2022 жылы қаржы нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Жарияланды
Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін 240 млн доллар жұмсаған

2022 жылдың да бір айы аяқталуға таяу. Қаржы сарапшылары 2021 жылды қорытындылап, 2022-ден не күтетінін айта бастады. Жақында Ұлттық банк алдағы жаңа күтулерге байланысты ресми позициясын жария етті. Олардың хабарлауынша, теңге биыл нығая түсуі мүмкін. 

Көпшілікті көп алаңдататын мәселе – теңге жағдайы. Жыл басында болған елдегі күрделі ахуал төл валютаға қысым көрсете ме деген алаң туғаны да белгілі. Осы орайда Ұлттық банк 12 және 13 қаңтарда 240 млн долларға интервенция жүргізіп, теңге курсына қолдау білдірген. 

«2021 жылдың басында вакцинациялау процесінің кеңінен өрістеуін күткен инвесторлардың үміттері, әсіресе дамушы елдердің нарықтарына қатысты үміттері оптимистік сарында болды. Алайда, жылды қорытындылай келе, бұл оптимизм күткенімізді ақтамады деп қорытынды жасауға болады. Монетарлық және фискалдық қолдаудың теңдессіз шаралары әлемдік экономика өсуінің және қаржы нарықтарының серпінін жақсартудың негізгі қозғаушы күштеріне айналды. Сонымен бірге, бұл шаралар бүкіл әлемде тұрақты және жоғары инфляцияның факторларына айналды. Сонымен қатар, коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы, сондай-ақ вакцинацияның баяу қарқыны мәжбүрлі түрде қайталанған локдаундарға және жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуына әкеп соқты, бұл да әлемдік бағаның өсуіне әкеліп, 2021 жылы дамушы елдер активтерінің серпініне теріс әсер етті. Дамушы елдер акцияларының индексі (MSCI EM) дамыған елдер нарығынан біршама арта қала отырып, бір жылда 4,6%-ға төмендеді» деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова. 

ҰБ өкілінің айтуынша, жалпы, 2021 жылы теңге бағамы мұнай бағасының өсуіне қарамастан, 2,6%-ға әлсіреді. Шетел валютасына сұраныстың негізгі өсу себептері ретінде ол мына факторларды атайды. 

1) Негізгі себеп – кейінге қалдырылған сұраныс пен экономикалық белсенділікті қалпына келтіру аясында импорттың өсуі. Валюта нарығына негізгі қысымды тұтыну импорты көрсетеді. Алдын ала деректер бойынша, биылғы жылғы 11 айда тұтыну тауарларының импорты 2 млрд АҚШ долларына немесе 2020 жылғы 11 айға қатысты +22%-ға және 2,4 млрд АҚШ долларына немесе 2019 жылғы пандемияға дейінгі ұқсас кезеңмен салыстырғанда +27%-ға өсті. Аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының импорты ішінара шетелдік инвестициялармен қаржыландырылады. Сондықтан оның валюта нарығына әсері онша маңызды емес.

2) Бұл – ақша базасының өсуі. Ақша базасының кеңеюі тұтынушылық кредиттеу арқылы ақша массасын көбейтеді, нәтижесінде тұтыну тауарлары импортының өсуіне алып келеді. Дағдарысқа қарсы шаралар мен жеңілдікпен кредиттеу бағдарламалары шеңберінде қаражат бөлу аясында ақша базасы 2020 жылдың басынан бастап 11,0 трлн теңгеге дейін 1,6 есе ұлғайды, өсу 4,1 трлн теңгені құрады.

3) Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу жөніндегі бастамасын іске асыру көптеген азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және бұрын алынған ипотекалық кредиттерді өтеуге мүмкіндік берді. Бірақ бұл қаражатты түпкілікті алушылар, яғни құрылыс компаниялары мен жылжымайтын мүлікті сатқан жеке тұлғалар алған қаражатының орта есеппен 40-50%-ын (2,5 – 3 млрд доллар) импорт пен шетел валютасына бағыттағанын атап өткен жөн. Құрылыс компаниялары тарапынан бұл – құрылыс материалдары мен жабдықтарының импорты, ал жеке тұлғалар тарапынан бұл – тұтыну импорты мен шетел валютасын сатып алу.

