«Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау саласына қалай әсер етеді?
Су жаңа денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылатын «Қазақстан халқына» қорының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкімет отырысында Президент тапсырмаларын іске асыру шаралары туралы айтып берді.
Бірінші. КВИ бар пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында уақытылы диагностикалауды және амбулаториялық емдеуді қамтамасыз ете отырып, МСАК ұйымдарының жұмысы жалғастырылатын болады.
Екінші. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам инфекциялық төсек-орын қолданыста, елімізде қосымша 50 мыңға дейін инфекциялық төсек-орын ашуға дайындық бар.
Үшінші. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамаларына одан әрі енгізу үшін жаңа препараттардың тиімділігі зерделенетін болады.
Төртінші. Халықты вакциналау және қайта вакциналау жалғасады. Ол үшін шамамен 6,5 млн доза вакцинаны қосымша сатып алу бойынша шаралар қабылдануда.
Бесінші. Қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, ел ішінде де, мемлекеттік шекарада да қосымша шектеу шаралары жедел енгізілетін болады.
Министр Мемлекет басшысының «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру жөніндегі тапсырмасын орындау барысы туралы баяндады.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қоғамдық қор – жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер құрған қор. Қор қызметінің саласы әлеуметтік және мәдени қызметтің әртүрлі аспектілерін (денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым, болған жойқын-қирату салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдау) қамтитын болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін, лотерея қызметі операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдарын және ірі бизнес субъектілері тарапынан қорға тұрақты аударымдарды тарту жоспарлануда» деді денсаулық сақтау министрі.
Осыған байланысты қордың құрылтайшысы ретінде әрекет ететін қоғамдық бірлестікті айқындау, сондай-ақ іске асыру тетіктерін әзірлеу үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен Үкімет жанынан жұмыс тобын құру ұсынылады.
Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражатынан орфандық аурулары бар балаларды емдеуге арналған болжамды шығындардың есебі мен дәрілік заттардың тізбесі бойынша ұсыныстар енгізбек. Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек (орфандық) және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып саналады.
«Әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайды. Сондықтан да, қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді» деді Ажар Ғиният.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні әлеуметтік әділдік мәселесіне тоқтала отырып, қор құру мәселесін көтерген еді.
«Мемлекет аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Республикалық бюджет шығындарының 50 пайыздан астамы – әлеуметтік мазмұндағы шығындар. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бүгін мен «Қазақстан халқына» деп аталатын әлеуметтік қор құруды тапсырамын. Ол білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады. Мәселен, сирек кездесетін дертке шалдыққан балалар мәселесі. Өйткені көп отбасы емдеу шығынын төлей алмайды. Қала, аудан, ауылдарда балаларға арнап спорттық нысандар тұрғызамыз. Қабілетті балаларды қолдаймыз. Мәдениетке көмек береміз. Алматыны қорқынышты трагедиядан арылтуға әрекет жасаймыз» деді.