Новости

2021 жылы қазақстандықтарға 2,6 трлн-тан астам теңгеге зейнетақы төленді

Биыл зейнеткерлер саны 2 млн 249 мың адамды құрайды

2021 жылы республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 819,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 850,4 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.

2021 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 222,5 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 68,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 154 млрд теңге бағытталды.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 249 мың адамды құрайды.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі – МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.