Техникалық байқау: қазақстандық автожүргізушілер 2022 жылы нені ескеруі керек?
Жол-көлік оқиғасын алдын-алу үшін автокөлікті техникалық байқаудан өткізіп тұру керек. Барлық бөлігі мен қосымша жабдықтары түгел қаралатындықтан, осы байқау кезінде қандай да бір ақау болса, дер кезінде ауыстырып не жөндеу керек. Елімізде міндетті қауіпсіздік стандарттары бар. Ал тексерілетін машинаның барлық элементі соған сәйкес келуі міндетті. Егер техникалық байқаудан сәтті өтсе, ол көлікпен жүруге рұқсат беріледі. Былтыр қарашада аталған процедураға біршама өзгеріс енгізілді. Ендеше, 2022 жылы көлік тізгіндеушілер не ескеруі керек, не білуі керек — сол туралы түсіндіреміз.
Тіркеуге баса мән беріледі
Осы кезге дейін техникалық байқау кезінде салықтардың толық төленуі, сақтандыру полисі мен техникалық төлқұжаттың болуына баса мән беріліп келді. Ал енді осы жылдан бастап автокөліктің тіркелуіне ден қойылатын болды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 18.11.2021 күнгі № 600 бұйрығына сәйкес, техникалық байқаудан өту үшін қазақстандықтар автокөліктің өзін апарып, оған қоса көлік құралының тіркелгенін растайтын құжат көрсетуі керек болады.
Мұндай өзгеріске не түрткі болды? Өзге елдерден ұрланған көліктер шамадан тыс көбейіп кетті. Мысалы 2021 жылдың қараша айында ұзын саны 231 көлік Қазақстанға осылай әкелінген. Ол автомобильдер ТМД-ның басқа елдерінде айдап әкетілген көліктердің тізімінде бар болып шыққан. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында Ресейдің тіркеуінде есепте тұрған 210 мыңнан астам көлік бар.
Осы ретте машина аларда есте ұстау керек қағидалар бар. Алаяққа тап болып қалмас үшін нені білуі керек? Сатып алушыларды алдап кететін белгілі схемалар туралы айта кетсек. Мәселен, Ресейден көлікті кредитке не лизингке алады. Ал құжаттарды жалған адамның атына рәсімдейді. Сөйтіп көлікті елге айдап әкеледі. Шекарадан өту де қиын емес. Себебі кредитке алынғандықтан, ол еш жерде ұрланған есепте тұрмайды. Оны Қазақстанға әкеліп, дереу сатып жіберсе, ресми түрде рәсімдейді. Содан кредитті төлейтін күн жеткенде несие беруші әлгі адамды іздей бастайды. Ол жалған құжатпен алынғаны белгілі болғасын автокөлікті іздеуге жібереді. Осылайша екі ортада өз ақшасына адалынан сатып алған адамның басы бәлеге қалуы мүмкін. Келесі бір тәсіл алдыңғы схемаға ұқсас. Алаяқтар автомобильді ұзақ мерзімге жалға алады да, Қазақстанға сатып жібереді. Арзандау баға ұсынатындықтан, көлік демде өтіп кетеді. Ақыр аяғында жалға беруші әлгі кредиторлар секілді іздеуге жіберіп, құқыққорғау органдарына хабарласады.
Шетелдік көлік аларда есте ұстаңыз
Ал енді мұндай келеңсіздікке тап болмас үшін шетелдік автокөліктерді аларда рәсімдеудің дұрыс жасалғанына мән беру керек. Ол дегеніміз ең алдымен, шетелдік құзіретті органнан автокөлікті ресми түрде шығартып, тексеріс жасату керек. Одан соң Қазақстанға тіркету қажет. Қазіргі таңда басқа елде тіркеуде тұрған машиналар елде жүре алады. Бірақ жылына бір рет елден шығып, бір айдай уақытта мемлекеттік тіркеу жасалған елдің техникалық байқауынан өтуі керек.
Бағасы және айыппұл көлемі
Техникалық байқауға оралсақ. Ол жердегі операторлар көлікті тіркеу туралы куәлікте көрсетілген нөмір ауыстырылған болса, автокөлікті тексеріске әкелгенде нөмірсіз немесе техпаспоттағыдан басқа нөмірмен әкелсе, машинаны заңсыз қайта жабдықтаған болса бірден полицияға хабарлауға тиіс. Егер аталған фактіні жасырып қалғаны анықталса, 91 890 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2022 жылдың мөлшері бойынша 30 АЕК. Сонымен бірге техникалық байқау өткізетін станцияны да реестрден үш жылға дейінгі мерзімге шығарып тастауы да мүмкін.
Заң бойынша, жаңа көліктер, яки жеті жылға дейінгілер техникалық байқаудан өтуге міндеттелмейді. Ал одан асқандары жылына бір өтуі керек. Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын автокөліктер алты ай сайын өтуге тиіс. Бағасына келсек, техникалық байқау өткізетін станция мен машинаның қозғалтқышының көлеміне байланысты белгіленеді. 3 литрге дейінгілері орта есеппен 3000 – 3500 теңге төлесе, одан көбірек көлемі бар көліктер 6000 теңгеге дейін төлейді. Техникалық байқаудан өткеннен кейін диагностикалық карта беріледі. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін тұстары табылса, ақаулары тізіліп көрсетіледі. Соған сәйкес жөндеп, қайта техникалық байқаудан өтуі керек болады.
Егер техникалық байқаудан біріншісінде өте алмаған болса, қайтара тексеріс жүргізгенде бұрын табылған ақауларды тексергені үшін ғана ақы төлейді. Басты шарт — бұрынғы өткен жерінен өтуі керек. Жаңа жерге барса, сәйкесінше, толық соманы өтеуге тиіс. Техникалық байқаудан өтпеген болса, 5 АЕК немесе 15 315 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде әлі де өтпеген болса, айыппұл көлемі 20 АЕК немесе 61 260 теңгеге өседі.