Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елімізде қайтадан 4 пайыздық ставкамен автонесие беру бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Ведомство утилизациялық алымнан жиналған ақшаны жеңілдетілген автонесиеге бағыттауды дұрыс деп санайды.
Министрліктің хабарлауынша, импорттаушылар мен автоөндірушілерден жиналған 220 млрд теңгені жылдық 4 пайыздық ставкамен алғашқы жарнасыз жеңілдетілген несие етіп ұсыну қажет. Қазақстан азаматтарын қолжетімді автомобильмен қамтамасыз ету Президент жүктеген басты міндет саналады, сондықтан билік 2015-2018 жылдары белсенді түрде жүргізілген жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын қайта жандандыруды қарастырып отыр дейді вице-министр Марат Қарабаев.
«Аталған бағдарлама бойынша жаңадан қаржы бөлінген жоқ, ал бар қаражат айналымда жүр. Ол жеткіліксіз. Бұл ретте «РОП Операторының» шотында жинақталған қаражатты 4 пайыздық автонесие аясында бөлу қарастырылады. Егер бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 20 пайыз мөлшерінде алғашқы жарна құю керек болса, енді қазір алғашқы жарнаны да жоюды талқылап жатырмыз» дейді Қарабаев.
Бұған дейін мемлекет «РОП Операторының» шотында 220 млрд теңге жиналғанын мәлімдеген еді. Жалпы, РОП өз қызметін бастағалы бері бес жыл ішінде шотына 692 млрд теңге келіп түссе, соның 339 миллиарды отандық өндірушілерге қайтарылған. Қазіргі таңда Экология министрлігінің бастамашы болуымен жұмыс тобы құрылып, жаңа утилизациялық алымның ставкаларын қарастырып жатыр.
«Біз секторлар бойынша бастап кеттік. Кабелді-проводтық өнімдер – жеке, автокөлік өнеркәсібі – өз алдына, ауыл шаруашылығы – өз алдына дегендей. Кейбір категориялар бойынша алымды 20 пайызға, Қазақстанда өндірілмейтін категориялар бойынша 30-40 пайызға төмендету қарастырылып жатыр. Мұның бәрі әлі талқылануда» деп түсіндірді вице-министр.
Ел тұрғындары мемлекеттің мұндай бастамаларына көңіл толмаушылық білдіруде. Өз ақшамызды өзімізге несие қылып бермекші деп, жеңілдетілген несиелеу ұсынысына қарсылық танытып жатыр. Олар утилизациялық алым түбегейлі жойылуы керек, немесе дамыған елдердегі тарифпен сәйкестеніп, максимум 100 мың теңге шегінде болуы қажет деген талап қояды.
«Біз утильалым еуропалық стандарт бойынша 200 еуродан аспауы керек деп санаймыз. 100 мың теңге – автомобиль утилизациясын жүзеге асыру үшін жеке бизнес бере алатын баға. Қазір қозғалтқыш көлемі 1,6 литр болатын көліктердің утиль алымы 1 млн теңгеден асады, көлемі 3 литрден асатын көліктерге салынатын алым – 3,5 млн теңге. Президенттің тапсырмасына орай, көлікті бастапқы тіркеу көлемін қысқарту мәселесін назардан тыс қалдырмау керек. Шыққанына үш жылдан асатын көліктер үшін ол 1,5 млн теңгені құрайды. Сонда утильалым мен бастапқы тіркеуді қоса алғанда бірнеше миллион теңге шығын шығып кетеді. Дәл қазір олардың мөлшерін: утильалымды – 100 мың теңге, бастапқы тіркеуді бірнеше 10 мың теңге көлемінде ғана бекіту маңызды. Сонда үш жылдық аз көлемді көліктің құны 2 млн теңгеге дейін азаяды. Ондай жағдайда өзге елдерден (ЕАЭО елдері емес) көлік алып келу әлдеқайда тиімді болар еді» деп жазады #НЕТУТИЛЬСБОРУ тобы.
Осы ретте Владимир Ким есімді желі қолданушысы Грузия тәжірибесін мысалға келтіреді. Оның айтуынша, гүржі елінде жаңа автокөлік тапшылығы жоқ, кез келген адам қалаған елінен көлік алып келе алады. Оны шекарадан кірген бетте утильалым, бастапқы тіркеу, техрегламент секілді барьерлер күтіп тұрмайды.
«Тбилисидегі көліктердің бәрі керемет деп айтпаймын. Косметикалық тұрғыда салым қажет ететіндері баршылық. Соған қарамастан олар ең бастысы жүріп тұр және экологияға залал келтірмейді. Олар да «утильалым» деген сөзді біледі, бірақ оның мөлшерін көбі білмейді де. Автотранспорт бағасы біздегіден әлдеқайда арзан. Көбі B, C, D класты көліктер мінеді. Жергілікті автопром жоқ болғандықтан, утильалым лоббистері де жоқ. Утильалым болмаса көше ескі-құсқы көліктерге толып кетеді деген қорқыныштың Грузияға қарап бекер екенін байқайсың» деп жазады ол.
Қазір елімізде «РОП Операторының» қызметі тоқтатылғаны белгілі. Оның барлық өкілеттілігі «Жасыл Даму» АҚ-ға берілді. Мемлекеттік оператор утильалым жинауды 24 қаңтарда бастап та кетті. Қазірше алымның бұрынғы мөлшері сақталады.
Төлем ұйымның жаңа банк реквизиттері арқылы қабылданады.
Қазірше автокөлік, ауылшаруашылық техникасы және автокомпонент үшін бұрынғы бағам бойынша утильдік алым жиналады. Оның жаңа мөлшерін қазір жұмыс тобы талқылап жатыр, нәтижесі ақпанда белгілі болады.
Экология министрлігі мамандандырылған ХҚКО-да көлікті тіркеуге қоярда утилизациялық алымның төленгенін қалай анықтайтынын айтқан жоқ. Бұрын орталық мамандары «ӨКМ операторының» деректер базасынан тексеретін.
«Азаматтарға арналған үкімет» мамандары база «Жасыл Дамудың» деректер базасымен әлі сәйкестенбегенін хабарлады. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр, бірақ утильдік алымның төленгенін ақпанға дейін тексеру мүмкін емес. Сондықтан әзірше жаңа жыл алдында алым сомасы төленген машиналар ғана бастапқы есепке қойылады.
Қазір біздің елде жеңіл автокөліктерге салынатын утилизациялық алым мөлшері 459 450 теңгеден 3 522 450 теңге аралығында. Мұндай төлем түрінен тек электромобилдер ғана босатылған.