БЖЗҚ-дан төленетін төлем мөлшері 2022 жылы 5 пайызға көтерілді
БЖЗҚ-дан төленетін төлем мөлшері 2022 жылы 5 пайызға көтерілді. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
БЖЗҚ-дан төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы № 1042 қаулысымен (2021 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілген өзгерістермен) бекітілген Әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады. Осы Әдістемеге сәйкес зейнетке шыққан адамдарға төлемдер былайша есептеледі: зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесі – 6,5% -ға көбейтіліп, одан кейін 12-ге бөлінеді. Нәтижесінде төлем алынатын бірінші жылы БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдер мөлшері есептеп шығарылады. Белгілі бір санаттағы алушылар: мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен кемінде алпыс ай жинақталып, жұмыс істеген адамдар үшін зейнетақы төлемдерін есептеу әдістемесінде түзету ұлғайту коэффициенттері көзделген.
Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі – 5% ұлғайтылады.
Осылайша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 1 сәуірінен бері зейнетке шыққан зейнеткерлерге төленетін төлемдер 5% көбейді. 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 1 сәуірі аралығында БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын іске асырған тұлғалар ескі Әдістеме бойынша төлемдерін алды. Яғни, зейнетақы жинақтарының сомасы ағымдағы құн коэффициентіне көбейтіліп, 12 айға бөлінген болатын. Алайда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың былтырғы зейнетақы төлемдері де 5% индекстелді.
Айта кетейік, БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% кем емес мөлшерде жүзеге асырылады. Тиісінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан ең төменгі төлем 25 212,60 теңгені құрады.
Егер төлем алуға өтініш берген күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет төленеді (2022 жылы – 555 624 теңге = 12 * 46 302 теңге).
2018 жылдың 1 қаңтарына дейін төлем алу құқығын іске асырған зейнеткерлер үшін 2022 жылы есеп мынадай: олардың зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен (2022 жылы 30 х 46 302 = 1 389 060 теңге) ең жоғары шаманы және зейнетақы жинақтарының сомасын алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтуден тұрады. Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанша төленеді.