Сұйытылған газ электронды биржа арқылы саудаланбайтын болды. Министрлік бензин мен газ бағасын ұстап тұру бойынша қандай шешім қабылдады?

Жарияланды
Сұйытылған газ нарығындағы жағдайды бақылау үшін шаралар қабылданды

Энергетика министрлігі қазіргі шекті тарифтер деңгейін ұстап тұру үшін отын бағасының сақталуын және оны тасымалдауды қамтамасыз ету қажет деп мәлімдеді. Соған орай бензин мен дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеуді белгілеу, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданған. 

Дәл қазіргі сәтте мұнай өнімдерінің бағасы мынадай: 
1) АИ-80 маркалы бензин – литріне 89 теңге; 
2) АИ-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге;  
3) АИ-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге; 
4) АИ-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге; 
5) дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – литріне 230-260 теңге. 

Министрлік Еуразиялық Экономикалық Одаққа қатысушы көрші елдермен салыстырғанда бағалардың бірдей болмауына байланысты жанар-жағармай материалдары бағасына бақылау жүргізу бойынша қосымша шаралар ретінде мыналарды ұсынады: 

•    Өздігінен орнатылған бактары бар көліктің кіруіне тыйым салу; 
•    Транзиттік көлікпен тәулігіне 1 реттен артық өтуді шектеу; 
•    Кейбір мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспорттық кеден бажын төлемей темір жол көлігімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу; 
•    Уәкілетті органдар тарапынан шекараларда мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды бақылауды күшейту; 
•    Автожанармай құю станцияларында импорттық отынға сараланған баға белгілеу мүмкіндігі; 
•    Көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынын жеткізу рәсімдерін нақты регламенттеу;
•    Бензин мен дизель отынын қоспағанда, мұнай өнімдері мен жартылай фабрикаттарға экспорттық кедендік бажды мұнайдың экспорттық кедендік бажының деңгейінен төмен емес ұлғайту мүмкіндігін қарастыру.

Сондай-ақ сұйытылған газ нарығындағы жағдайды толық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында мынадай жедел шаралар қабылданды: 

1) 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру бойынша бұйрық, оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс өткізетін болады; 

2) Сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын төмендету жөніндегі бұйрық. 
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі белгілеген сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге арналған шекті бағаларға сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар бүгінгі күні электрондық сауда алаңдарынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған газды жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу бойынша бұйрық әзірленді. Энергетика министрінің айтуынша, бұл түзетулер республика аумағында көтерме және бөлшек саудада өткізу құқығы бар субъектілердің тізбесін кеңейту арқылы елдің ішкі нарығын сұйытылған газбен қамтамасыз етуге бағытталған. 

Қысқа мерзімді шаралар ретінде биылғы қаңтар айының соңына дейін Үкіметке сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектейтін ашықтық қағидаттары мен тетіктерді енгізуді ескере отырып, электрондық сауда алаңы/тауар биржалары арқылы сұйытылған газ сауда-саттығын одан әрі жетілдіру жөнінде кешенді шаралар енгізілетін болады.  Үкіметпен келісілгеннен кейін бұл шаралар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу түрінде ресімделмек. 

«Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне мораторий енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтер деңгейінің сақталуын қамтамасыз ету қажет. Өз кезегінде, станция шығындарының 50 пайыздан астамы отынды – газды, көмірді сатып алуға және оларды тасымалдау қызметтеріне, оның ішінде теміржол арқылы тасымалдау қызметтеріне жұмсалады. Шекті тарифтердің деңгейлерін сақтау үшін отын және оларды тасымалдау бағаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл шаралар келесі күзгі-қысқы кезең үшін жөндеу науқандарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов. 

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» тапсырмасына сәйкес 180 күнге уақытша негізде шекті бағалар белгіленді: Агенттік сұйытылған мұнай газына (автогазға) әкімшілік бірліктердің қашықтығын ескере отырып: батыста – 50 тг, оңтүстікте – 60 тг, солтүстік-шығыста – 60-70 тг бағасын орнатты.  

Агенттік күн сайын сұйытылған мұнай газын өткізу бағаларына мониторинг жүргізеді, уақытша шекті бағадан асып кету фактілері анықталған жағдайда бағаны төмендету қажеттігі туралы нұсқама жібереді, орындалмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушық кодексінің 162-бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады.

«Өз кезегінде, баға ауытқулары мен экономикадағы қолайсыз үрдістер жағдайында Агенттік уақытша шара ретінде жекелеген тауар нарықтарында мемлекеттік баға реттеуді белгілеуге құқылы және дайын. Сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп газ өндірушілермен ескі және жаңа көтерме баға арасындағы айырмашылықты бөлшек газ сатушыларға өтеу туралы келісімге қол жеткізілді. Бас прокуратурамен бірлесіп 6 көтерме сұйытылған газ сатушысына және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу нарығының 180 субъектісіне қатысты тергеп-тексерулер тағайындалды» деді Жұманғарин. 

Баға өсуінің негізгі себебі электрондық сауда алаңындағы баға белгілеу механизмінің жетілмегені екенін алдын-ала тергеп-тексеру нәтижесі көрсеткен. Осыған байланысты, өткен жылы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңнамаға өзгерістер енгізілді және Мемлекет басшысы 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметі, биржалық сауданы дамыту және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды және осы жылдың өзінде сұйытылған мұнай газын өткізу тауар биржаларына ауысады және тұрақты бақылауда болады. 

Хабарламаны орындамау фактісі бойынша «ЕТС тауар биржасы» АҚ сауда алаңын ұйымдастырушысына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз