Жаңалықтар

Экономистер төтенше жағдайдан кейінгі экономикалық дамуға қандай болжам айтады?

Сарапшылар пікрі

Қазақстан басқа түскен ауыр сынақты еңсеруге кірісті. Президенттің Мәжіліс отырысында жария еткен бастамалары, тың экономикалық бұрылыстар соның дәлелі. Әрине, айту бір бөлек, оның орындалуы басқаша жағдай. Бұл орайда экономикалық сарапшылар теңге курсына, инфляцияға және «Қазақстан Даму банкі» мен «Самұрық-Қазына» АҚ тағдырына қатысты пікірлерімен бөлісті. 

Мұрат Темірханов, қаржыгер: 

Мұрат Темірханов.jpg

Қазір теңге курсының спекуляциясы туралы жиі айтыла бастады және бұл туралы маған да жиі сауал қойылады. Көбі – Ұлттық банк интервенция жасайды, кейін тағы да үлкен девальвация болады, бұл қашан тыйылады деген мазмұнда. Менің жауабым мынадай – бұл түсініксіз мақсаттағы популистік және кәсіби емес әңгімелер. Соңғы уақытта мұнай бағасы барреліне 80 доллардан аса бастады. Мұнай бағасы 50 доллардан асса Қазақстанның төлем балансы керемет жағдайда тұрады. Қазіргі ахуалда (барреліне 80 доллар) мұнай экспорттаушылары долларды еркін пайдалануда және теңге курсы нығаюы керек. Елдегі митинг пен тәртіпсіздік біздің ішкі сауда қызметіміз бен төлем балансына өте әлсіз әсер етті. Қазір теңге курсына жағымсыз әсер етіп тұрған бірден бір фактор – елде болған жағдайға байланысты күрт күшейген стандартты девальвациялық күтулер ғана. 

Қазақстандағы жағдай толық тұрақталды және әрі қарай ахуал нашарламайды. Мұндай кезде айырбастау бекетіне жүгіріп, валюта сатып алудың мәні жоқ. Ұлттық банк өзінің валюталық интервенцияларымен ықтимал толқуды тез арада басады

Арман Бейсембаев, TICKMILL халықаралық брокерлік тобының сарапшысы: 

Арман Бейсембаев.jpg

Соңғы бірер жылдан бері инфляциямен біз ғана емес, АҚШ, Еуропа елдері де белсенді күресіп келеді. Біз негізінен тауар импорттаумен айналысамыз. Негізгі тұтыну тауары мен өнімдерінің өзге елдерден әкелінуі де инфляцияны күшейтеді. Ұлттық банк өзінің ставкасын жоғарылатса, айталық 12,15 тіпті 20 пайызға дейін көтеріп тастайтын болса, онда сөзсіз инфляцияны төмендете алады. Бірақ ондай жағдайда экономиканың дамуы тоқтайды және кәсіпкерлер шығынға батады. Өйткені, базалық ставка көтерілген жағдайда банк несиесі де көтеріледі. Иә, бұл банк үшін жақсы шығар: жоғары пайыздық ставкадан көбірек табыс табуға мүмкіндік бар. Бірақ тым жоғары пайыздық мөлшерлеме несиелеуді өлтіретінін де естен шығармау керек. Демек, бұл нұсқаны қолдану орынсыз. Бұл бізге пайда әкелмейді. Бізге кешенді шаралар қажет. Ұлттық банк өз механизмдерін іске қоссын, Үкімет бюджет ережесін сақтап, Ұлттық банк рекомендациясын орындасын. Елде әсіресе, өндіріс саласы, оның ішінде халықтық тұтыну тауарлары, шағын және орта бизнесте үлкен реформалар жасалуы керек. Енді инфляцияның екі түрі бар екенін айтайық. Алғашқысы – сұраныс инфляциясы. Сізде жоғары деңгейде сұраныс бар, бірақ ұсыныс жеткіліксіз. Міне, сұраныс пен ұсыныс арасындағы осы теңсіздік бағаны өсіру арқылы реттеледі. Ал егер ұсыныс сұраныстан жоғары болса, онда нарық заңына сәйкес баға төмендей бастайды. Егер біз инфляциямен күрескіміз келсе бірінші кезекте ұсыныспен жұмыс істеуіміз керек. Ұсыныс, бұл – жергілікті халықтың барлық қажеттілігін өтеп отырған шағын және орта бизнес. Көп жағдайда сұраныс – тұтынушылар (қарапайым халық) тарапынан, ал ұсыныс – бизнес тарапынан туындайды. Осы бағытта жұмысты дұрыс атқара алсақ, бізде ешқандай да проблема туындайды. 

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

Нұржан Бияқаев.jpg

Мемлекет басшысының «Қазақстан даму банкіне» қатысты тапсырмасы – өте өзекті. Дегенмен ҚДБ-ның әзірге нақты механизмі мен трансформациясы туралы белгісіз. Даму банкіне иелік ететін «Бәйтерек» холдингі де әлі түсініктеме бере қойған жоқ. Егер даму банкі дербес қаржы операторы ретінде қаржы ала алмайтын болса, онда лоббилік әрекет те тыйылады деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, банктің жобалары белгілі тұлғалар атынан, солардың ықпал етуімен іске асырылып отырды. Президент банктің «ҚазАгро» сияқты «батпан құйрық» болуын қаламаса, ендеше Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бәсекелі ортаға, одан әрі қарай екінші деңгейлі банктерге қаржы бөлістіруі мүмкін. Былай қарасаңыз, қазір сол екінші деңгейлі банктерден басқа нұсқа жоқ. Елімізде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына банктер де қатысады. «Даму» қоры кепілдік беріп отырады. Дәл осы механизммен олар «Қазақстан даму банкінің» функциясын орындай алады деп есептеймін. 

Президент айтқан тағы бір аса маңызды мәселе – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындау тапсырмасы. Бұл заң қазір бізге ауадай қажет. Егер өзіміз армандайтын үздік 40, 30 елдің қатарына кіргіміз келсек бұл заңмен қарулану маңызды. Осындай жауапты заң қабылдар кезде тек посткеңестік елдерге ғана қарап қалмай, өзге еуропалық елдердің де тәжірибесін назарға алу керек деп санаймын. Әділін айтар болсақ, дәл осы заңды қабылдау керек деген пікірлер мен талқылаулар соңғы он жыл көлемінде айтылып келеді. Жекелеген азаматтар да, сарапшылар да көтерді, депутат Азат Перуашев бірнеше рет биік мінберлерден айтты. Бірақ құлақ қойып, маңыз берген ешкім жоқ. Меніңше, бұл әдейі істелді. Жеке тұлғалардың соңына түсіп, құтын қашырған коллекторлар мен жеке сот орындаушылардың жұмысы жүруі үшін банкроттық туралы заңның дайындалуына мүмкіндік берілмеген сияқты. Әрине, заң жеке тұлғалар үшін пайдалы болады. Дегенмен оның да алуан түрлі тәртібі бар. Мәселен, өзін банкротпын деп жариялаған адам өмір бойы немесе белгілі бір мерзім аралығында екінші деңгейлі банктің қаржыландыруына жүгіне алмайды деген секілді. Мұны да жеке тұлға жақсы түсінуі тиіс. Жалпы, дәл осы заң бастан-аяқ өте түсінікті, анық, артық сұрақ қоюды қажет етпейтіндей жасалуы қажет.