Новости

Қазақстанның батыс өңірін дамытуға 15,3 трлн теңге жұмсалмақ

Оның 1,7 трлн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді

Еліміздің батыс өңірі: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын 2025 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытуға 15,3 трлн теңге жұмсалмақ. Оның 1,7 трлн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Президент тапсырмасын орындау үшін  ҰЭМ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын 2022-2025 жылдары кешенді дамыту жоспарын әзірлеген. Сондай-ақ  Атырау және Маңғыстау облыстарын 2021-2025 жылдары кешенді дамыту жоспары өзектендірілді.

«Батыс өңірлерін дамыту кешенді жоспарын қаржыландыру көлемі  – 15,3 трлн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,7 трлн теңге бөлінеді» деді Қуантыров.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделген. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады. Көптеген кәсіпорындар экспортқа бағдарланады. 

Аймақта «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желі салу жоспарланған. 

«Денсаулық сақтау мен білім беру саласы қызметінің  қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылатын болады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, оңалту орталығы салынады. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарланған» деді Ұлттық экономика министрі. 

Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспары аясында өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын, салу  «Ростоши-Тайпақ» газ құбырын реконструкциялау, сондай-ақ автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарланған. 

Ал Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн. теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады. Жоспар шеңберінде ауданы 400 га индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген. 2 емхана мен психикалық денсаулық орталығы, оңалту орталығы, 48 мектеп мектеп салынып, 640 км жол жөнделіп, 13 елдімекенге газ бен су жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек, Жайық және Орал өзендері жағалауы нығайтылып, қорғау бөгеттерін күрделі жөндеуден өтеді. 

Маңғыстау облысын дамыту өзектілендірілген кешенді жоспары аясында «Дунга» кен орнын игерудің 3-фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу  жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығы дамитын болады.