«Қазақстан халқына» қоғамдық қорында қанша қаржы болуы керек – экономистер пікірі

Жарияланды

Қазақстанда қаңтардың басындағы оқиғадан кейін «Қазақстан халқына» қоры құрылатын болды. Бұл туралы мемлекет басшысы үкіметтің жаңа басшысын бекіткен мәжілістің отырысында айтты. «Қазақстан халқына» қоры несімен ерекше және ол қалай қаржыландырылатынын, қор тұрақты түрде ел игілігіне жарап тұруы үшін шамамен қанша қаражат қажет екенін Kursiv.kz сарапшылардан біліп көрді.

«Қазақстан халқына» қоры несімен ерекше?

Президент айтқан қоғамдық-әлеуметтік қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, спорттағы мәселелерді шешумен айналысады. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев сирек кездесетін ауруға шалдыққан балалардың еміне жұмсауды ерекше атады. Осы қордағы қаражат балаларды емдеуге, талантты балаларды қолдауға, қала мен ауылдарда спорт нысандарын салуға жұмсалады. Сондай-ақ Алматыда қаңтарда болған трагедиядан кейін қала тіршілігін қалыпқа келтіруге бағытталады. 
Алматы трагедиясы кезінде бірнеше өңірде әскери қызметкерлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері қаза болды. Қор есебінен сол азаматтардың отбасына көмек көрсетіледі. 

Қордың тағы бір ерекшелігі – оған үкімет немесе президент әкімшілігі басшылық етпейді. Қордағы қаражатты халық өз бақылауына алады. Алайда адал, жауапкершілігі мол басшы тағайындалады. Қорға түскен қаржы көлемі, қай бағытта жұмсалғаны әрбір қазақстандық үшін ашық болмақ. 

Қорға қаражат қайдан түседі деген заңды сұрақ туындайды. Президент Қазақстанда қалталы азаматтар елге көмек көрсететіне сенім білдірді. Сол бағытта ел үкіметі қорға ақша аудара алатын компаниялар тобын анықтап, жыл сайын қанша қаражат аудара алатынын нақтылайды.

Қорда қанша қаражат болуы керек?

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, елде болып жатқан күтпеген жағдайлардың жиілеуіне байланысты мұндай қор өте қажет.

«Мемлекеттің негізгі бюджеті бір немесе үш жылға жоспарланады. Яғни, бекітілген бюджет бойынша ғана жұмыс істеледі. Бір министрлікке не әкімдікке бөлінген қаражатты шұғыл жағдайда ала берер болсақ, жоспарлар, стратегиялық жобалардың іске аспай қалу ықтималдығы артады. «Қазақстан халқына» деген қордың болғаны дұрыс. Сондай-ақ бізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген түсінік бар. Бірақ әлеуметтік жауапкершілікті әркім әртүрлі түсінеді. Жоғары жақтан талап болса ғана қимылдайды. Мысалы, пандемия басталған кезде елдегі ірі 15-20 компанияның ішінде 4-5 кәсіпорын қомақты қаржы аударды. Яғни, заңды жүйе болмағандықтан, жағдай осылай өрбіді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген түсініктің дұрыс бағытта жұмыс істеуіне және енуіне «Қазақстан халқына» қоры құрылу арқылы тікелей пайдасын тигізеді» дейді Ысқақов.

Елімізде Қазақстанның қазба байлығы, шикізатын пайдалану арқылы қомақты қаржы иемденген азамат көп. Дәл сол азаматтардың алдында әлеуметтік жауапкершілік тұр.

«Бұл әлеуметтік жауапкершілік арнайы институционалды болуы керек. Яғни, бір талапқа сәйкес болады. Бұл қорға қаражатты 2 не 3 жылда бір рет аудару емес, жыл сайын табысының бір бөлігін арнайы аудару арқылы халықтың, мемлекеттің  бір жағына шығуға мүмкіндік береді. Ал қордағы қаржы пассивті түрде жатпай, Ұлттық қордың қаражаты сияқты Қазақстандағы екінші деңгейлі банктің депозиттерінде болуы керек. Себебі инфляцияның дәрежесін сақтап қалуы үшін не теңгемен, не басқа валютамен тұруы керек» дейді экономист.

Маманның пікірінше, «Қазақстан халқына» қорында қанша қаражат болуы керек екінін нақты айтуға асықпаған жөн. Себебі сол межені орындауға күш салып, кәсіпкерлерді алшақтатып алу қаупі де бар.

«Мемлекеттің қазба байлығын пайдаланып, мелмекеттің көмегі арқылы аяққа тұрған компаниялар тізімі шығуы керек. Сол тізім бойынша әр компанияның мүмкіндігі жеке-жеке есептелуі қажет. Осы тұста бизнесті тұншықтырып тастамау туралы да ойлаған жөн. Бұл өте нәзік дүние. Қорды құру арқылы бизнес өкілдерін шошытып алмау керек. Сондықтан қорда 300 миллиард теңге немесе 500 миллиард теңге болу керек деген талап қоятын болсақ, талапты орындату бойынша кәсіпкерлердің екі аяғын бір етікке тығар болсақ, керісінше табысты компанияларды үркітіп алуымыз мүмкін. Сол үшін мүмкіндігіне қарай әрекет еткеніміз жөн», дейді Бауыржан Ысқақов.

