Елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне және азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларына қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері мәлімдеме жасады. Онда әрбір зардап шеккен азаматқа міндетті түрде қолдау көрсетілетіні, өртеніп кеткен көліктердің де өтемі қайтарылатыны айтылды.
Төтенше жағдайды енгізу салдарынан көптеген кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар коммерциялық қызмет пен жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды, бұл кірістердің төмендеуіне әкелді. Сонымен қатар, көптеген микро және шағын бизнес субъектілері айтарлықтай материалдық шығынға ұшырады. Қазір бүлінген мүлікті жөндеуге және бизнестің қалыпты режимін қалпына келтіруге уақыт қажет. Осыған байланысты қаңтар айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дереу банктермен және микроқаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізді және барлық кредиторлар үшін қарыздар мен микрокредиттердің барлық түрлері бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынудың бірыңғай тәртібін қабылдады.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, несие төлемін кейінге қалдыру барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғаларға төтенше жағдай енгізілген күннен бастап 3 айға беріледі.
«Қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге қалдыру кезеңінде барлық банктер мен МҚҰ тұрақсыздық айыбы, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептемейді, сондай-ақ мерзімі өткен пайыздық сыйақыны капиталдандыруға жол берілмейді. Бұдан басқа, кредиттерді өтеу мерзімін өткізіп алуға жол берілген және мерзімін кейінге қалдыру қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлатуға және ол туралы кредиттік бюроға теріс ақпарат беруге негіз болып табылмайды. Кейінге қалдыруды алу үшін қарыз алушы кез келген қолжетімді байланыс тәсілімен немесе кредитордың бөлімшесіне жеке бару арқылы еркін нысанда өтініш жазуы қажет. Бұл 2020-2021 жылдары пандемия кезеңінде берілген кейінге қалдыру үшін қолданылған өте қолайлы тәртіп. Осы кезеңде 2 млн-нан астам азаматтың немесе қарыз алушы жеке тұлғалардың 33,8%-ы кейінге қалдырылған төлемдер бойынша жалпы, 270 млрд теңгеден астам соманы төлеуді кейінге қалдырды. Барлық зардап шеккен қарыз алушыларға кредиторға жүгінуге жеткілікті уақыт берілді – өтініш 3 ай ішінде, яғни ағымдағы жылдың 5 сәуіріне дейін берілуі мүмкін. Бұл ретте, өтініш берілген күнге қарамастан, кредит бойынша кейінге қалдыру төтенше жағдай енгізілген күннен бастап ұсынылатын болады» деп хабарлады спикер.
Сондай-ақ, ол тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендерге өз бизнесін толық қалпына келтіру үшін көп уақыт кететінін айтты. Сондықтан, несие беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша төлемдерді кейінге қалдырудың 3 айдан артық мерзімі белгіленуі мүмкін.
Қарыз алушылар үшін маңызды мәселе – төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін несиені өтеу тәртібі. Қарыз алушының таңдауына кейінге қалдырылған төлемдерді өтеудің 2 балама жолы ұсынылады
«Несиені өтеу мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қалдырылған төлемдерді біркелкі бөлу түрінде; немесе кредит бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін сақтау үшін қарыз мерзімін ұлғайту. Кредиттік ұйымның қарыз алушымен келісімі бойынша өзге кесте белгіленуі мүмкін. Несиені кейінге қалдыруға байланысты несие алушылардың құқықтарын қорғау бойынша 2 маңызды шарт қарастырылған: кредиттік ұйымдар қарыз алушылардан кредит бойынша кейінге қалдырған операциялар, өтініштер бойынша ешқандай комиссиялар мен өзге төлемдер алмайды; қарыз алушылардың талап ету жұмыстарын, оның ішінде мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарламалар жібермейді» деп атап өтті ведомство өкілі.
Ол ТЖ енгізілгеннен бастап агенттік банктер мен МҚҰ-ның жеке және заңды тұлғаларға мерзімін ұзартуды ұсыну бойынша олар үшін белгіленген талаптарды сақтауына күшейтілген бақылау жүргізетінін атап өтті.
Кредитор негізсіз бас тартқан жағдайда, қарыз алушылар агенттікке жүгінуге құқылы. Әрбір өтініш бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін дереу қадағалау ден қою шаралары қабылданады.
Ведомствоның колл-орталығына жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін, +7(7272) 371 000 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Сонымен қатар сақтандыру компанияларына да қатысты шағым көп. Олар саяси процестер құзыретімізге жатпайды деп төлем жасаудан бас тартып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оларға әсер ете ала ма?
«Сақтандыру компанияларын қадағалау, бақылау агенттіктің құзыретіне жатады. Егер сақтандыру ұйымдары өтініштерін қанағаттандырмаған азаматтардың шағымдары болса, олар бізге хабарласа алады. Орталық кеңсе Алматыда орналасқан, өңірлік өкілдер басқармасы әр облыс орталықтарында бар. Біз өтінішті қарап, қажет болса, құжаттамалық тексеру жүргізіп, кейіннен қорытынды жауабын шағым берушіге жауап ретінде ұсынамыз» деді агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ернар Оразбаев.
Компаниялар сақтандырылған автомобильдерге төлем жасаудан бас тарта алмайды. Алдын ала деректер бойынша төтенше жағдай кезінде несиеге рәсімделген бірнеше көлік жанып кеткен. Өз кезегінде Александр Терентьев несиеге сатып алынған барлық автокөліктердің сақтандырылғанын жеткізді.
«Әрбір шартты жеке қарауымыз керек. Қандай ерекшеліктер, төлем жасау үшін қандай негіздер бар. Сондықтан агенттік сақтандыру компанияларымен бірлесіп, жасалған және сақтандыру жағдайы басталған барлық сақтандыру полюстері бойынша төлем жасау жүзеге асырылуы үшін толық шаралар қолданатынын атап өтеміз. Төлем жасалмаған жағдайда, сақтандырылған тұлға сақтандыру омбудсменіне, сондай-ақ агенттікке жүгіне алады» деді.
Оның айтуынша, әр жағдай жеке қарастырылады. Осы орайда тәртіпсіздігімен көзге түскен азаматтарға мемлекет тарапынан бір тиын қолдау көрсетілмейтінін де атап өту керек.
«Несиені кешіру немесе қосымша көмек көрсету бойынша барлық мәселелер жеке-жеке жүзеге асырылатын болады. Егер адам белсенді қатысып, құқық қорғау органдарымен және сотпен бұл тәртіпсіздіктерге кінәлі деп табылса, онда оған қолдау шаралары көрсетілмейді. Біз әскери қызметшілер мен ІІМ қызметкерлерінің тізімін пысықтадық, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен заңсыз іс-әрекеттерге қатыспаған азаматтық тұлғалар бойынша тізімдерді пысықтап жатырмыз. Олар бойынша әскери қызметшілер мен ішкі істер қызметкерлері үшін көзделген іс-шаралар жүргізіледі» деді ведомство өкілі.