Жаңалықтар

Алматыдағы бүлік кезінде қираған мейрамханалар қалпына келтіріліп жатқан жоқ– ҚР рестораторлар клубы қауымдастығы

Нақты шығынды анықтайтын комиссия қашан жұмысқа кірісетіні белгісіз

Алматыда қаңтардың басында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 250-ге жуық нысанға залал келген. Қала әкімдігі оның ішінде 27 мемлекеттік нысан мен 216 шағын және орта бизнес нысаны бар екенін мәлімдеді. Бұл – өрт болған, қиратылған жерлер, кейбірі есік-терезесін ауыстыруды қажет етеді. Бүлікшілер қоғамдық тамақтану орындарына да залал келтірген. Әсіресе Сәтбаев көшесі бойындағы мейрамханаларға көп шығын келді. Енді бизнес иесі кем дегенде мейрамхананың қабырғасын қайта тұрғызып, жиһаз және ас үйдің құрал-сайманын қайта қалпына келтіруге көмек көрсетілсе деген тілек білдіріп отыр. Мұны Kursiv.kz тілшісіне ҚР рестораторлар клубы қауымдастығының төрағасы Гүлнар Қатибаева мәлімдеді.

12f19d2b-5c6f-489f-a1e9-b937707f9a7f.jpg

– Гүлнар Нұрғанатқызы, Алматыда болған тәртіпсіздіктер қоғамдық тамақтану орындарындағы жұмыс пен табысқа қалай әсер етті?

– Қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде мейрамхана және жалпы қоғамдық тамақтану орындарының иелері жұмысты тоқтатып, нысанды уақытша жапты. Барлық жер жабық болды, соған сәйкес тамақтану орындары иелері шығынға батты. Алайда бұл уақытта ешкім нысанды жалға алу ақысын, коммуналдық қызмет ақысын төлеуді, қызметкерлерге жалақы беруді қысқартқан жоқ. Мейрамхана иесі қайтадан оның бәрін өзі төлеуі керек болады. Оларға ешкім «Алматыда тәртіпсіздік болып жатыр. Сендер де нысанды жалға алу ақысы мен коммуналдық қызмет ақысын бермей-ақ қойыңдар» деп айтпайды. Және сол уақыттағы шығынды ешкім өтеп бермейді. Демек, жұмыстың уақытша тоқтауы кәсіп иелерінің қалтасына салмақ түсірді.

– Алматыда тәртіпсіздіктерден кейінгі жалпы шығын 112,6 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріне келтірілген залал – 1,8 млрд теңге. Қандай нысандар көп зардап шекті? 

– Алматыда Сәтбаев көшесінде орналасқан тамақтану орындары ең көп залал келген. Leo’s Cafe&Terrace, Одесса рЭсторан, Пекинская утка секілді мейрамханалар бүлінді. Ішінде ең көп залал келген – Leo’s Cafe&Terrace. Ол жердің жертөлесін түгел өртеп жіберген. Ештеңе қалған жоқ. Одесса рЭсторан да дәл солай. Қалған нысандарды өртемесе де, қиратып кеткен. Өртенген екі нысанның әрқайсының шығыны 240 миллион теңге деп бағаланып отыр. 

– Залал келген мейрамханалар мен тамақтану орындарын қалпына келтіру жұмыстары басталды ма?

Қазір қалада бүлінген, қираған тамақтану орындары қалпына келтіріліп жатқан жоқ. Ешкім ештеңеге тиісіп жатқан жоқ. Дизайнер, жиһазды саралайтын мамандар ғана келіп жүр. Қазір қарап жатыр. Барлығы комиссияны күтіп отыр, алайда оның қашан жұмысқа кірісетіні әлі белгісіз.

– Мейрамхана иелері шығынды өтеуге қатысты қандай ойда?

– Дәмхана иелері тым болмаса тамақтану орнының қабырғасын қайта тұрғызып берсе деген тілек айтып отыр. Сондай-ақ жиһаз мен ас үйдегі құрал-сайманды ғана айтып отыр. Ал ұрланған ыдыс-аяқ, тауарлар туралы әңгіме қозғап отырған жоқ. Тамақтану орны иелерінің басты мәселесі – нысанның жалға алу ақысын төлеу. Олардың орнына ешкім оны төлеп бермейді. Себебі сол нысанның меншік иесінің де ай сайын төленуі керек несиесі болуы мүмкін. Яғни, қаласа да, қаламаса да ақша төлеуі қажет.  

– Болған оқиғалардан кейін қоғамдық тамақтану орынары қалай жұмыс істеуі керек? Қауіпсіздікті күшейте ме?

 –Тәртіпсіздіктерден кейін барлығы қауіпсіздікті күшейтеді. Күзетшілер енді резеңке таяқ немесе резеңке оғы бар қару ұстап де тұруы мүмкін. Себебі күзетсіз жұмыс істеу енді мүмкін емес, бұл өте қауіпті.

– Алматыда жаңа жылдан бері коронавирустың «омикрон» штамы қарқынды тарап жатыр. Бұл дәмаханалар жұмысына қатты әсер ете ме?

– «Омикрон» штамына байланысты дәмханаға келетін қонақтардың санын азайтамыз. Жұмыс уақыты да қысқарады. Соған байланысты табысымыздан айырыламыз. Бұл қалыпты жағдайға айналды. «Дельта», «дельта+», «омикрон» болса да, ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. 
Кезекті пандемия толқынына мейрамхана, дәмхананың бір бөлігі шыдайды, бірқатарына қиын болады. Қандай жағдай болса да әлсіздер қатардан шығып қалады. Қаржылық, моральдық және физикалық жақтан мықты кәсіпкерлер, жұмысын жалғастыра береді. 

Ал коронавирусты тұмау ретінде мойындап, қалыпты өмірге оралсақ, мейрамханалар да қалыпты режимде жұмыс істейді.