Новости

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,25%-ға дейін көтерді

2021 жылды қазанынан бері ол 9,75 пайыз еді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 10,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 11,25%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 9,25% болады, деп хабарлады ҰБ баспасөз қызметі. 

«Шешім инфляциялық күтулерді төмендету және инфляцияның 2022 жылдың соңына қарай белгіленген 4-6% нысаналы дәлізге кіру қажеттілігі ескеріле отырып қабылданды. Әлем экономикаларының көпшілігінде, оның ішінде Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінде инфляцияның жоғары деңгейде болуы жалғасуда. Соңғы айларда дезинфляциялық процестердің болуына қарамастан, ішкі конъюнктура сұраныс тарапынан, сол сияқты ұсыныс тарапынан да инфляцияға қарсы елеулі тәуекелдердің болуымен сипатталады» делінген хабарламада. 

Әлемдегі ең ірі экономикалардағы және негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция әлі де жоғары деңгейде. АҚШ-та инфляция 1982 жылдан бастап алғаш рет 7,0%-ға дейін көтерілді. 2021 жылғы желтоқсанда ЕО-да тұтынушылық инфляция 5,3%-ға дейін, Германияда – 1992 жылдан бастап алғаш рет 5,7%-ға дейін өсті. Қытайда бағаның өсуі 2021 жылғы қарашада 15 айлық ең жоғарғы көрсеткішке жетті (2,3%), содан кейін 2021 жылғы желтоқсанда 1,5%-ға дейін төмендеді. Ресейде инфляция 2021 жылғы желтоқсанда бұрынғы жоғары – 8,4% деңгейінде қалды.

Қазақстанда 2021 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция 8,4%-ға дейін төмендеді. Инфляцияға қарсы ден қою шараларын іске асыру жағдайында бағаның айлық өсу қарқыны 2021 жылғы қараша-желтоқсанда орташа деңгейден төмен болды.

Әлемдік экономикадағы ахуалдың дамуын және Қазақстандағы қазіргі ішкі факторларды ескере отырып, жаңартылған болжамға сәйкес Ұлттық Банк 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның 6-6,5% деңгейіне дейін одан әрі баяулауын күтуде. Бұл ретте, биылғы жылғы қаңтардың басында Қазақстанда болған қайғылы оқиғаларға және 2021 жылдың 1-жартысындағы салыстырмалы түрде төмен базаға байланысты инфляциялық процестердің өсуі ықтимал, оның негізгі қысымы биылғы жылғы 1-тоқсанға келеді. Биылғы жылғы 2-жарты жылдықта ӘМАТ, ЖЖМ және коммуналдық қызметтер бағасын уақытша реттеу шараларының қолданылу мерзімі (180 күн) өткеннен кейін инфляцияның жылдамдау тәуекелі ұлғаяуы мүмкін.

Тәуекелдердің қазіргі теңгерімі, азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөліктің жеделдеуіне байланысты 2021 жылдың соңында инфляция баяулауының тұрақсыздығы, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы негізінде Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын күшейтуді жалғастыруда. Үкімет әзірлеп жатқан Инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешенін тиімді іске асырумен бірге Ұлттық Банктің дезинфляциялық ақша-кредит саясаты 2022 жылға белгіленген 4-6% мақсатқа сәйкес инфляцияны төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 9 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.