жүйелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Банк жүйесінің өтімділігін қолдау мақсатында Қазақстан қор биржасында репо операциялары арқылы теңгедегі өтімділікті ұсыну операциялары шектеусіз көлемде жүргізілуде.  

«Мемлекет басшысы валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпей орнықты экономикалық өсудің мүмкін еместігін атап өтті. Бүгін Қазақстан қор биржасының валюта алаңындағы сауда-саттық және халықаралық төлемдер мен аударымдарды жүргізу қалпына келтірілуде» деді ол. 

Теңгеге алыпсатарлық қысым көрсетуге жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк қажеттілігіне қарай валюталық интервенциялар жүргізу арқылы валюта нарығындағы балансты қамтамасыз етпекші. Жоғарыда көрсетілген шаралар топтамасын табысты іске асыру нарықтың ішкі және сыртқы қатысушыларының тарапынан ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіруді қамтамасыз етуі тиіс. 

Үшінші бағыт – капиталды негізсіз шығаруға қарсы іс-қимыл. Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты капиталды шетелге шығару, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шетелге шығару тәуекелінің үдей түскенін атап өтті. Осыған байланысты 10 қаңтарда Ұлттық Банк Қаржылық мониторинг агенттігімен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып елден заңсыз ақша шығаруға бақылауды күшейту бойынша бірлескен бұйрық қабылдады. 

Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес операциялар жүргізуге арналған өтінімдер бойынша іс-қимылдар алгоритмі қабылданды, сондай-ақ күшейтілген қаржылық мониторинг жүргізілуі тиіс трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Талаптар айқын бұзылған жағдайда, мұндай операциялар жедел тоқтатылады. 

«Қабылданып жатқан шаралар ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің ең үздік әлемдік практикасына негізделеді және KYC (know your client) қағидаттарын толыққанды енгізеді. Бұл капиталдың трансшекаралық ағындарының барынша айқындылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Резиденттер мен бейрезиденттерді қоса алғанда, сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары мен инвесторлардың халықаралық операциялар жүргізу кезінде  өз құқықтарына қысым жасалмайтынын және шектеу қойылмайтынын растағым келеді» деді Досаев. 
 

Сондай-ақ оқыңыз