Нақты қаржыны атауға әлі ерте. Себебі тәртіпсіздікке байланысты жұмысы тоқтап тұрған бизнес өкілдері де бар.

«Пандемияға байланысты кей кәсіп өкілі табысының қысқарғаны ескерілгені жөн. Қордың бір мақсаты – күтпеген жағдайдың шығынын өтеу. Қазірге дейін тәртіпсіздік салдарынан бизнеске келген шығын 107 миллиард теңгені көрсетіп тұр десек, мемлекет барлығын қорға түскен қаржыдан қалпына келтіреді деп айта алмаймыз. Бұл жерде мемлекет тікелей жауапкершілігінен қашпайды. Кем дегенде шығынның 40%-і – шамамен 50 миллиард теңге жинағанның өзінде мемлекетке көмек болады және осы соманы жинаған кәсіпорындардың да әлеумет алдындағы жауапкершілігін артады. Демек, қорда 50 миллиард қаржы түссе, қор ретінде жұмыс істей алады» дейді экономист.

Маман елдегі ірі кәсіпорындар салықтан бөлек шамамен табысының 5-10%-ін қорға жыл сайын аударып отыруы қажет деп санайды. Соның арқасында жыл сайын қорда кем дегенде 50 миллиард теңге болады.

Қордағы қаржы қалай бақыланады?

Экономист Мақсат Халық құрылған қор есебінен әлеуметтік және мәдениетегі қордаланған кей мәселе шешімін табатынына сенім білдірді.

«Бұл қор елде болған тәртіпсіздіктерден кейін ел эконмикасына, мемлекеттің бюджетіне орасан зор шығын келтірді. Және мемлекет бюджеті есебінен бұл мәселенің бәрін шешу мүмкін емес. Сондықтан арнайы қор құру мәселесін президент алға тартып отыр. Мұны дұрыс деп есептеймін. Себебі коронавирус пандемиясы басталып, көп азамат үйде отырған кезде «Біргеміз» қоры құрылды. Соның есебінен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 50 мың теңгеден көмек-қолдау көрсетілді. Енді бұл жерде қаржы науқас балалар мен мәдениетке, спортқа бағытталатыны айтылып жатыр және бұл қор осы саладағы біраз мәселені шешеді деп ойлаймын. Бұл қаражат белгілі бір дәрежеде тәртіпсіздіктің салдарын жоюға бағытталуы да мүмкін. Президент қорға еліміздегі ірі компаниялар қаржы аударуы қажет деген тапсырма берді. Бұл жыл сайын тұрақты болуы қажет екенін де айтты. Соған қарап қордың ғұмыры ұзақ болады деп айтуға болады» дейді Мақсат Халық.

Қор халықтың бақылауында болуы керек және мейлінше ашық болуға тиіс. Президент те осыны шегелеп айтты, деп жалғастырды маман.

«Бұған дейін Түркістан облысында Арыс қаласында төтенше жағдай болған кезде қор құрылды. Алайда қор талан-таражға түсті. Тура сол сияқты сипат алмауы үшін барынша ашық болып, халыққа қанша қаражат түскені, қайда жұмсалғаны, қандай мәселені шешуге бағытталғаны көрсетіліп отыруы өте маңызды. Сонда ғана қор ұзақ уақыт жұмыс істейді», дейді ол.

Ең алдымен қор барынша цифрлық сипатта болуы қажет. Арнайы сайт ашылып, ішіндегі ақпаратпен әрбір адам таныса алатындай болады деп ойлаймын. 

«Қанша қаражат жиналуы мүмкін деген сұраққа жауап беру қиын. Алайда мұнда ірі бизнес өкілдері тартылғандықтан, қомақты қаражат жиналуы керек», деп түйіндеді Мақсат Халық.

Жеке тұлғалар қорға қаржы құя ала ма?

Экономистерден келешекте қарапайым қазақстандықтар да қорға қаржы аударуы мүмкін бе деген сауал қойдық.Мақсат Халық бұл нұсқаны да жоққа шығаруға болмайтынын айтты.

«Келешекте қарапайым азаматтар да ауадарым жасауы мүмкін, мұны уақыт көрсетеді. Алайда қазір қорды құрудың негізгі мақсаты – болған жағдайдың шығынын өтеу. Демек, мемлекеттік бюджет есебінен іске аспайтын кей мәселені шешуді мойнына алады» дейді экономист Мақсат Халық.

Ал Бауыржан Ысқақов тек заңды тұлғалар ғана емес, жеке тұлғалар да аударым жасауға ниетті екенін алға тартты.

«Ел ішінде компаниясының атын көрсетпей, қорға ақша аударғысы келетін адамдар болуы мүмкін. Мұндайда азамат өз атынан жеке қаржы аудара алады. Бізде қуаңшылық, су тасқыны секілді табиғи апаттар болған кезде өңірлерде қорлар ашылып жатады. Осының бәрі жинақталып, бір қордың төңірегіне топтасады. Тек кәсіпорындар ғана аударым жасасын деп шектеудің қажеті жоқ. Бірнеше күн бұрын қорға 5 миллион теңге аударғысы келетін азаматтардың бар екенін көріп жатырмыз. Осылай азаматтық позициясын танытып, көмектескісі келетіндер табылады. Бұл да қордың бір тармағы болғаны жөн» деп түйіндеді Ысқақов.
 

Сондай-ақ оқыңыз