4) Доллармен салымдар көлемінің өсуі. 2021 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша долларландыру деңгейі іс жүзінде өзгермегеніне және 37,2-37,3% деңгейінде тұрғанына қарамастан, валюталық салымдар көлемінің 1,4 трлн теңгеге өсуі байқалады. Бұл ретте қарастырылып отырған кезеңде айырбастау бағамының әлсіреуіне байланысты бағамдық қайта бағалау шамамен 250 млрд теңгені құрады. Шетел валютасындағы салымдардың нақты өсуі 1,1 трлн теңгені немесе 2,6 млрд АҚШ долларын құрады

5) Дамыған елдерде монетарлық саясатты күшейтудің басталуы, АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуі теңгеге қысым көрсетті. Жоғарыда атап өткендей, ЕМ елдері валюталарының индексі 2021 жылы 9,25%-ке әлсіреді.

2022 жылғы қаңтарда мұнай нарығында бағаның өсуі жалғасты. ОПЕК+ альянсы бұрын келісілген өндіру бойынша тәулігіне +400 мың баррельге ұлғайтуды ұстануға шешім қабылдады. Алайда, инвесторлар өндірістің өсуі алдыңғы айларда квоталарға сәйкес өндірістің өсуіне қол жеткізе алмаған Ливия, Нигерия және Ресей сияқты елдер есебінен бекітілген лимиттерден артта қалады деп күтуде. Осы тұрғыдан баға белгілеулер жоғары деңгейде – бір баррель үшін 84 АҚШ доллары болып тұр.

«СOVID-19-ға байланысты бұдан былайғы жағдай, Федералды резерв жүйесі және басқа орталық банктердің ақша-кредит саясатының бағыты, әлемдегі инфляцияның жеделдеуі сияқты негізгі факторлардың барлығы 2022 жылы нарықтардың серпінін айқындайтын болады. Әлемдік экономиканы қалпына келтіру жалғасуда, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы 2022 жылы жаһандық ІЖӨ-нің 4,5%-ға өсуін күтуде. Ұлттық Банктің желтоқсан айындағы болжамына сәйкес Қазақстан экономикасы осы жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде 3,9-4,2%-ға өседі» дейді. 

Оның сөзінше, валюта нарығымызға тікелей әсер ететін бірінші фактор –мұнай бағасы. 

«Көптеген талдаушылардың пікірінше, мұнай нарығының перспективасы оң болып қалуда – сұраныс та біртіндеп қалпына келуде, бұл байқалып отырған мұнай ұсынысының шамалы ғана тапшылығын ескере отырып, «қара алтын» бағасының өскенін білдіреді. ОПЕК+ елдерінің бұдан кейінгі саясаты және өндіруді ұлғайту қарқыны маңызды рөл атқаратын болады. Алайда, энергия тасымалдаушылар нарығы үшін COVID-19-бен байланысты ахуалдың нашарлауы және Иран мұнайын экспорттауға АҚШ эмбаргосы күшінің жойылуы негізгі тәуекелдер болып қалады. Екіншіден, әлемдік қаржы нарықтарында АҚШ ФРЖ-ның алдағы саясаты негізгі мәселелердің бірі болып қалуда. Бұдан бұрын айтып өткендей, соңғы отырыстан кейін мөлшерлемелерді тез арада арттыру бойынша күтулер айтарлықтай күшейді. Нарық ФРЖ мөлшерлемесінің 2022 жылы үш рет емес, төрт рет көтерілетіні жөніндегі  болжамдарды қарастыруда» дейді Молдабекова. 

Салымдарды долларсыздандыру/долларландыру бойынша бұдан былайғы серпін және төлем балансының жай-күйі теңге үшін айқындаушы ішкі факторлар болмақ дейді ол. 

«Мұнай бағасы ұлғайып, қазақстандық экспорт көлемінің өсуіне ықпал еткеніне қарамастан, импорт та өсуін жалғастырып, теңгеге қысым көрсетуде. Импортқа тәуелділік – халық пен бизнестің долларлануын шектейтін себептердің бірі. Мемлекет басшысы монетарлық саясаттың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударып, орнықты экономикалық өсу үшін валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды рөлін нақты атап өтті. Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен күш-жігері 2022 жылы және орта мерзімді перспективада импортқа тәуелділікті төмендетуге, инфляцияны нысаналы дәліз деңгейіне дейін тұрақтандыруға және төмендетуге бағытталатын болады, бұл валюта нарығындағы теңгерім мен тұрақтылыққа ықпал етеді» дейді ҰБ төрағасының орынбасары. 
 

Сондай-ақ оқыңыз